Пікір

Ел бірлігі — басты құндылық

Думан САРБАЕВ,

облыстық мемлекеттік архивтің ғылыми қызметкері

Мемлекет басшысының Жолдауы — еліміздің алдағы даму жолын, реформалардың нақты бағытын айқындайтын маңызды құжат. Облыстық мемлекеттік архив ұжымы да Президент Жолдауын тыңдап, өз арамызда талқыладық, ой елегінен өткіздік.

ПрезидентЖолдауының басында мемлекеттің экономикалық еркіндікті қолдайтынын, сонымен бірге халықты нарық тұрақсыздығының ықпалынан барынша қорғайтынын атап көрсетті. Жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру; бәсекелестікті дамыту, яғни бәріне бірдей мүмкіндік беру және ұлттық табысты әділ бөлу еліміздің жаңа экономикалық бағдарының басты басымдықтары ретінде белгіленді. Ал реформалардың түпкі нәтижесі баршаға бірдей мүмкіндік беру мен ұлттық байлықты тең бөлу болмақ.

«Ұлттық қор — балаларға» атты жаңа бағдарламаның ұсынылуы Балалар жылы аясындағы маңызды қадам болды. Президент Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынды. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанша тұрақты аударылып тұрып, кәмелетке келген кезінде баспана немесе білім алуына жұмсалып, үлкен өмірге қадам басуына қолдау болмақ. Бұл жоба 2024 жылдың 1 қаңтарынан іске қосылады.

Жолдау шеңберіндегі мақсат-міндеттер бойынша алда атқарылар іс көп. Үкімет Жолдауды іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын қабылдады. Халық енді жаңа, әділетті Қазақстанды құру жолындағы уәделердің, сөздің іске айналуын күтеді.

Әрине, мемлекеттің, қоғамның барлық саласын жаңғырта түсу жолындағы істер тек ауызбіршілік жағдайында нәтижелі болары түсінікті. Бұған орай Президент: «Біздің алдымызда айрықша міндет тұр. Бұл — еліміздің егемендігін және жеріміздің тұтастығын сақтап қалу. Елдігімізді қорғаудың ең басты жолы — берекелі бірлік. Бұдан басқа жол жоқ. Ел бірлігі қашанда ең басты құндылық саналған. Қазір оның өзектілігі арта түсті», — деп айрықша атап көрсетті. Қазіргі әлемдік сын-қатерлер жағдайында бірлікті бірінші орынға қою керектігіне әр азаматтың сөзсіз келісері анық.

Басқа жаңалықтар

Back to top button