Пікір

Игерілмеген жерлер қайтарылмақ

Аманкелді ШУНИМОВ,

мемлекеттік қызметтің ардагері

Бүгінде дүниенің тынышы кетіп тұр. Әлемді әбігерге салған пандемиядан қажыған халықты планетаның әр тұсынан жалындаған соғыс пен қақтығыс, тоқтаусыз өтіп жатқан табиғи апаттар алаңдатады. Кез келген оқиғадан саясат пен астар іздеп, халық арасына іріткі салатындар да жетерлік. Осындай кезеңде Мемлекет басшысы халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жаңа серпінге көтеру үшін және саяси реформаларды одан әрі жалғастыру мақсатында нақты ұсыныстары бар Жолдауын ұсынып отыр.

Мемлекеттік қызметтің ардагері ретінде айтайын, мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту туралы айтқан тұсы көңілге қонымды болды. Мемлекет басшысы айтқандай, экономиканы түбегейлі реформалау үшін мемлекеттік басқару жүйесіне серпіліс қажет, жұрт бос сөзден, жарқын болашақ туралы жалынды ұрандардан жалықты, халық мемлекеттік органдардың өз уәдесін қағаз бетінде емес, іс жүзінде орындағанын қалайды. Осыған орай ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жаңа әкімшілік реформа әзірлеуді тапсырды.

Сонымен қатар ел экономикасының іргелі саласы — ауыл шаруашылығын дамыту мәселелеріне тоқталды. Осы саладағы ахуалдың мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін айтқан Мемлекет басшысы: «Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс», — деді. Жолдауда шаруалардың өзара ұжымдасып еңбек етуі де оң бағаланды. Сондай-ақ ел Президенті жылдың соңына дейін кемінде 5 миллион гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отырғанын, игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайтынын айтып, Үкімет пен әкімдіктерге келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауды тапсырды.

Жолдау жаңа бастамалар мен жүктемелерге толы болды. Осы орайда мен де Президенттің Жолдауын қолдап, барша жұртты еліміздіңтұрақтылығын нығайтып, тыныштығымызды сақтауға, Жолдаудағы тапсырмаларды жүзеге асыруға шақырамын.

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button