Басты жаңалықтар

«Мониторинг жасалып, нақты бақылау жүргізілсін!»

Облыс әкімі жол құрылысына жауапты мердігерлердің әрекетін сынға алды.

Сенбі күні облыс әкімі Ералы Тоғжанов Ырғыз ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуымен, мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асырылу барысымен, жол құрылысымен танысты.

Биыл Ырғыз ауданына қарасты Құрылыс ауылына кіреберіс жолды орташа жөндеу жұмыстары басталған болатын. Жол құрылысын жүргізіп жатқан «Абай Б» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басқа мердігерлер секілді битум тапшылығын алға тартып, жұмысты кешіктірген.

Бұл компания осы уақытқа дейін ең кемі асфальтқа негіз дайындауы керек болатын. Алайда бір уақытта бірнеше активті жобаларды алып қойып, жұмыстарын игере алмай қалған. Бір жоба бойынша алынған қаражат басқа нысандарға жіберіліп отырған. Соның салдарынан ауылдардың жолдарын жөндеуге қалған қаражат жұмсалған. Бұл мәселе облыстың басқа аудандарында да бар.

Облыс әкімі бұндай әрекетті  доғаруды тапсырды.

— Бұл — аудан әкімі мен мердігердің жеке жауапкершілігі. Мониторинг жүргізіліп, нақты бақылау болсын. Барлық ауданда солай, мердігерлер бірнеше нысанды алады да үлгермей жатады. Бұлай болмауы керек. Мердігердің материалдық-техникалық базасының, жұмыс күшінің бар-жоғына қарап, үтір-нүктесіне дейін тексеру керек, — деді облыс әкімі.

Ырғыз-Құтикөл автокөлік жолы мен Ырғыз ауылына кіреберіс жолды жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқандарға да  осындай талап қойылды.

Сапар барысында облыс әкімі Ырғыз ауылындағы гимназияның жұмысымен танысты. Білім ордасының жаңа ғимараты 2019 жылы пайдалануға берілген. Дегенмен мердігер 60 миллион теңгенің жұмыс көлемін аяқтамапты. Бұл сот шешімімен расталған. Ералы Тоғжанов педагогтер ұжымына барлық мәселені шешуге қолдау көрсететінін айтты.

Сапар аясында Ералы Тоғжановқа Ырғыз ауданының әкімі Нұрлан Қызбергенов жеті ай ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамудың аралық көрсеткіштері жайын баяндады. Есепті кезеңде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі өсіп, өнеркәсіптік өндіріс жоспары орындалған. Бірақ құрылыс жұмыстарының, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын құру, тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі айтарлықтай төмендеп кеткен.

Облыс басшысы барлық бағыттар бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.

Ауданға жасаған қызметтік сапары соңында облыс басшысы Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи қорығының жұмысымен танысып, «Жармола жәрмеңкесіне» қатысты.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button