Пікір

Ұлттық идеология ұрпақ тәрбиесінен басталады

Марат ҚОЙЛЫБАЕВ,

Ақтөбе облысындағы Ауған соғысы ардагерлері қауымдастығының төрағасы

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауында мектепке дейінгі тәрбие жұмысына ерекше назар аудару керектігін тапсырды.

Шынын айту керек, елімізде идеология ақсап тұр. Осы тұста балабақшаға назар аударылып жатқаны көңіл қуантты. Себебі ұлттық идеология ұрпақ тәрбиесінен, ал білімді, отансүйгіш, жан-жақты, саналы ұрпақты тәрбиелеу балабақшадан басталады.

«Алайда бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды. Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет. Оған қоса тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек.

Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс. Олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайтқан жөн. Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады. Сондықтан балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациялау қажет», — деді Мемлекет басшысы.

Қалай десек те жас ұрпақты тәрбиелеуде балабақша тәрбиешілерінің еңбегі зор. Жыл сайынғы Жолдаулар тәрізді бұл құжатта да Қазақ елінің болашағы — жастарды тұрақты жұмыспен қамту, орта білімнің сапасы, емдеу мекемесі жоқ ауылдарда медпункттер мен фельдшерлік-акушерлік бөлімдер ашу, ең төменгі жалақыны көбейту, бала күтіміне байланысты жәрдемақыны 1,5 жасқа дейін төлеу тәрізді әлеуметтік мәселелер қамтылды.

Жолдаудың қай тұсына назар аударсақ та, бүгінгі таңдағы өзекті мәселелер қамтылғаны көрініп тұр. Алдағы уақытта жүзеге асырылуға тиіс қыруар шаруаның бәрі де — халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін жасалып жатқан дүниелер. Алайда Жолдау жүктеген міндеттерді ел болып жүзеге асыру — ортақ міндет.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button