Денсаулық

Денсаулықтың қадірі

Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен жиында «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды.

Денсаулық сақтау басқармасының өкілі ұлттық жоба аясында биылғы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша облыстың 36 елді мекені жылжымалы медициналық кешендердің қызметімен қамтылғанын, оларға шамаман 74 мың медқызмет көрсетілгенін баяндады. Нәтижесінде 1 115 адамнан түрлі патология анықталып, олардың 202-сі есепке алынған.

Сондай-ақ облыс бойынша жүкті әйелдерді босануға дейінгі жеке және салааралық бақылаумен қамту жөніндегі ұлттық жобаның индикаторына қол жеткізілді. 2022 жылдың 8 айында барлығы 13 372 жүкті әйел есепке алынды.

Қазір 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі 3899 бала диспансерлік есепте тұр.

Ақтөбе қаласының оңалту орталықтарында биыл 1463 бала (40,3%) емдік оңалту шараларын қабылдаған. Осы жылы облыс орталығында «Қамқоршылық» оңалту орталығы және туғаннан бастап 3 жасқа дейінгі балаларды оңалту үшін ерте бейімдеу орталығы ашылғанын атап өту қажет.

Облыс әкімі тұқым қуалайтын және туа біткен патологиялардың алдын алу жұмыстарын күшейту керектігін атап өтті.

— Ұрықтың даму ақауларын ерте анықтауға бағытталған скринингтердің сапасын арттыру қажет. Бұл жағдайда біз мейлінше көп балаға ертерек көмек көрсетеміз. Патологияны анықтау деңгейінің төмендігі денсаулық сақтау жүйесіндегі жұмыстар сапасының төмендігін білдіреді. Болашақ ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізілуге тиіс. Отбасылар алдағы жүктілікке дайындалып, салауатты өмір салтын ұстанса болашақ балаларының даму ақауының алдын алуға болатынын анық білулері керек. Бұл — тікелей ұлт денсаулығына қатысты маңызды мәселе. Бұлжерде тек денсаулық сақтау саласына ғана емес,барлық салаларға да үлкен жауапкершілік жүктеледі, — деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Бұдан бөлек өңір басшысы тұрғындар арасында салауатты өмір салтын дәріптеп, бұқаралық спортпен шұғылдануға тарту жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Бүгінде спортпен жүйелі түрде айналысатын тұрғындардың үлесі 35,6% пайызды құрайды.

Жиында күн тәртібінен тыс сондай-ақ мектеп аумағын абаттандыру және санитарлық екі айлық өткізу сұрақтары да қаралды. Білім, денешынықтыру басқармаларының алдына қысқа мерзім ішінде жалпы білім беретін мектептердің айналасын ретке келтіру, спорт алаңдарын жөндеу міндеті қойылды. Жарияланған жалпы облыстық сенбілікке қарамастан, өз аумағын және айналасын жинамаған бірқатар компанияға ескерту берілді. Олардың қатарында, Helios жанармай құю бекеттерінің желісі, Ақтөбе металл конструкциялар зауыты, «КМК Мұнай» АҚ, Тургенев көшесі бойындағы Халыққа қызмет көрсету орталығы, облыстық көпсалалық аурухана, көлік бақылау инспекциясы, Батыс Қазақстан медицинауниверситеті және т.б. бар. Өңір басшысы «Анвар» сауда желісінің ұжымына сенбілікке белсенді қатысқандары үшін алығысын білдірді.

Ералы Тоғжанов тазалық ортақ іс екенін айта келе, облыстағы барлық ұжымдар мен тұрғындарды екі айлық санитарлық акцияға атсалысуға шақырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button