Пікір

Кәсіпкерге қолдау бар

Амангелді ИСМАҒҰЛОВ,

«Берік-А» шаруа қожалығының төрағасы

Президент Жолдауында салмақты мәселелер көтерілді. Соның бірі — кәсіпкерлікті қолдау.

Кезкелген дамыған мемлекетте бірінші кезекте шағын және орта бизнеске назар аударылып, қолдау көрсетіліп отырады. Сондықтан Президенттің осы саланы сөз ете келіп, «жеткілікті деңгейде қаржыландырылмаған» деуінің өзі бұл бағытта әлі де олқылық бар екенін аңғартады. Агроөнеркәсіпті дамыту да кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. Бұл салада ғылыми тұжырымдамаларды кеңінен қолдану керек. Өйткені сапасы сын көтермейтін инфрақұрылым ауыл шаруашылығының өрістеуіне тұсау салып отырғаны жасырын емес. Сондықтан бұл салаға ғылыми тұжырымдаманы кіріктіре отырып, инфрақұрылымды жаңарту — өте өзекті.

Мемлекет басшысы әлеуметтік салаға қатысты да көп жаңалық жария етті.

Әсіресе «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы көпшіліктің көңілінен шықты.

Енді елімізде өмірге келген әр сәбиге арнайы шот ашылып, 18 жасқа дейін жеке жинағы жүргізіледі. Кәмелетке толған әр азаматтың есепшоты, мемлекет жинап берген қаржысы болса, үлкен қолдау емес пе?

Тағы бір тың бастама — әр салаға білікті маман тарту. Бұл тұрғыда дамыған елдер әлемнің мықты ғалымдары мен  білікті мамандардың тәжірибесіне сүйенеді. Бұны «тиімді көші-қон саясаты» деп атайды. Расымен, бұл — мемлекет үшін пайдалы саясат. Кез келген салаға ғалымдарды, өнертапқыштарды шақыру үшін, әрине, тиісті жеңілдіктер, қаржылай преференциялар секілді қажетті жағдайлар жасалуы шарт.

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button