Мәдениет

«Күй күмбірі»

Ермекбай Беркінбаев жүлдесіне арналған күй байқауы биыл үшінші рет өткізіледі

Негізгі мамандығы бойынша ұзақ жыл құқық қорғау саласында қызмет еткен Ермекбай Беркінбаев есімі ауызға алынғанда оның өнерге құштарлығы, музыкадағы ерекше дарыны да сөз арнасынан тыс қалмайды.

Хромтау өңірінде бүгінде өткізілуі дәстүрге айналған «Күй күмбірі» сайысы әуесқой күйші Ермекбай Қалжанұлын еске алуға арналады.

Ермекбай Беркінбаев Тәжікстанның Ходжент қаласында 1950 жылы 19 тамызда дүниеге келген. Ол Хромтау өңіріндегі  Дөң сегіз жылдық мектебінде оқыған кезінде Құмар есімді ұстазынан домбыра тартуды үйреніп, музыкалық сауатын ашқан. Одан кейін музыка теориясын меңгеріп,шеберлігін шыңдаған. Есейе келе қай жерде жүрсе де қолынан қара домбырасын тастамаған.

Ол Мәскеуде арнайы заң оқу орнын бітіріп, криминалистика саласының мамандығын меңгерген, Омбы заң университетін үздік аяқтап, Ресейде ұзақ жылдар қызмет атқарған. Ал құрметті зейнет демалысына шыққаннан кейін елге оралып, Ақтөбедегі заң институтында болашақ құқық қорғаушыларға дәріс берді.

Ермекбай Қалжанұлы Мәскеуде оқып жүргенде де, Омбы жерінде қызметте болғанда да ұлттық өнеріміздің өрісін кеңейтуге аянбай қызмет еткен. Ол мерекелік концерттерге қатысып, қазақ өнеріне ынтасы мол ағайындарымыздың ықыласына бөленген. Тіпті өз еркімен үйірмелер ашып, ынталы жастарға сабақ берген.

Ортаның сәні болған өнер иесікөптеген музыкалық аспаптарда ойнап, осы күні халық сүйіп тыңдайтын көптеген шығармаларды әсерлі орындаған.

Ол Шәмшінің әндерін, сондай-ақ  Кеңестер Одағының танымал композиторларының туындыларын нақышына келтіре орындайтынын замандастары әлі күнге дейін естен шығармайды. Мәселен, Біржан салдың «Теміртасы»ол кісінің орындауында ерекше естілетіні тыңдармандарының жадында. Сондай-ақоның домбырасынан шертілген керемет күйлердің күмбірі де қайталанбас дүниедей сезіледі.

Ол жұртшылықтың сүйіп тыңдайтын күйлерін шебер орындап қана қоймай, әр туындының шығу тарихын да айтып отырған.

Күй атасы Құрманғазының  «Адай», «Ақсақ киік», «Балбырауын», «Сарыарқа», «Байжұма», Дәулеткерей, Дина, Түркеш және басқа халық композиторларының күйлері,өз замандастары Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқымы», Сәкен Тұрысбековтің «Көңіл толқыны» туындылары Ермекбай Қалжанұлының орындауында тыңдаушысын ойландыратын да, толғандыратын да болған.

Өз тұстастары арасында «Сегіз қырлы, бір сырлы» деп айтылар сипатқа ие болған оның басқа да талантты қырлары аз болмаған.

Студент кезінде Мәскеу қаласының «Динамо» спорт қоғамында самбо күресімен шұғылданып,әлденеше рет ірі  жарыстардың жеңімпазы атанған. Ол сондай-ақ фотобейнелеуді өнер тұтқан, оны бүге-шігесіне дейін жетік білген.

Алдағы жұма күні Хромтауда өткізілетін «Күй күмбірі» байқауына қатысушы жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар беріледі.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button