Әдебиет

Ұлттың ұлы ұстазы

Алдағы 5 қыркүйекте ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толады.

Ахмет Байтұрсынұлы сынды тұлғалар рухани әлемі, рухани «топырағы» аса құнарлы халықтарға ғана бұйырмақ. Бүкіл түркі дүниесінің мақтанышына айналған, халқының тарихына мәңгілік Ұлт ұстазы болып енген ұлы тұлғаның мерейтойы Торғай өңірінде кең көлемде атап өтілмек. Ұлт ұстазын ұлықтауға арналған іс-шаралар Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне — 5 қыркүйекке жоспарланған. Бұл іс-шараларға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, еліміздің барлық өңірлерінен делегациялар, бауырлас түркі жұрттарынан қонақтар қатысады деп күтіліп отыр.

Мерейтойлық шаралар Ақкөлдегі Ахмет Байтұрсынұлының ата-анасы жатқан кесенеге топырақ салу рәсімінен басталмақ. Ұлт ұстазының кіндік қаны тамған жерде, яғни бұрынғы үйінің орнында музей-үйі және Торғайда Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының жаңа ескерткіші ашылады.

Осы күні еліміздегі оқу орындарында да ғылыми-практикалық конференциялар мен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Мерейтой аясында Алаш қайраткерінің таңдамалы еңбектерін орыс, ағылшын және түрік тілдеріне аудару, еңбектерінің 12 томдық толық жинағын баспадан шығарып, ғылыми айналымға енгізу бойынша зерттеу жұмыстары қолға алынған. Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына арналған шаралар еліміз бен бірқатар түркі мемлекеттерінде ұйымдастырылып, Париж қаласындағы ЮНЕСКО ұйымының штаб-пәтерінде қорытындыланбақ.

Бүгін оқырмандарымызға Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығы, саяси, ғылыми қызметіне қатысты мақалалар ұсынып отырмыз.

1912 жылы «Байтұрсынұлы жазуы» атанған Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиі жарық көріп, қолданысқа енгізілді. Биыл бұл оқиғаға 110 жыл толып отыр.

Осыған байланысты біз филология ғылымдарының кандидаты Гүлфар Мамырбекованың мақаласын қысқартып ұсынып отырмыз:

«БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ЖАЗУЫ»

Қазақтың ұлы ғұламасы Ахмет Байтұрсынұлының халқы үшін істеген игі істерінің ішіндегі ең шоқтығы биік қызметінің бірі — араб жазуына өзгерістер енгізіп, қазақ әліпбиін (алфавит) құрастыруы. Осы арқылы ғалым қазақ халқының тез сауаттанып хат тануына, оқу-білімге деген құштарлығының оянуына ерекше ықпал етті.

А.Байтұрсынұлы жазуы дамымаған ұлттың артта қалатынын, оның қоғамдағы қажеттілігін және адам өміріндегі маңызын өзінің шығарған оқулықтарында үнемі ескертіп отырады. Жазу дегеніміз — шын мәнінде, кез келген халықтың рухани деңгейі мен мәдени дамуын көрсететін негізгі құрал. Ғалым осы құралды ұлттық деңгейге көтеру жолында жан аямай еңбек етіп, тер төкті. Себебі сол кезеңге дейін ұзақ ғасырлар бойы қолданыста келе жатқан араб жазуының халықты тез әрі жаппай сауаттандыру жолында үлкен кедергілері мен қиындықтары бар еді. А.Байтұрсынұлы осы кедергілер мен қиындықтарды жоюдың ең бас­ты тәсілі —араб жазуын қазақ тілінің заңдылығына сәйкес реформалау деп білді. Ғұлама осылайша ұзақ ғасырлар бойы өзгеріссіз қолданылып келе жат­қан араб графикасын қазақ халқының игілігіне айналдыру идеясын көтеріп, оны іс жүзінде реформалады. Бұған дейінгі қолданылып жүрген араб жазу жүйесінің қандай кемшілік­тері бар, оны реформалауға не түрткі болды дегенге келсек, дәстүрлі араб жазуында: біріншіден, бір дыбысты жазу үшін бірнеше әріптер пайдаланылатын; екіншіден, сөзді жазғанда оның тек дауыссыз дыбыстары ғана таңбаланатын да, дауыстылары жазылмаған сөздің мағынасын түсіну қиындық тудыратын; үшіншіден, араб әліпбиінде дауысты дыбыстарды белгілейтін таңбалар саны үшеу ғана болғандықтан, бұл таңбалар тоғыз дауыстысы бар қазақ тілі үшін жеткіліксіз болды; төртіншіден, «мұсылманша са­уат ашу» әдісінде әріптердің таза араб тіліндегі дыбысталуы мен айтылуын жаттатумен ұзақ уақыт кететін; бесіншіден, ол кездегі жазба тілдің құрылымында араб, парсы, «ескі тілдің» сөздері көп қолданылатындықтан, қалың бұқараға емес, аз ғана топтың мүддесіне қызмет ететін. Аталған жазудың осындай кем­шіліктері халықты сауаттандыру ісін тежейтінін түсінген А.Байтұрсынұлы 1910 жылдан бастап араб жазуын қазақ тіліне ыңғайластырып, жақындатуды қолға алады да, оны 1912 жылдан бастап қолданысқа енгізеді.

А.Байтұрсынұлы бір халықтың әліпби (алфавит) жүйесін екінші бір халық қабылдағанда оны өз тіліне «икемдеп, үйлестіру» қажеттігін, олай етпеген жағдайда әріп мәселесінің дұрыс шешім таппайтынын 1924 жылы өткен Қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезінде ашық түрде айтқан еді. Ғалым сиезде сөйлеген сөзінде: «Осы күнгі жұрттардың бәрі де өзі шығарған әліпбиін тұтынып отырған жоқ. Бәрінікі де — өзгеден алған әліпби. Еуропа жұрттарының тұтынған әліпбиінің түбі — көне семит әліпбиі. Көне семит әліпбиін өз тіліне үйлестіріп финикий жұрты алған, онан грек алған, гректен латын, Еуропа жұрттары алған. Түркі әліпбиінің түбі де көне семит әліпбиі, олардан куфалықтар алған. Куфалықтардан араб өз тіліне үйлестіріп алған. Арабтан Иран, Түрік және басқа мұсылмандар алған. Солардың қайсысы да бірінің әліпбиін бірі алғанда тұрған қалпында алмаған. Өз тілдерінің дыбыс­тарына қарай өзгеріс кіргізіп алған. Тіліне әліпбидің артығы болса алып тастаған, кемтігі болса әріп қосып толықтырған» дейді. Сондықтан да Ахмет Байтұрсынұлы араб жазуына өзгеріс енгізгенде «ежелеусіз төте оқу» қағидасын басты принцип ретінде ұстанып, оны қазақ тілінің дыбыстық заңдылықтарына икемдеді. Ал бұған дейінгі «жазу-сызудың» жай-күйі, Ахаңның өз сөзімен айтсақ, мынадай болды: «Әуелі әліфті (алфавитті) тегіс жатқа оқытады және де оқытқанда әрбір харіфтің өз үнімен оқытпай, әліпбиде қалай аталса, сол атымен әліп, би, ти, си, мим, ха, дал дегізіп оқытады. Соны оқып болған соң астын, үстін, үтірін оқытады. Мұны оқытқанда да хәріфтің өз дауысын оқытпай, бисын ба, тисын та, сисын са дегізген соң харфтің анық дауысы қалай екенін білмей баланың басы қатады». Яғни «мұсылманша оқу» деп қазақ арасында аталып кеткен бұлайша сауат ашу кезінде араб әліпби жүйесі, таза сол тілдің фонетикалық заңдылықтарына сәйкес үйретілетін. Ал араб тілі мен қазақ тілінің арасында «жер мен көктей» айырмашылықтың барын ескерсек, бұл қазақ баласына «жазу-сызу» үйретуге айтарлықтай кедергі келтіретін. Сондықтан да А.Байтұрсынұлы қазақ халқы үшін «төл әліпби» құрастырып шығарды, бұл — бір. Екіншіден, Ахаң оқу жүйесіне де түбегейлі реформа жасады, себебі бұған дейінгі оқу жүйесі көбіне Құран сүрелерін жаттатқызып, діни білімге негізделетін және қазақша оқу құралы болмағандықтан «бөгде» кітаптарға сүйенуге тура келетін. Ахаңның өзі бұл туралы «Айқапта»: «Қазақша оқу дегенде мен осы күнгі мұсылманша оқып жүрген жолмен оқуды айтпаймын, қазақтың тіліменен оқуды айтамын. Бұл күнгі мұсылманша оқып жүрген жолдың бұлғалақ-жырғалағы көп, онымен жүріп хат жаза білуге жеткенше, русша білуден уақыт кем кетпейді. Себебі қазақ тіліменен оқытпай, ноғай, түрік, парсы, араб тілінде жазылған кітаптар араласып бас қатып, ми ашып, балалар әуре-тәуре болады. Сондықтан оқу керегі даусыз болса, оқуға керек құралдарды сайлау керектігі де даусыз» — деп, «қазақша оқу» мен «мұсылманша оқудың» екі түрлі екендігін ескерткен.

Жалпы қазақ қоғамында ұзақ ғасыр­лар бойы қолданған араб жазу жүйесі үш сатыда қызмет етті: қадим, жәдид, төте жазу. Осылардың ішінде соңғысы, яғни Ахаңның әліпбиі «ана тілінде сауат ашудың ең тиімді құралы» болды. А.Байтұрсынұлының 1912 жылы осы «төте жазу жүйесімен» «Оқу құра­лы» деп аталатын тұңғыш кітабы жарыққа шықты. Бұл қазақ халқының рухани-мәдени өміріндегі үлкен жаңалық болды. Өйткені қазақ балаларына өз ана тілінде хат танып, ана тілінде жазуға жол ашылды. Жалпы, Ахмет Байтұрсынұлы күллі қазақ балаларын жазуға үйрету, хат таныту мәселелерін үнемі көтеріп, қазақ халқын сауаттандыру жолында қыруар қызмет атқарды. «Айқап» журналының, 1911 жылғы 2-санында жарияланған «Қазақ өкпесі» деген мақаласында жазу­дың адам өміріндегі маңыздылығын, сауатсыз, қараңғы халықтың ғылым мен мәдениет өркендеуінен артта қалатындығын, сондықтан оқу-білімі жоқ, жазу-сызуы жоқ қоғамның «надандық құрсауында» болатындығын ашық жазып, «олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, ордалы жерде орыннан қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз — бәрі надандық кесапаты» — деп, өз халқын ағартушылыққа шақырады.

…Қазақ балаларының өз ана тілінде сауаттарын ашып, хат тануына көп күш жұмсаған Ахаң 1912 жылы «Айқап» журналының 4-5 сандарында өзі құрастырған «ұлттық әліпби» жобасын «Жазу тәртібі» деген атпен мақала түрінде жариялап, көпшілік талқысына ұсынады. Онда ғалым: «Оқу керек. Оқу керек емес деп ешкім айтпайды. Сондықтан даулы нәрселер турасында жұрт бір иттифаққа келіп жеткенше, оқуды тәртіпті жолға түсіру жайындағы ойымызды жұрт алдына салалық» дейді. Одан әрі қарай Ахаң араб жазуын не үшін реформалағанын, артық таңбаларды не үшін алып тастағанының себебін: «Тәртіпті жазу деп айтамыз: тілдегі бар дыбыстың бас-басына арнаған белгісі бар болса. Осы күнгі жазуымызда дыбыс басына арнаған белгіміз жоқ, бір белгіменен әлденеше түрлі дыбыстарды жазамыз… Сондықтан әуелі оқу құралын сайлаудан бұрын жазуымыздың тәртібін түзетіп, жөнге салу керек» — дей отырып, араб жазуында дауыссыз дыбыстардың бір емес, бірнеше таңбасы барлығын, олардың жуан және жіңішке болып бөлінетінін, ал қазақ тілінде дауыссыз емес, дауысты дыбыстардың ғана жуан, жіңішке болатынын, сондықтан артық таңбаларды алып тастағанын нақты мысалдар арқылы дәлелдей келе: «Қазақ тілінде 24 дыбыс бар. Оның 5 дауысты, 17 дауыссыз, 2 жарты дауысты» дейді.

…1912 жылдан бастап қолданысқа еніп кеткен Ахмет Байтұрсынұлының алфавиті тек 1924 жылы Орынбор қаласында өткен сиезде ғана ресми түрде бекітіледі. Жалпы, Ахаң ұсынған жазу жүйесімен «Қазақ» газетінің (1913-19 жж.) шығып тұруы және көптеген көркем әдебиет шығармаларының бас­падан шығуы бұл емленің халық арасында үлкен қолдауға ие болғандығын көрсетеді.

«Байтұрсынұлы жазуы» ең оңтай­лы әліпби болып табылғанымен, ха­лық­қа істелген «озбыр» саясат өз дегені­не жетіп, латынға негізделген «жаңа әліпті» қолданысқа ендірді. 1929 жылы 24 қаңтарда Қазақстан Орталық Кеңес Комитетінің ІV сессиясында бұл жаңа әліп «Латын әрпі негізінде құрылған жаңа қазақ әліпбиі деп саналсын» деген қаулы қабылданып, барлық мекемелер мен ұйымдарды жаппай латын жазуына көшуге міндеттейді. Тіпті латын әрпінен «бас тартқысы» келгендер заң алдында жауап беретін дәрежеге жетеді. Бұған жоғарғы үкімет атынан ресми түрде халыққа таратылған «хабарлама» дәлел болады. Онда: «Жарияланып отырған жиырма күннің ішінде бүкіл кеңсе ісі жаңа әліпке көшірілетін болсын. Жаңа әріпті білмеймін деген қызметкерлер жаңа әліптің жасырын жауы деп саналып, сотқа тартылсын», — деп көрсетілген («Еңбекші қазақ». 1931, 25 мамыр). «Халықтың күллі рухани дүниесі араб жазуында жатыр», «араб жазуы — тарих тамыршысы», «халық қазынасының қоймасы» деп, оны жан-тәнімен қорғап, шырылдаған зиялылар қауымы «арабшылдар», «ескішілдер», «қадымшылар», «керітартпалар», «ұлтшылдар», «діншілдер», «молданың шашбауын көтерушілер» деп айыпталды. Өзі құрастырған жазу жүйесін барынша қорғаштаған А.Байтұрсынұлы Кеңес үкіметінің «араб жазуынан айы­ру арқылы тұтас бір халыққа өткенін ұмыттырып, ұлттық игіліктерді саналарынан өшіру» әрекетін жасап отырғанын жақсы түсінді. Ал латын жазуынан орыс жазуы­на көшу мәселесі Алаш көсем­де­рі­­нің, ұлттың қамын ойлаған ұлы тұлғалардың көзін біржола құрт­қаннан кейін, яғни 1937 жылдары қайта көтеріле бастайды. Бұл кезде… қарсылық көрсе­­­тер зия­лы қауымның болмауы себепті орыс жазуын «халықтың сұрауы бойынша» деген сылтаумен еш қиындық­сыз қабылдата салады.

Қорыта айтқанда, А.Байтұрсын­ұлының қазақ балаларының ана тілінде сауат ашуына көп күш жұмсаған тұлға болғандығын оның қаламынан шыққан қыруар еңбектері дәлел болады. Мәселен, «Оқу құралы» (Қазақша әліппе) атты кітабы алғаш рет 1912 жылы Орынборда жарыққа шықты. Бұл еңбегі 1912-1925 жылдар аралығында 9 рет қайта басылып, қазақ қоғамында ұзақ қолданыста болды. Сондай-ақ «Оқу құралының» (Әліппеге жалғасы) 2-кітабы 1913 жылы жарық көріп, 1924 жылға дейін 4 рет басылып шығады. Одан кейінгі «Оқу құралының» (Әліппеге баяншы) 3-кітабы 1913-1921 жылдар аралы­ғын­да 2 рет жарық көреді. Ал ғалымның тек оқушыларға ғана емес, ересектердің сауатын ашуға арналған «Оқу құралы» 1921 жылы, «Сауаташқыш» 1924 жылы басылып шықты. Ал методикалық құрал «Баяншы» 1920 жылы жарыққа шыққан. Сонымен қатар «Әліппе астары» 1924 жылы, ал «Жаңа әліп-би» атты жаңа оқулықты 1926 жылы ұсынады. «Тіл жұмсардың» бірінші бөлімі 1928 жылы, екінші бөлімі 1929 жылы жарық көрді. Ал ғалымның «Тіл — құрал» атты үш кітаптан тұратын еңбегі қазақ мәдениетінде бұрын болмаған тың дүние болды. Себебі бұл кітап — қазақ тілінің фонетикалық және грамматикалық құрылымын талдап, жүйелеп, танытып берген, қазақ тіліндегі тұңғыш ғылыми еңбектің басы еді. «Тіл — құралдың» фонетикаға арналған І бөлімі алғаш рет 1914 жылы жарық көріп, 1927 жылға дейін 7 рет басылып шығады. Бұл кітаптың морфология саласына арналған ІІ бөлімі 1914 жылы баспадан шыққан. Ол да 1927 жылға дейін 8 рет басылып шығады. Синтаксиске арналған ІІІ бөлімі де 1923 жылы жарыққа шығып, 1928 жылға дейін 6 рет қайтадан басылады. Қазақ халқы үшін осыншама қыруар еңбек еткен ұлы тұлға есімін артында қалған ұрпақтар мәңгілікке ұмытпайтыны хақ.

Гүлфар МАМЫРБЕКОВА,

филология ғылымдарының кандидаты.

ҒҰЛАМА ӨМІРІНЕН ОТЫЗ ДЕРЕК

Ол — қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, қазақтың ақыны, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері.

Ол — қазақ ғылымы тарихында ұлттық әліпби жасап, жаңа емле, төте жазу, араб графикасы сынды жаңа үлгі ұсынған реформатор. Ол — қазақтың жүз жылда бір туатын ұлы тұлғасы Ахмет Байтұрсынұлы.

Білдей «Қазақ» газетінің бас редакторы, Алаш Орда үкіметінің белсендісі, ақын, қоғам қайраткері, қазақ мектептерінің оқу құралдарына жаңа емле, араб графикасын енгізген, тұңғыш рет қазақ тарихында ұлттық әліпби жасап, мектептерде ұстаздық еткен педагог әрі мемлекеттік қызметкер болған Ахмет Байтұрсынұлы абақтыға жазықсыз жабылып, босаған соң, Алматыда біраз жылдар бойы жұмыссыз қалады. Нәпақасын табу үшін билет сататын жерде бақылаушы, тіпті ауруханаларда санитар болып жұмыс істейді. Ахаңдай ұлтымыздың жанашыр тұлғасының мұндай күй кешуі — әрбір қазақ үшін обал дүние! Бұл жағдай былай тұрсын, КСРО ішкі істер халық комиссариаты Ахаңды халық жауы деп ату жазасына кесіп, зайыбы Бадрисафаны Шолпан атты қызымен бірге Томск лагеріне айдауға жібереді. Ал асырап алған екі ұлын иттікпен өлтіріп, бір ұлы туысқандарының арқасында аман қалады.

Ахмет Байтұрсынұлының ел үшін жасаған еңбектері, саяси қызметі, шығармашылығы мен тағдыры туралы 30 дерек:

  1. Ахмет өмірге келгенде атын азан шақырып қойған — атасы Шошақ.
  2. Әкесінің інісі Ерғазы Ахметті Торғайдағы 2 сыныптық орыс-қазақ мектебіне береді. Оны 1891 жылы бітіріп, Орынбордағы 4 жылдық мектепке оқуға түседі.
  3. 10 жылдай Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралыдағы орыс-қазақ мектептерінде оқытушы, ал Қарқаралы қалалық училищесінде меңгеруші қызметін атқарады.
  4. А.Байтұрсынұлының саяси қызмет жолына түсуі 1905 жылдан басталады.
  5. 14500 адам қол қойған Қарқаралы арызы авторларының бірі А. Байтұрсынұлы болды. Қарқаралы петициясында жергілікті басқару, сот, халыққа білім беру істеріне қазақ елінің мүддесіне сәйкес өзгерістер енгізу, ар-ождан бостандығы, дін ұстану еркіндігі, цензурасыз газет шығару және баспахана ашуға рұқсат беру, күні өткен Дала ережесін қазақ елінің мүддесіне сай заңмен ауыстыру мәселелерін көтерді. Онда қазақ даласына орыс шаруаларын қоныс аударуды тоқтату талап етілді.
  6. Сол үшін А.Байтұрсынұлы 1909 жылы тұтқындалып, Семей түрмесіне жабылады.
  7. 1910 жылы А.Байтұрсынұлы Орынборға жер аударылады. Ол осы қалада өзінің ең жақын сенімді достары Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлымен бірігіп тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарады. Газет қазақ халқын өнер, білімді игеруге шақырды. А.Байтұрсынұлының Орынбордағы өмірі мен қызметі Ресей үкіметінің қатаң жандармдық бақылауында болды. Ол «Қазақ» газетіне жабылған негізсіз жала салдарынан тағы да абақтыға отырып шығады. Ол «Қазақ» газеті арқылы Қазақ съездері мен Қазақ комитеттеріне саяси-теориялық бағыт-бағдар беріп отырды.
  8. А.Байтұрсынұлы Алаш партиясы бағдарламасын даярлаған топтың құрамында болды. Ол Алаш Орда құрамындағы Оқу-ағарту комиссиясының төрағасы болып бекітілді.
  9. 1919 жылы шілдеде РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі мен Қазақ әскери-революциялық комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды.
  10. 1920 жылы В.И.Ленинге үкіметтің Қазақстанды басқару ісін қатал сынға алған хатын жолдады. Қазақстанның Ресеймен шекарасының қалыптасу ісіне белсенді түрде араласты.
  11. Бүкілресейлік ОАК-нің 1919 жылы 27 тамызда Қостанай уезін Челябі облысына қосу туралы шешіміне қарсы Байтұрсыновтың жазған саяси наразылығы Қостанай уезін Қазақстан құрамына қайтаруға негіз болды.
  12. 1920-1921 жылдары Қазақ АКСР-і халық ағарту комиссары қызметінде болды.
  13. 13. Орынбор, Ташкенттегі Қазақ халық ағарту институттарында қазақ тілі мен әдебиеті, мәдениет тарихы пәндерінен сабақ берді.
  14. Алматыдағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтында ректордың шақыруымен профессор қызметін атқарады.
  15. 15. Ахмет Байтұрсынұлы 1926 жылы Бакуде өткен «Бірінші Түркологиялық Құрылтайдың» төралқа мүшесі болады.
  16. 1929 жылы Алматыда Алаш қозғалысы қайраткерлерімен (жалпы саны 43 адам) бірге тұтқынға алынып, Мәскеу абақтысына жөнелтілді.
  17. 1930 жылы 4 сәуірде А.Байтұрсынұлы ату жазасына кесілді. Шешім жер аударылсын деген үкіммен өзгертіледі. 1934 жылы М. Горькийдің жұбайы
    Е.Пешкованың көмегімен Байтұрсынұлы отбасымен мерзімінен бұрын босатылып, Алматыға оралады.
  18. Алматыда тұрақты жұмысы болмайды.
  19. 1937 жылы 8 желтоқсанда атылды.
  20. А.Байтұрсынұлының алғашқы кітабы «Қырық мысал» 1909 жылы жарық көрді. Ол бұл еңбегінде Ресей отаршыларының зорлық-зомбылығын, елдің тұралаған халін жұмбақтап, тұспалдап жеткізді.
  21. 1911 жылы ақынның ой-толғамдары, кестеленген өлеңдері «Маса» деген атпен жеке кітап болып жарық көрді. «Масаның» негізгі идеясы — жұртшылықты оқуға, өнер-білімге шақыру, мәдениетті уағыздау, еңбек етуге үндеу.
  22. А.Байтұрсынұлы А.Пушкин, М.Лермонтов, Ф.Вольтер, С.Надсон өлеңдерін қазақ тіліне аударды.
  23. Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақаласында Абай өлеңдерінің даралығын, «сөзі аз, мағынасы көп, тереңдігін», сыншылдығын ұғындырды.
  24. Оның «Әдебиет танытқыш» деген зерттеуі (1926) қазақ тіліндегі тұңғыш іргелі ғылыми-теориялық еңбек болды. Бұл еңбегінде өлеңге жан-жақты зерттеу жасап, шумақ, тармақ, бунақ, буын, ұйқас, т.б. ұғымдарға анықтама берді.
  25. А.Байтұрсынұлы Әліпбиі қазақ тілінің табиғатына бейімделген араб жазуы негізінде жасалды. Бұл әліпби ұлттық жазудың қалыптасуындағы ірі мәдени жетістік болып табылады.
  26. А.Байтұрсынұлының «Оқу құралы» (1912) – қазақша жазылған тұңғыш әліппелердің бірі. А.Байтұрсынұлы қазақ мектептерінің мұқтаждығын өтеу мақсатында қазақ тілін пән ретінде үйрететін тұңғыш оқулықтар жазды. Оның үш бөлімнен тұратын «Тіл – құрал» атты оқулығының фонетикаға арналған бөлімі 1915 жылы, морфологияға арналған бөлімі 1914 жылы, синтаксис бөлімі 1916 жылдан бастап жарық көрді.
  27. Сондай-ақ А.Байтұрсынұлы мұғалімдерге арналған «Баяншы» деген әдістемелік кітап жазды.
  28. 1988 жылдан кейін Қазақстандағы көптеген көше, мектептерге А.Байтұрсынұлы есімі берілді.
  29. Тіл білімі институты, Қостанай мемлекеттік университеті А.Байтұрсынұлының есімімен аталды.
  30. 1998 жылы оның туғанына 125 жыл толған мерейтойы салтанатпен атап өтіліп, А.Байтұрсынұлының мұражай-үйі мен ескерткіші ашылды.

Гүлниса АЛДАЖАР.

Басқа жаңалықтар

Back to top button