«Ақтөбе»-90

Тұрақты өсіп келеді

Ақтөбе аймағы — еліміздегі жер көлемі жөнінен ең үлкен облыс. Ал халқының саны жағынан біздің өңір, ірі қалаларды санамағанда, облыстардың арасында бұрын алтыншы орында тұрса, биыл жаңа облыстардың құрылуына байланыстыалға жылжыды.

Өткен жылы қазанда облыста халық саны 900 мыңнан асты. Ақтөбе еліміздің өңірлері арасында қазағы көп облыстардың қатарына кіреді. Облыс тұрғындарының 83,8 пайызы — қазақтар.

1932 жылыреспубликада тек алты облыс қана болды: Батыс Қазақ, Ақтөбе, Қарағанды, Алматы, Шығыс Қазақ және Оңтүстік Қазақ облыстары. Сондықтан ол кезде облыстың аумағы қазіргіден әлдеқайда үлкен еді. Кейіннен біздің облысымыздан Қостанай облысы бөлініп шықты, бірнеше аудан Ресейдің көршілес Орынбор өңіріне, Арал ауданы Қызылорда облысына қосылды.

1939 жылы облыста 338, 2 мың тұрғын болды. Олардың 70 пайызы, яғни үштен екісінен астамы ауыл тұрғындары еді.

1959 жылы жүргізілген санақтың қорытындысы бойынша, 20 жылда халық саны 62,9 мыңға өсіп, 401,1 мың адам болғаны анықталды. Бұл кезде ауыл тұрғындарының үлесі едәуір азайған: 56 пайыз.

Жаңа қалалар

Ал келесі 11 жылдың ішінде облыс тұрғындарының саны 150 мыңға жуық адамға өсіп, 550,6 мың болды. Бұл орайда табиғи өсіммен қатар, 1959-1970 жылдар аралығында тың жерлердің игерілуіне, жаңа өндіріс орындарының ашылуына байланысты КСРО-ның әр қиырынан көшіп келушілердің көп болғанын ескеру керек. Халықтың өсіміне және шаруашылықтың жандануына байланысты 1961 жылы Алға қала статусына ие болды, ал 1967 жылы бұрын кеншілер поселкесі болған Хромтауға қала статусы беріліп, ол жаңа құрылған ауданның орталығына айналды, осы жылы Қандыағаш пен Ембі де ресми түрде қала атанды. Сөйтіп, 1967 жылы облыстағы қалалардың саны 7-ге жетті.

1979 жылғы санақ қорытындысы бойынша облыс тұрғындарының саны — 629 мың, ал 1984 жылы 679 мың болды. 1984 жылғы деректер бойынша облыста бірінші рет қала тұрғындарының үлесі ауыл халқының үлесінен асып, 50,8 пайыз болды. 1986 жылы облыстың 700-мыңыншы тұрғыны дүниеге келді.

1987 жылғы деректе облыс тұрғындарының саны 720 мың адам екені және олардың 46 пайызы — ауылда, 54 пайызы қалалық жерде өмір сүретіні көрсетілген.

Кеңес өкіметінің әбден орнығып, кейіннен дәуірлеген тұсында аймақтың демографиялық көрсеткіштері, міне, осындай болатын. 1959-1989 жылдар аралығында немесе 30 жылдың ішінде халықтың саны 2,2 есе өсті. Бұл өсімнің екі себебі болды: жергілікті халықтың, яғни қазақтың отбасы құндылықтарын әлі де қастерлейтіні, әсіресе ауыл қазақтарының арасында көпбалалы отбасылардың басымдығы және, жоғарыда да айтқанымыздай, сырттан келушілердің көптігі еді.

КСРО-дан кейінгі кезең

Ал КСРО ыдыраған тұста нақ осы сырттан келгендердің өз тарихи отандарына жаппай қайта көшуіне байланысты демографиялық көрсеткіштер де кері құлдилап, көптеген ауылдар қаңырап бос қалды, аяқсыз қалғанқұрылыстар, жұмысы тоқтаған ірілі-ұсақты кәсіпорындар мен мекемелердің ғимараттары, есік-терезесі үңірейіп тұрған иесі жоқ пәтерлержоғарыда айтылған Қандыағаш, Алға, Ембі сынды қалалардың сұрқын бұзып, нақ бір апаттан кейінгі мекенге тап болғандай күй кештіретін.

1999 жылғы ақпанда өңір тұрғындарының саны 682,5 мың болды. Бұл дерек он жыл ішінде облысхалқының 56 мың адамға кемігенін көрсетті. Жалпы, бұл бүкіл елімізге тән құбылыс болғаны белгілі. Тәуелсіздік жарияланған жылы Қазақстан тұрғындарының саны 16,8 миллион болса, он жылдан кейін 14,8 миллионға түсті. Өз тарихи отандарына көшіп кеткендердің орнын толтыру үшін шеттегі қазақтар елге шақырылды. Деректерге сай, 1991-2011 жылдар аралығында Қазақстанға сырттан 1 миллион қандасымыз көшіп келді. Алайда кеткендер мен келгендердің арасы тең емес. Оның үстіне осы тұстаэкономикалық дағдарыс болып, жұмыссыздықтың белең алуы салдарынан,елдебала туу көрсеткіші де күрт құлдырағаны белгілі. Демограф Мақаш Тәтімовтің деректері бойынша, 1988 жылы республикамызда қазақ әйелдерінен туған балалардың саны 208 мың болса, 1999 жылы 138 мыңға азайған. Осы демографиялық құлдырау 2002 жылға дейін жалғасты.Содан кейін ғана елде туу көрсеткіші қайта көтерілді және халық саны да өсе берді. 2005-2010 жылдардың аралығында Қазақстан халқының саны 1 миллионға көбейіп, 16 миллиондық межеден асты. Ал Ақтөбе облысында 2003 жылы халықтың саны 668,4 мың болса, 2009 жылы 757,7 мыңға жетті.

Ең үлкен облыс орталығы

2010 жылдан бергі уақыт ішінде өңіріміздің демографиясында үш ірі жаңалық болды. Біріншісі — 2013 жылдың маусым айында облыс халқының саны тұңғыш рет 800 мыңнан асты. Айта кету керек, бұл тұста облыстан көшіп кеткендердіңсаны бұрынғыдай мыңдап саналмағанымен, сәл ғана айырмашылықпен болса да, әлі де көшіп келушілерден гөрі көп еді. Дегенмен халықтың саны табиғи өсім арқылы көбейді. Мысалы, 2012 жылы табиғи өсім 10,3 мың адамды құрады.

Екіншіден, 2019 жылдың 6 желтоқсанында Ақтөбенің 500 мыңыншы тұрғыны дүниеге келді. Бұл жаңалық Ақтөбе қаласының 150 жылдығымен тұспа-тұс келді. Ерекше тұрғын болып дүниеге келген сәбидің аты-жөні — Әлинұр Жалғасбай. Ол — отбасындағы төртінші бала. Әлинұрдың ата-анасына сәбидің 500 мыңыншы тұрғын екенін растайтын куәлік пен бағалы сыйлық табысталды.

Ақтөбенің халық саны жағынан Қарағандыны басып озып, еліміздің төртінші ірі қаласына айналғаны да 2019 жыл еді. 500 мың тұрғын — Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларын есептемегенде, яғни облыс орталықтарының арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Сондықтан Ақтөбе — халық саны жағынан еліміздегі ең ірі облыс орталығы.

Үшінші жаңалық өткен жылдың еншісінде: атап айтқанда, былтыр қазан айында облыстағы халықтың саны 900 мыңнан асты. Яғни 8 жылдың ішінде халық саны 100 мыңға өсіп отыр. Әрине, мұны зор қарқын санамаймыз. Алайда алдағы жылдарға үмітпен қарай аламыз: келесі 100 мыңға көбеюдің нәтижесі  миллиондық меже болмақ…

Тәуелсіздіктің жемісі

КСРО тарихында алғашқы санақ 1926 жылы жүргізілген еді. Сол кездегі Ақтөбе губерниясында қазақтардың үлесі 68,3 пайыз болған.

Алайда өткен ғасырдың 20-50 жылдарындағы қуғын-сүргін, әсіресе 1932-1933 жылдардағы аштық, одан кейінгі тың игеру жылдарындағы саясаттың салдарынан Ақтөбе өңірінде қазақтардың үлесі едәуір азайды. Деректерге сүйенсек, 1989 жылы облыстағы 738 мың тұрғынның — 55,6 пайызы, ал Ақтөбе қаласында тұратын халықтың 32,7 пайызы ғана қазақтар еді.

Тәуелсіздіктің бір жемісі — сан жағынан қазақтың өз жерінде қайта басымдық алуына жол ашқаны. Бұл біздің облыстың демографиялық көрсеткіштерінен де байқалады: 1999 жылғы санақтың қорытындысы бойынша Ақтөбе өңірінде халықтың — 70 пайызы, ал 2009 жылғы санақтың нәтижесі бойынша 79,3 пайызы қазақтар болған. Бүгінгі деректерге сүйенсек, облыстағы 905 мыңнан астам адамның 83,8 пайызы — жергілікті ұлт өкілі.

Сөз соңында қазақтардың үлес салмағының артуы да бүкіл елімізге тән үрдіс екенін айтқымыз келеді. Тәуелсіздік алған тұста елімізде қазақтардың үлесі небәрі 40,1 пайыз еді, 2009 жылғы санақтың қорытындысында 63,6 пайызға жетті. Ал былтыр өткен санақтың алдын ала қорытындысына сай, елімізде қазақтардың үлесі 70 пайыздан асқан. (Санақтың қысқаша қорытындысы — алдағы шілде айында, ал толық қорытындысы 2023 жылдың бірінші тоқсанында жарияланады деп күтіліп отыр.)

Елдің басты байлығы да, тірегі де — халық. Соңғы 20 жылда өңірімізде халық саны тұрақты өсіп келеді. Ал, жоғарыда баяндағанымыздай, 1939 жылдан бергі уақытта облыста халық саны 338 мыңнан 900 мыңға дейін өсіп, миллиондық межеге бет алып отыр.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button