Пікір

Өзгерістер тұсында бірлік бәрінен өзекті

Серік ШАҢҒҰТОВ,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында қазіргі уақытта халықты толғандырып отырған көптеген мәселе қамтылды.

Жолдауда еліміздің басты құндылығы адам екені атап көрсетілген, яғни жүргізіліп жатқан барлық жұмыстар, өзгерістер, реформалар, ең алдымен халықтың өмірін жақсартуға бағытталады. Осыған байланысты еңбекақыны нарықтағы жағдайға сай өсіру, зейнетақы жүйесін жаңғыртып, зейнетақының төменгі базалық мөлшерлемесін біртіндеп көтеру секілді нақты істер жүзеге асатын болады. Бұл 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақы мөлшерін, орташа алғанда, 27 пайызға көбейтеді.

Біз, ардагерлер үшін ең басты, ең маңызды мәселе — ертеңгі ұрпақтың қамы, жастардың болашағы. Осы орайда «Ұлттық қор — балаларға» атты жаңа бағдарламаның қолға алынуы үлкен үмітке жол ашады. Бағдарламаға сай, Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына олар бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады.

Бір жағынан, бұл — табиғи ресурстар, ұлт байлығының игілігін әр отбасының көруіне мүмкіндік ұсынатын нақты қадам болса, екінші жағынан, кәмелетке толып, үлкен өмірге қадам басқан жастарға нақты қолдау болмақ.

Жолдауды тыңдай отырып, қазір еліміз үшін, халқымыз үшін үлкен өзгерістердің уақыты екенін терең сезіне түстік. Президент мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту барысында үкіметтің кейбір құзыреттерін министрліктерге беруді ұсынды. Әр министр өз саласындағы жағдайға жауапты болады, яғни оған сол саладағы олқылықтарды, кемшіліктерді түзету жауапкершілігі жүктеледі. Әр басшыдан өз міндетін қағаз бетінде емес, іс жүзінде орындау талап етіледі.

Сондай-ақ елдегі негізгі саяси институттардың бәрін қайта жаңғыртып, жаңарту ұсынылып отыр. Міне, осындай зор өзгерістердің тұсында халқымызға ең алдымен, ауызбіршілік, ынтымақ керек. Бұл туралы Жолдауда да: «Ел бірлігі қашанда ең басты құндылық саналған. Қазір оның өзектілігі арта түсті», — деп өте орынды атап көрсетілген.

Президент Жолдауындағы бастамаларды іске асыру халықтың билікке деген сенімін нығайтуға, әділетті қоғам орнатуға жол ашады деп сенемін.

Басқа жаңалықтар

Back to top button