Басты жаңалықтар

Құрметті жерлестер!

Халқымызда «Ауылына қарап, азаматын таны» деген жақсы сөз бар. Міне, біз өткен аптадан бері қаламызды тазартып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып жалпықалалықтық сенбілікке қатысып жатырмыз.

Тазалық – тазалаған жерде ғана емес, айналаны таза ұстаған кезде ғана болады. Ауламыз таза болса ой-санамыз да тазарады, бойымыз сергіп, көңіліміз көтеріледі. Сүйікті қаламыздың тазалығы — баршамызға ортақ іс. Ол — жас буынға үлгі-өнеге, сырттан келген қонақтар үшін тұрғындарымыздың абыройы.

Өскелең ұрпақты жан жағын таза ұстап, шашпауға шақыру аға буын мен әрбір азаматтың борышы.

Сондықтан бұл игі іске әрқайсымыз өзіндік үлесімізді қосуымыз қажет. Бір аптадан бері қаладағы ірі өндірістік кәсіпорындары, денсаулық сақтау, білім беру мекемелері, бизнес өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, жеке секторлардың мамандары, жігерлі жастарымыз белсенді түрде сенбілікке үлестерін қосып жатыр. Қала тазалығына немқұрайлы қарамайтынын, ортақ іске жаны ашитынын көрсеткен азаматтардың әр қайсына жеке-жеке үлкен алғысымды білдіремін.

Бүгін облыс жастарымен, волонтерлармен және студенттермен бірге өзім де сенбілікке қатыстым. Бойында күш-қуаты, жүрегінде жігері мен қайраты қатар тулаған жастар бір мезетте алаңды тап-таза етті.

Қаланы біркісідей-ақ тазартып жатырмыз. Десе де ең бірінші адамға сана тазалығы керек. Сана таза болса, қала таза болады.

Тазалық бар жерде құт болады. Ал шашылып жатқан жерде ешқандай ырыс болмайды. Сондықтан облыстың әрбір тұрғыны туған өлкенің тазалығына үлес қосайық! Дегенмен тазалық жұмыстары тек акция аясында ғана шектеліп қалмауға тиіс. Ол — әр адамның өзінен басталуы керек. Сонда ғана біз діттеген мақсатымызға жете аламыз.

Екі айлық сенбілік қарашаға дейін жалғасады. Сондықтан баршамыз айналамызға тазалық жұмыстарын жүргізейік!

Құтты мекеніміздің гүлденуі, қаламыздың өсіп-өркендеуі жолында баршаңызды бір адамдай жұмыла атсалысуға шақырамын.

Арайлы Ақтөбеміздің тазалығы мен жарқын келешегі өз қолымызда!

Ералы Тоғжанов,
Ақтөбе облысының әкімі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button