Басты жаңалықтар

Концлагерь қасіреті

1983 жылы қаңтар айында бір топ студенттер Балтық жағалауындағы қалаларды аралауға сапарға шықтық. Латвия, Литва, Белоруссия Республикаларының  бірнеше қалаларын аралап қызықты әсермен оралдық. Солардың ішінде Белоруссияның Гродно қаласындағы «9-шы форт» деп аталатын концлагерьді көрдік. Бұл қала Польшамен шекаралас жатыр. Неміс самолеттерінен ең алғашқы бомбалары осы жерге түскен екен.

Лагерьдің қабырғалары 1,5 метр бетонмен қаланған, қоршауы да дәл сондай әрі биік. Оған кіргізілген тұтқын ешуақытта тірі шықпайды. Түрлі камералары бар. Барлық камераның табаны 10 см су. Сондықтан адамдарға отыруға мүмкіндік жоқ. Үнемі тамшы тамғандай тырсыл естіліп тұрады, бірақ су не көбеймейді, не кеппейді, не кетпейді. Әлі құрыған тұтқындар бетондағы суға отырса да отырады, отырмаса да отырады.

Бір жақ басын жарға орнатқан, кнопка басқанда аяқ жағы жоғары көтеріліп жарға жабысып қалатын темір тұр, ол да тек күндіз істейді. Екінші қабатқа көтерілетін темір баспалдақ бар екен. Бір адамдық, жіңішке баспалдақтың ең астыңғы бұрышында бір адамдық камера бар. Ең құпия мәліметтерді айтқызу үшін қолға түскен офицерлерді әлгі бұрышқа бүктеп отырғызады да, темір баспалдақ үстімен тұтқындарды аяқтарына ағаш қалып кигізіп, жоғары-төмен айдайды екен. Тас төбесіне шыққан даңғұр-даңғұр дыбыстан әлгі адам есі ауысып шығады. Оған тартқан азабын, жеген соққысын, т.б. қосыңыз. Бұл жерде адамдарды өртейтін пеш те жұмыс істеген. Бұл пеште сабын жасалынған.

Кезінде әкемнің соғысқа қатысқанын, орден-медальдарын мақтанышпен айтып, қатар-құрбыларымызға көрсететінбіз. Қазір ойлап қарасам, сол көрген қорлығы мен азабын  мақтан етіппіз-ау деп ойлаймын.

1941-1945 жылдары менің  әкем Сәрсенбай Шуақбайұлы майдан шебінде Отанын қорғады. Сол соғыста тұтқынға түсіп қалып, концлагерьде болды. 1983 жылы Гроднода болғаннан кейін ғана мен фашизмнің не екенін, әкелеріміз неге соғысқанын, Отанын неге қорғағанын білдім. 1945 жылы соғыс аяқталғанмен, Қиыр Шығыстан Германияның жақтасы Жапония соғыс ашты. Әкем Сәрсенбай сол орыс-жапон соғысына да қатысқанын айтып отыратын еді.

Жеңіс күні қарсаңында әкемнің күллі тағдыры көз алдыма елестеп, тағы да сағынышпен еске алдым.

Бөпежан СӘРСЕНБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button