Жаңалықтар

Ауыл әйелдері бас қосты

Форум

Көшбасшылық. Жеке тұлға әлеуеті. Жауапкершілік. Кәсіпте жүрген әйелдерді қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар. Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас. Отбасындағы береке. Осындай тақырыптар талқыланған «Ел дамуындағы ауыл әйелдерінің  рөлі» атты әйелдер форумы Amanat партиясының қолдауымен Мәртөк ауданында өтті.

Форумға Amanat партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев, Парламент Мәжілісінің депутаттары Жұлдыз Сүлейменова, Гүлдара Нұрымова арнайы қатысты. Іс-шараны партияның Ақтөбе облыстық филиалы атқарушы хатшысы Ербол Данағұлов жүргізді.

Бұл форум Amanat партиясының Әйелдер қанатын іске қосудың бастамасы болмақ.

Алдағы уақытта партияның әйелдер қанатын құруды жоспарлап отырмыз. Ауыл әйелдерінің әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу үрдісіне қатысуын ойластырамыз. Дұрыс шешім шығару үшін де біз түрлі салада жүрген әйелдермен сөйлесп, олардың шешілмей жатқан түйткілді мәселелерді әйелдердің өздерінен естуді жөн көрдік. Бүгінгі кездесуге 200-ден астам әйел қатысып отыр. Олардың бәрі де Мәртөк ауданындағы ауылдық округтерде тұрады. Бұл осындай форумды еліміздің әр өңірінде өткізсе де артық болмайтынын көрсетіп отыр, — деді Эльдар Жұмағазиев.

Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Ержан Нұрғалиевтің айтуынша, кәсіпкер әйелдерге жалпы сомасы 275,8 млн теңгеге несие берілген. Оның көбі Алға ауданына (89,3%), Ақтөбе қаласына (63,2%), Мұғалжар ауданына (54,3%) тиесілі.

Парламент Мәжілісінің депутаты, Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Жұлдыз Сүлейменова ауылдық жерлердегі мектепте білім берудің өзекті мәселелері және оларды шешу жолдарын, оны Аmanat партиясы қолға алғанын атап өтті.

— Мемлекет басшысы әйелдерге үлкен сенім артты. Бүгінгі таңда әлеуметтік мәселелердің шешілуі әйелдердің ұстанымын білдірумен тығыз байланысты деп ойлаймын. Аmanat партиясы да мектептерге, білім сапасын арттыруға көңіл бөліп отыр. Мәселен, апатты мектептер проблемасын толыққанды шешуді қолға алды, — деді ол.

Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова «Өңірдегі денсаулық сақтау мәселелері: өскелең ұрпақ пен ұлт саулығының негізі» тақырыбында баяндама оқыды.

— Мәртөк ауданы белсенді әйелдердің көптігімен ерекшеленеді. Мұнда аналар кеңесі, түрлі этномәдени бірлестіктер, іскер әйелдер ассоциациясының филиалы жұмыс істейді. Аталған қоғамдық ұйымдардың белсенділері бір ұжым секілді ауызбіршілікте еңбек етіп жүр. Мақсат — қоғамда белсенді әйелдерді көбейту. Осындай көшбасшылық қасиет біздің ауданды республикалық форум өткізу идеясын тудырған орталыққа айналдырып отыр. Біз шалғай елді мекенде тұратын әйелдерді оқытып, соларға қолдау беріп, бизнестен экономикалық табыс көруге мүмкіндік ұсынғымыз келеді, — дейді аудандық мәслихат депутаты, «Зәру» пантоемдеу санаториясының директоры Бану Тілегенова.

Форум аясында бизнесте жүрген қыз-келіншектер өз тәжірибелерімен бөлісті.

Спикерлер — «Ұлы дала» ауыл бизнесін дамыту жөніндегі Ассоциация төрағасы  Ақмарал Бекмұрзаева мен Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Дана Бекбауова кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар туралы егжей-тегжейлі түсіндірді. Ал борышкерлер құқығын қорғау жөніндегі Ассоциациясының жетекшісі Шыңғысхан Қалдыбаев отбасы бюджетін жоспарлаудағы қаржылық сауаттылық туралы әңгімеледі.

Ашық диалог алаңында Amanat партиясының әйелдер қанатын құру туралы жоба таныстырылды.

Бұл күні аудандық Мәдениет үйінің фойесінде ауыл әйелдерінің көрме-жәрмеңкесі өтті.

Елена ОНИСЬКОВА,

Мәртөк ауданы.    

Басқа жаңалықтар

Back to top button