Әдебиет

Туған жер

Қуандық ШАҢҒЫТБАЕВ

Туған жер

Сүйемін түнгі орманның

Ордалы нуын оңаша:

Төңірегім — баяу толған үн,

Көргенім — кілең тамаша.

 

Сүйемін таңғы майсада,

Малынған шықтың маржанын.

Салынып тұрса сай-сала,

Көмкеріп көк тал жан-жағын.

 

Сүйемін жазда жабыққа

Тырсылдап тиген жауынды,

Құлдырап қаңбақ жазықта,

Дүрілдеп өткен дауылды.

 

Сүйемін кешкі самалды

Сұлудың жұпар лебіндей,

Саябыр тартып сам алды,

Көкжиек кетсе көрінбей.

 

Сүйемін қала шамдарын

Түндерде жанған самала…

Сау жүрсін сылқым шалдарым,

Сау жүрсін сырбаз сал ана.

 

Жырлаймын туған жерді мен,

Бөлмеймін бұ жақ, о жаққа;

Сыйлаймын тұтас елді мен,

Айырмай орыс, қазаққа.

 

Пейзаж

 

Қанатын баяу қағады,

Күнгейге тартқан тырналар.

Жайылып жырақ маңады

Аңызды алтын қырда мал.

 

Алкүрең отты шарапқа

Толғандай аспан бокалы,

Самалды салқын алапқа

Жұпарын сеуіп шашады.

 

Жаяу жел таспа өреді

Құбақай жолдың шаңынан,

Аяңдап қана ереді

Аттылы бала соңынан.

 

Қонды күн қоңыр кезеңге

Алыста жатқан аласа.

Дамылдап алып өзенде,

Қайтадан ұшты қараша.

 

Ауылдың оты жамырап,

Самсады сосын самала:

Түн түсті сам соз салбырап

Күздегі дел сал далаға.

 

Тек қанатшопан шалғайда

Бейуақыт тыным көрмейді,

Басып ап насын таңдайға,

Үркерді санап көлбейді.

 

Ымыртта

 

Көл Шалқар, кеште көрдім айдыныңды,

Төсіңнен тостың маған ай нұрыңды,

Томсарған тұнығыңнан тұрдың есіп

Бір тыныш, жүрегіме жайлы жырды.

 

Үргедек, қонып жатты ерге ымырт,

Батыста байып баяу семді қызғылт.

Шоршыған шорағайлар арасында

Келемін қайығымды есіп жым-жырт.

 

Кербез кеш бар екен-ау мұндай, тоба!

Мүлгиді жиектегі тұнған қоға,

Қырдағы қиқу салған қызғыш сорлы,

Ақыры, жік-жапар боп тынды-ау о да.

 

Тұрғанмен айналада бағы өмір,

Бәрін де қымтап, қымқап алды іңір,

Қыршындай көп қызығын көре алмаған,

Күн кетті бұл дүниеден тағы да бір.

 

***

Ей, туған жер, кіндік қаным жуған жер,

Дізе түріп, дүзде қаңбақ қуған жер.

Тұңғыш менің тұсауымды кескен жер,

Тәй-тәй басып өмірде алғаш тұрған жер!

 

Ен-тұрқыңды кейін көрдім, шалқарым,

Ғарыш керім, дарқан диқан, малқарым,

Жарты әлемге жатқан жалпақ жайылып,

Ақиқатым, мехрабым да алтарым!

 

Күнің қиыр тау Алтайдан атады,

Атырау барып, айдынына батады;

Өрісі кең, ырысы бай, мейірбан

О, туған жер, бақтиярлар отаны!

 

Бұйра-бұлғын боз көдесін қуған жел,

Самал түнді, сайран сабат, думан бел.

Көз тұндырған көлеміңнен айналдым

Қазақстан, ғажапстан, туған жер!

 

Шаңғытбай қорасында

 

Кіндік қаным тамған жер, тиген өкшем!

Жатыр, міне, тып-типылжермен-жексен.

Жыңғыл жондым бұл жерде, сақа құйдым,

Енді, міне — құлазып қалған тепсең.

 

Иір мекіл бұл жерде ойнаға нек.

Ыза мен дық болмайтын ойда бөлек.

Тәу тұқыр мен баспадан, қанталапай…

Бәрі де жоқ: жұп-жұрдай мұз-қаракөк.

 

Не болмады бұл жерде, өтпеді не?

Тіршіліктің асуы, өткелі де.

Басталды ғой мен үшін осы арадан,

Басталды ғой өмірдің көктемі де.

 

Түсті-ау мұнда талайлар отқа, суға;

Болды-ау мұнда боқтасу, достасу да;

Болды-ау мұнда айт, аза, ант пен алғыс;

Қауышу мен танысу, қоштасу да.

 

Соқпай мұнда өткен жоқ қапа, зар да,

Болды мұнда опасыз, опадар да.

От қасалар, отырмақ, ойын-оспақ…

Ұзатқанда сыңсыды-ау апалар да.

 

Жатыр енді жалаңаш жабдан жайым,

Кәрі жұртта тұр тұнып арман, уайым.

Діңкем құрып түнерем, дым шығармай,

О, бейшара ақбесік, айналайын!

 

Ойран болып ақ бесік жатыр әні,

Байғыз зарлап ойраннан шақырады.

Садақасын ұрлатқан дәруіштей

Жасын сығып Қуандық аһ ұрады.

 

 

Сырласу

 

                                                                                  Тахауи Ахтановқа

 

Есіңде ме, Қарабұтақ, Тахауи,

Ең шеттегі Есмалайға тақау үй.

Бөлмесіне сәби арман сыймайтын,

Сабан менен лайдан соққан жатақ үй?

 

Есіңде ме мелде көже, көмештер,

Түнгі түпсіз кеңестер мен егестер,

Қияңдар мен қиялдарға шақырып,

Атой берген қиял жетпес елестер?

 

Есіңде ме, айлы түндер ақ тымық,

Ең алғашқы қатпар үміт, қат күдік,

Қысылғаннан қыз алдында ұят-ай,

Иман сөздер айта алмаған аптығып!

 

Сені қайдам, мен шүкірмін хұдаға,

Біз өсіппіз болмай бұла, құла да.

Жетімдікті елетпеген жегжаттар

Екеуміздің есімізден шыға ма?

 

Содан кейін — алыс ару Алматы…

Таңсық еді-ау әр адамы, әр заты.

Айлағымыз болды ақыры сол қала,

Ақ телегей бұл өмірде қаңбақы.

 

Елемедік: мол ма дүние, тапшы ма,

Өзіміз ек пайғамбар да, бақсы да.

Әбу, Қасым ауызынан бөліп жеп,

Үйрендік  қой ілтифатты жақсыға.

 

Киім болмай лекцияға баратын,

Болатын-ды күнім кейде қара түн.

Есіңде ме, ботинкаға мен үшін

Кеткен еді-ау сенің ілкі жалақың.

 

Күндер келді болған бізге жыр азық:

Сала берді көрер көзге пұл азып.

Кенет бірақ сен майданға аттандың,

Қала бердім мен бұл жақта құлазып.

 

Күзгі кірбең бұлыңғырда сен кеттің,

Көкпен қоса көз жасты мен селдеттім.

Оқ пен оттың ішіндегі егізім —

Сені ойлаумен өтті талай сергек түн.

 

Жаңғырығы жоғалып сол түндерде,

Бітті соғыс, тынды тасыр күндер де.

Қайттың аман, ауыл-елді қуантып,

Мәңгі бақи ұйықтап қалмай бір жерде.

 

Сосын жастық майданында қызды ойнақ,

Аһыладық, үһіледік қызды ойлап.

Қатын деген басталғанда бір пәле

Бір-ақ шықтық Ақтөбеден біз бейбақ.

 

Мен — қазаққа, сен үйлендің татарға,

Гүлшара ғой қосқан сені қатарға.

«Біссіміллә!» — де, күпір болмай, бауырым,

Ол әкелген астың дәмін татарда.

 

Сол Тахашым, келдің сен де елуге,

Далмын, білмей сенбеуге де, сенуге.

Кейитін ең ақ кіргенге шашыңа,

Сол ақ шаштың өзі айналды-ау кемуге.

 

Қартайдым деп қабақ түйме қападан,

Қартайсын деп туған баста ата-анаң.

Шаш сиресе, садағасы басыңның,

Мен үшін сен жассың әлі ботадан.

 

Ақ алмасым сомдап соққан асылдан,

Құштар ең ғой келешекке жасыңнан,

Болды маған аман жүрсең ырза ғып

Ел-анаңды бесігіңе асылған.

 

Менің автопортретім

Білмесең, ей кімсана, даламын мен,
Көргенде кең даланы баламын мен;
Далада аунап алам, ойнап алам,
Кездесіп кеткен сонау бала күнмен.

Шыжыған шілде қақтап шөлмін ғой мен,
Кенезем кеуіп жатқан иенмін ғой мен.
Бір тамған тамшы суға тарығатын
Каңсыған Қарақұммен теңмін ғой мен.

Ұқсаймын шалқып жатқан шалқарға мен,
Шипамын диқанға да, малқарға мен.
Жардыжеп, жағаныұрам, іздепарна,
Арман да, ақтілек те, аңсар да мен.

Басы —қар, бауыры— абаттаумын, байқа;
Заңғармын о заманнан, заумын, байқа;
Досболсаң, қоңетімемейірімжоқ,
Ал егер нәкес болсаң, —жаумын, байқа.

Сондаймын: қазақпын мен жаны жайсаң,
Өткен жол, көрген күннің бәрі—лайсаң.
Келемін керіп тастап кеудемді мен
Татар дәм, көрер кезге басып алшаң.

 

Сабалақ

Аңырақайда айқас, айқас, қаржасу,
Аспан асты алай-түлей шаң да шу,
Шабу, шаншу, ат үстінен жармасу,
Жатыр қызып кек пен ыза, қанды ашу.

Қасарысты қазақ, қалмақ, алысты,
Шабысты да, сайысты да, қағысты,
Талай боздақ ат жалына жабысты.
Көз қарықты, таудай кепті, қарталды,
Тұлпарлардың тірсектері шалысты.
Көкке білеп желкілдеген байрағын,
Баса берді қалмақ жақтың айбары.
Сиреп қалған серіктерден сескеніп,
Әбілмәмбет бас бармағын шайнады.
«Атан әкес, жықтыма жау туымды»,
Деп ызаға Әбілмәмбет буынды,
«Ала кетем жастығымды мен де» деп,
Қынабынан алдаспанын суырды.
Қалды кенет жүзі жайнап жадырай,
Демін тартып дей берді тек: «А, Құдай!»
Бір бүйірден қол келеді құйғытып,
Ұран салып: «Абылай да,Абылай!»
Қыран қанат қас қабағы түйілген,
Жеңіл ғана шидем шапан киінген,
Келе жатыр қолбасында бір жігіт
Қаршығадай тас қомданып шүйілген.
Сарбаздар да ер қасына құнысқан,
Жалақтайды қыннан шыққан қылыштар,
Қолтығына сүңгілерін қысып ап,
Сол бойынша кетті кіріп ұрысқа.

Шаң-шұң қылыш, жатыр көбі кетіліп,
Омақаса түскен жандар өкіріп,
Тіріседі найзаларын емініп,
Сіріседі аттар көкке секіріп.
Сардар да жүр қара мұрты қияқы,
Көктен аққан жарық жұлдыз сияқты.
Ойқастайды ортасында ойраттың,
Баудай қағып ояқты да бұяқты.
Қыза берді түздің дүлей бүлігі,
Таралғылар қара терге шіріді,
Солқылдайды майдан жайдың күдірі,
Басылмайды ат пен айқас дүбірі.
Бесін ауып тынды долы дода да,
Жау жеңілді,жебеп-жасқап жер-ана.
Ат ойнатып ордаға қол оралды,
Қақ төрінде хан отырған обаға…

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button