Пікір

Қуатты ұлттың діңгегі — халық

Ләззат БЕКТҰРЛИЕВА,

«Достық» су спорты түрлері бойынша облыстық  балалар-жасөспірімдер спорт мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында білім беру жүйесі туралы кеңінен айтылды. Президент айтқандай, ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқаратын бұл салада реформаны балабақшадан бастау керек. Осы ретте Президенттің тапсырмасы бойынша тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттыру, жалақысын көбейту, жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайту және оларды аттестациялау жұмыстары жүргізілмек.

Екіншіден, елімізде әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуын көздейтін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынады. Ұлттық жоба табысты ұлт болудың кепілі. Себебі білімді ұрпақ — ұлттың сапасын айқындайтын фактор.

Білім саласында мұғалімнің орны айрықша екендігі белгілі. Елімізде педагог мәртебесін арттыруға барынша көңіл бөлініп келеді. Мұғалім мәртебесі заң бойынша айқындалып, жалақысы жыл сайын көтеріліп отыр.

«Дегенмен бұл бағытта әлі де біршама өзгерістер жасау қажет», — деді Президент. Мемлекет басшысы қандай өзгерістер жасау қажеттігін нақтылап берді: бұл ретте педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредитациялаудың жаңа стандарты қабылданып, ұстаздардың құзырет аясы айқындалмақ, сондай-ақ жаһандық ғылыми-техникалық даму барысына сай жоғары сыныптарда жаратылыстану-математика пәндерін және ағылшын тілін оқытуды барынша күшейту, техникалық және кәсіби білім беруді еңбек нарығы сұраныстарына, елдің жаңа экономикалық бағдарының міндеттеріне сай бейімдеу, жеке білім беру ваучерлерін енгізу сынды бірқатар тапсырма берілді.

Қосымша білім беру педагогі ретінде мені Президенттің «баланың білім алуына, оның ішінде сыныптан тыс оқуына  мемлекет бөлетін қаражат бірыңғай білім беру есепшоттарында жинақталатыны» туралы айтқаны қуантты. Балалардың білім алуына инвестиция ретінде жұмсалатын алғашқы мақсатты капиталдың баланың болашағы үшін маңызы зор болатыны айқын.

Президент еліміздің денсаулық сақтау саласына қатысты да атқарылатын істер туралы да айтты. «Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Қуатты ұлттың діңгегі — халық. Ең бастысы, азаматтарымыздың денсаулығы мықты, білімі терең болуы керек», — деді Мемлекет басшысы. Осы ретте «Достық» су спорты түрлері бойынша облыстық  балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде ұлттың келешегі — балаларымыздың бос уақытын әрі қызықты, әрі тиімді өткізіп жатқанын баса айтқым келеді. Балалардың дамуында спорттың алатын орны ерекше. «Достық» су спорты түрлері бойынша облыстық  балалар-жасөспірімдер спорт мектебі — облысымыздың ірі спорт орталықтырының бірі. Су спорты орталығында бүгінде 800-ден астам бала жүзу, су добы, байдарка және каноэда есу, триатлон  спорт түрлерімен  шұғылданады. Сонымен қатар балалар облыстық республикалық жарыстар мен ел чемпионаттарына қатысады. Бұл — балаларды спортқа баулудың ғана емес, ұлт денсаулығын жақсартудың алғышарты. Президент айтқандай, қоғамның орнықты дамуы үшін ұлт саулығы мықты болуы керек.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button