Білім

Буллинг құрбаны болмаңыз!

Семинар

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Ақтөбе облысы бойынша кәсіби даму институтында баланы мектептегі буллингтен қорғауға қатысты республикалық семинар өтті.

Мақсат — білім беру жүйесінде зорлық-зомбылықтың алдын алу, балаларды құқықтық қорғау және психологиялық қолдау көрсету. Шараға Ақтөбеден бөлек, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қызылорда қалаларынан келген өкілдер қатысты. Олар өзара тәжірибе алмасып, баяндама жасады. Қызылорда қаласындағы Т.Жүргенов атындағы №136 мектеп-лицейінің психологі Самал Берікқызының «Буллинг — қалыпты жағдай емес: балаңызға өзін қорғауға, көмек сұрауға үйретіңіз»тақырыбындағы баяндамасы көпшіліктің оң бағасына ие болды.

Жалпы, буллинг — қорлау сипатындағы жүйелі (екі және одан да көп рет) әрекеттер, қудалау немесе қорқыту, оның ішінде кез келген әрекетті жасауға немесе жасаудан бас тартуға мәжбүрлеуге бағытталған, көпшілік алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын, әлеуметтік желілерде пайдалана отырып жасалған әрекеттер. Яғни сөзбен, психологиялық қысым көрсету немесе күш көрсету арқылы адамның өзгені кемсітуі, қорлауы, үстемдік танытуы. Бұл негізінен оқушылар арасында көп кездеседі. Зерттеулер көрсеткендей, көбіне 10-15 жас аралығындағы жасөспірімдер буллингтің құрбаны болады. Жаңа технологиялардың, әлеуметтік желілердің дамуымен буллингтің жаңа түрі — кибербуллинг пайда болды.Әсіресе бұл карантин кезінде қарқын алды.

Кибербуллинг болған жағдайда не істеу керек?Барлығын скриншоттап, дауыстық хабарламаларды жазып алыңыз. Дәлелге негізделген іс жүргізуді бастауға көмектесетін нақты ақпаратты жинаңыз. Ата-аналарға кеңес: балаңызбен желідегі қауіпсіздік ережелері туралы сөйлесіңіз. Толық жеке ақпаратты желіде орналастырмаңыз — тұрғылықты жері мен оқу орнының мекенжайы, геолокациясы бар фотосуреттер, т.б. жүктемеңіз.

Отбасындағы құндылықтар мен тәрбиелік дағдылар ең алдымен ата-ананың баламен дұрыс қарым-қатынасының негізінде қаланады. Баланың еркін дамуы үшін қауіпсіз орта міндеті мектеп, ата-ана, қоғамға жүктеледі. Олай болса, балаларымызға өзін-өзі қорғау, қарым-қатынас мәдениетін дамытуғаүйретейік!

 А.ҚАПЛИЕВА,

кафедра меңгерушісі.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button