Білім

Ақтөбеде Америка университетінің филиалы ашылады

Жоғары білім

Мемлекетбасшысының тапсырмасы бойынша елімізде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу ісі қолға алына бастады. Осы бағыттағы жұмыс С.Бәйішев университетінде  де  іске асып жатыр.

Жаңа экономиканы құру үшін жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру еліміздің ғылым-білім саласының басты бағыттарының бірі екендігі айқын.

Осыған орай С.Бәйішев университетінде Америка Құрама Штаттарының Солтүстік Аризона университетінің филиалын ашуға байланысты келіссөздер жүргізіліп, екі университет арасында меморандумға қол қойылып, тиісті жұмыстар қолға алынуда.

— Америкалық университеттің филиалын ашу бойынша екінші рет дөңгелек үстел өткізіп жатырмыз. Қаламыздың дамуына үлкен үлес қосып жүрген азаматтарды шақырып, пікірін тыңдадық. Шара барысында өңірдің дамуының мүмкіндігін, алдағы жоспарларды, қиындықтардың алдын алу бойынша сұрақтарды талқыладық. Ендігі кездесулерде қаламызда Америка университетінің филиалын ашу мүмкіндігіне ие боламыз деп ойлаймын. Филиал ашылса, жастарымызға әлемдік деңгейдегі университетте білім беру мүмкіндігі туар еді, — дейді С.Бәйішев университетінің ректоры Бауыржан Ғалиханұлы.

Аталған шараның қонағы Америка Құрама Штаттарының Солтүстік Аризона университетінің өкілі Лариса Бренер:

— Өткен жолы маусым айының басында Бауыржан Ғалиханұлымен филиал ашу туралы келіссөздер жүргізілді. Осы уақытқа дейін екі университет арасында халықаралық іс-шаралар, ортақ бағдарламалар болды. Ендігі кезекте еңбек нарығында бәсекеге қабілетті жастарды даярлауға өз үлесімізді қосамыз деп ойлаймын. Біздің филиалдың оқуын аяқтаған студент Америка университетінің дипломын алады және Америкаға барып тәжірибе алмасуға болатындай жағдай жасаймыз. Әрине, барлығы — жастардың қолында,— дейді ол.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының 5 филиалын ашуды тапсырған еді. Оның екеуі Батыс Қазақстанда болуы керегін айтты. Одан бөлек Атырауда Губкин университетінің филиалын ашу жоспарланып отыр.

 Н.АРМАНҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button