Тарих

Ақпан батыр

«Буырқанып, бұрсанып, мұздай темір құрсанып» жауға атойлаған, ел тағдырын бәрінен биік қойған, ұлттың тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен қазақ батырлары тарихымыздың әр белесінде жетіп артылады. Олардың арасында ұлттық тұлға тұғырына көтеріліп, аты аңызға айналған, тарихта есімдері қалған сан мыңдаған ерлер де бар.

Алайда кейбір баһадүр бабаларымыздың есімі кішігірім ел аузында, ағайын арасында ғана аталып, мақтаныш болып жүргені көңілге қаяу түсіреді. Жанкешті ерлік істері өз дәрежесінде дәріптелмей, тиісті деңгейде насихатталмай қалғаны өзекті өртейді. Сондай тұлғаның бірі — Адайдың Келімбердісінің екінші ұлы Ақпан батыр.

Ақпан батыр 1531 жылы ақпан айында Түркістан аймағындағы қасиетті Қазығұртта Келімберді батырдың шаңырағында дүниеге келген. Жастайынан ол дала өмірінің қыр-сырына қанығып өсті. Жеті жасында жорға мініп, тоғыз жасында асауға бас білдірген бала жігіт ептілігімен, ерлігімен көзге түсіп, әке, ағаларынан сарбаздықты меңгеріп, садақ, мылтық атып, мерген болып қалыптасты.

Оның ең алғашқы жорығы Хақназарұлы баһадүр Бозғылдың басшылығымен елін шауып кеткен Бабасұлтанға қарсы соғыста көрінді. Ақпан таңдаулы жүздікті басқарды, 12 құлаш қыл арқанды төрт-төрттен бөлініп, сегіз сарбаз арқанды керіп, атпен шапқанда шатырлар құлап, жау аңтарылып қалды. Осындай үш толқын өткенде жаудың естері шығып, аттарынан айырылады.

Келесі бір жорықта Баба сұлтанның Арслан есімді мыңбасын жекпе-жекте жеңеді. Басын кесіп алып, ақ найзамен көтеріп, жау әскеріне сес көрсетеді. Жаудың шегінер жолына жүз адымдай жерге болат жұлдызша шашып тастаған, шауып келе жатқан аттар шоңқайып жүре алмай қалды. Сөйтіп, жау әскерінің көбі тұтқындалады. Ақпан баһадүрдің өмірінде мұңдай жеңісті соғыстар көп болған.

1599 жылы денсаулығы сыр берген Қосай Ата Есім ханмен ақылдасып, оның пәрменімен өз орнына беклербеклікке Келімберді ұлы Ақпанды бекітеді. Көп ұзамай Хиуа ханы Хажымұхаммедтен пәрмен келеді. Онда «Мал салыққа қосымша жан салық — қыз салық» төлеттірмекші болады. Үкілеп өсірген қызымызды бергенше, қолымызға қару алайық деп тастүйін шешім қабылдап:

Біздің ерлер күйінді,

Ақпан деген айтулы,

Қарт батырдың үйінде

Ететін болды түйінді.

Сонда Ақпан батыр:

— Оң сапар бергей, Құдайым,

Мен де Алладан сұрайын,

Осы топтың ішінде

Дабылы күшті беглер бар,

Қайраты асқан ерлер бар,

Мейманасы асқан дұшпанды

Жер тістеткен шерлер бар, деп ұрандайды.

Ақсақалдар, ақылшылар кеңесіп, қоныс аударып амал іздейік деген ұйғарымға келіп, Алшын-Кеншіннің ұрпақтары көтеріле көшіп, Үстірт арқылы Жемді жағалайды. Ол кезде осы өңірде қалмақтар үстемдік ететін. Құнанорыс, Ақпан батырлардың басшылығымен сайыпқыран кіші жүздің жігіттері ата жауы қалмақтарды тықсыра қуып, Еділ өзенінен асырады.

Қасиетті туған жерді, ата-баба мекенін жаудан қорғаған ақ тұйғын арыстардың шейіт болғандары да жетерлік, олардың ішінде Ақпан баһадүр мен Құнанорыс батыр да улы жебенің нысанасына ілінді. Қатты жараланған асыл қырандар Қобда мен Ырғыз арасында жерленіп, сол заманның биік те сәулетті Ақпан мен Құнанорыс мазарлары тұрғызылған болатын. Бірақ арада өткен ғасырлар жүгін көтере алмай, құрылыс материалдарын іздеген құдайсыздар, алтын іздеуші жойдасыздар шабуылына төтеп бере алмай бұл ғимараттар ақыры құлап тынды.

Батыр бабамыз төрт ханның — Хақназар, Шығай, Тәуекел, еңсегей бойлы ер Есім билеген дәуірде, яғни 1531-1605 жылдарда өмір сүрген Ақпан батыр жөнінде ақын-жырауларымыз өздерінің шығармаларында халыққа үлгі-нұсқа қылып айтып, жырға қосқанын ел біледі және бүгінгі жыршы-термешілеріміз мемлекеттік деңгейдегі мерекелерде, ас пен тойларда жырлап жүр. Мәселен, есімі елге мәшһүр әйгілі ақын Қашаған Күржіманұлы өзінің «Атамекен» атты жыр-дастанында:

Ақпан деген қарт батыр,

Ер басына қос атты,

Жетелетіп жүргізді

Жауға мінер бос атты.

Қабырғадан саз болса,

Жапалақ жауған қар болса,

Айшылық жолға айдаса

Бұйдасын іркіп мойымас

Азықтарын айшылық

Өңкей нарға қоса артты.

Бес жүз әскер-ауыр қол,

Бастығы Ақпан батыр сол,

Көпті көрген көнеге,

Қараңғы тұман түнде де,

Сапар шегіп жол жүрсе,

Табылады екен сара жол,— деп Ақпан батырдың ел қорғаудағы ересен ерлігі мен еңбегін, жауынгерлерге жарамды ат бергенін мадақтап жырға қосқан. Ақпан батырдың ұрпақтарынан ержүрек ұландар көп шыққанын ескелді Сүгір жырау да, қараш Ыбырайым ахун да толғауларында жырға қосты:

Сөз айтайын Ақпаннан,

Сырдағы құба ақ талдан.

Ақпан деген ауылым,

Аумайтын басқа бақ қонған.

Қарсыластары Ақпаннан

Табанға түсіп тапталған.

Неше түрлі халыққа

Ерлігі артық мақталған.

Ғұмыры тәмам болғанша

Жері жоқ жаудан тоқталған…

(Ыбырайым ахун Құлбайұлы).

Маңғыстау жерінде Ақпан батырдың атымен аталатын жер-су аттары да жеткілікті. Мәселен, Бейнеу ауданының Сам құмы, Шағырлы бетінде, Тұрыш ауылының солтүстік жағында 45 шақырым жерде «Ақпанның үйігі» деп аталатын тарихи қорым бар. Бұл жөнінде Маңғыстауға белгілі шежіреші қария Естерек Жаманбаевтың 1993 жылы «Жаңа өмір» газетінде: «…Доңызтау жағында Ақпанның үйігі деген қорым бар. Ол — Келімбердінің Ақпаны үйген үйік» атты мақаласы жарық көрген.

Өңірімізден шыққан біртуар тұлға, ғұлама ғалым Серікбол Қондыбай өзінің еңбектерінде Маңғыстауда Ақпан есімімен аталатын бірнеше жер, құдық аттарын атап көрсеткен. Айталық: «Сеңгір құмының (Қарақия ауданы) оңтүстік-шығысында Ақпан сор, Жабайұшқан тауының оңтүстік ернеуінде Ақпан тауы бар. Тау ішінде көрік ұстап, кеуекті ұстахана қылып пайдаланған Ақпан үңгірі, одан 3 шақырым жерде Ақпансордың жағасында Ақпан құдығы бар. Бұл жерлер Адайдың немересі Ақпан есімімен аталған» деп тайға таңба басқандай анық жазып кеткен (С.Қондыбай. Толық шығармалар жинағы, 13-том, 33-бет).

«Ақпан үйігі — жер аты. Үстіртте, Сам құмының Шағырлы бетіндегі төбе. Аңыз оны Адайдың немересі Ақпандікі дейді» (С.Қондыбай, «Маңғыстаудың жер-су атаулары», 28-бет). «Арыс атасы Ақпан Адайдың айтулы батыры болған, құралайды көзге атқан мергені, қыран топшылы аңшысы, көңілі шалқар, жүрегі қобалжу білмейтін тайсалмас, ешкімнен тетку (түрткі) көрмей өскен жанға ұқсайды…» (Ж.Жылқышыұлы, «Адай шежіресі», 3-том, 209-бет).

«Бірінші Адай болысының құрамындағы Ақпан ауылы жазда Жем өзенінің екі жағын жағалап, Оймауыт, Сам құмын, қыста Бостан құмы мен Сахар тауы етегінде, Шерқала тауына дейін келеді.» («Особенности сельского хозяйства Адайского уезда», под руководством М.В.Ларина, Б.К.Щелокова, «Лениздат», 1928 г.).

Ақпан батыр туралы басқа да авторлардың еңбектерінде, мәселен, Алшын Меңдалиевтің «Адай шежіресі», Қамысбай Қаржаубайлының «Адай уезіндегі болыстар» кітаптарында, Бектұр Төлеуғалиұлының, Асан Әбдіровтың, Есберген Іңірбайұлының, Қаржаубай Рейімбайұлының кітаптары мен мақалаларында молынан кездеседі.

Ақпан батырдың бір ұрпағы Жұмағали Қалдықараев екінші дүниежүзілік соғыста өшпес ерлік көрсетіп, Кеңес Одағының Батыры атағын алды. 2017 жылы «Нұр Отан» партиясының бір топ белсенділері мен жастар Беларусь елінің Мозырь қаласына барып, батырдың қабіріне туған жердің топырағын салды. Мозырь қаласында және Бейнеу кентінде Жұмағали батырдың есімін иеленген мектептер, Жаңаөзен қаласында көше, Бейнеу және Ақтау қаласында кеудемүсіндері бар. Жоғарыда айтылған Бейнеу елдімекенінен жақын жерде 2021 жылдың 7 қарашасында Ақпан үйігінде стела ашылды. «Жабайұшқан» жерінде үлкен қорымда 300-дей мүрде жерленген, бұл қауымда қоршалып, белгі тас қойылған. Бабалар аруағын ұлықтауға Қазақбай, Табынбай, Бердібай сияқты ел азаматтары тікелей араласты. Батыр ата аруағына бағышталған сауапты жұмыстарда Айдар, Құрал сияқты інілерімен бірге Жармұхамбет Сұлтанов ақсақал белсенділік көрсетіп, өзіндік қолтаңбаларын қалдырды.

Тағы бір тілге тиек ете кетерлік тұсы — белгілі орыс зерттеушісі, он тоғызыншы ғасырдың танымал саяхатшысы Г.С.Карелиннің Қазақстан аймағын зерттеуге қосқан үлесі зор. Ол Орынбор губернаторының тапсырмасы бойынша Қазақстандағы Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауына экспедицияға шығып, Өлі қолтық, Қашақ шығанақтарын, Бозашы түбегін, Үстірттің Солтүстік батысын зерттеген. Каспий теңізінің Солтүстік-шығыс бөлігінің және оған іргелес аудандардың картасын жасаған. Таңбалар жиыны қатынасы Карелиннің халық саны туралы есебі бойынша Маңғыстауды Кендірлі түбегіне дейін толық иемденген қазақтар туралы мәліметінде «Балықшы ауылдарынан 300 үй, Ақпаннан 200 үй» деп қатар айтылған осы маңайды қоныстанғандар туралы деректерге сай бұл қоныстың Адайдың Ақпанының атына ғана қатысы барлығын қуаттайды» Бұл мәліметке жоғарғы Адай арасын мекендеген 700-дей, Бөкей ордасын мекендеген 100-дей Ақпан үйлері кірмеген. Осы арадағы қорымда «Адай таңбасы» —жебе белгісі қойылған зираттар басына да ортақ стела қойылған.

Ал енді сөзіміздің тұздығын айшықтай түсу мақсатында Ақпан батырдың жерленген жері қалай анықталғаны туралы да айта кетейік. Осыдан 250 жылдай бұрын Көкжар, Ойыл жәрмеңкелерінде сауда жасайтын керуендер жан-жақтан ағылып келіп жататын. Саудагерлер жұмыстары бітіп, көңілдері бірленген кезде жөн сұрасып, Маңғыстау бетінен келген бір топ Адай Ақпан екендігін білгеннен кейін: «Ол бабаларыңыздың қай жерде жерленгенін білесіздер ме?» — деп сыр суыртпақтайды. Сырға қаныққан Орынбор бетінен келген ағайындар Ақпан, Құнанорыспен қатар, олардың ауылдарының маңында жерленгенін, Ақпанның сайы, Ақпанның төбесі сияқты топонимдердің барлығын айтады.

Кейін тәуелсіздікке қол жеткізген тұста өшкеніміз жанып, жоғалғанымыз табыла бастағанда халық ата-бабалар басын түгендеу жұмыстарын қолға ала бастады. Маңғыстау өңірінен Жармұхамбет Сұлтановтың жетекшілік етуімен арнайы делегация жасақталып, Ақпан батыр бабаның жерленген жерін анықтап, бейітін қоршап, көктас қойып, дұға бағыштайды. Ақтөбелік Сайлыбай Шоқановта бас болып, шағатай тілін білетін, өлкетанушы Қалдыбек інісі қостап, осынау маңызды шараға қол ұшын созып, мұрындық болады.

Ұлы даланы қорғау кезінде көптеген мұраларымыздан, ежелгі жетістіктерімізден айырылсақ, одан бергі уақытта бостандығымыз шектеліп, тарихи-өркениет жолындағы дамуымызды тоқтатып алдық. Соның кесірінен Ақпан батыр секілді арыстарымыздың есімдері ұлықталмай қалды.

Қабаты қалың тарих қойнауынан дүркіреп көрінген бабалар өмірін тану, олардан тағылым алу және сол тамырға жалғасу арқылы қуаттанып, құлшынып, нәр алуға тиіспіз біз. Бүгінгі біздің көздеген мақсатымыз Ақпан батырды халық жадында қайта-қайта жаңғыртып, бүгінгі және келешек жас ұрпаққа үлгі ету болмақ.

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,

профессор, тарих ғылымдарының докторы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button