Пікір

Азық-түлік қорын қалыптастыру керек…

ҚР «Бейбітшілік және келісім» кеңесі облыстық филиалының төрағасы:

Келдібай ЕСПАҒАМБЕТОВ.

  • Президенттің кезекті Жолдауында ел көкейінде жүрген біраз мәселе қозғалды. Осылардың ішінде ауыл шаруашылығы саласын дамыту — күн тәртібінде тұрған басты мәселе. Себебі бұл саланы дамытпасақ, елді азық-түлікпен қамту үлкен проблемаға айналуы мүмкін. Қазіргі таңда әлемде қаншама халық ас-сусыз аш отыр. Қаншама ел судың зарын тартуда. Міне, осы мәселені әріден ойлаған Мемлекет басшысы өз Жолдауында Үкіметке азық-түлік қорын қалыптастыру керегін айтып, нақты тапсырмалар берді.

«Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді. Субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек. Шаруалардың өзара ұжымдасуы ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашып отыр. Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауылшаруашылық кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал мал басы шамамен 25 пайызға көбейген», — деді Президент өз Жолдауында.

Шынында да, біздің өңірде де соңғы жылдары мал саны артып, ауылшаруашылық құрылымдарының жұмысы алға басып келеді. Мемлекет тарапынан шаруаларға түрлі несиелер мен субсидиялар беріліп жатыр. Соның арқасында облыста егін егіп, көкөніс, жеміс-жидек өсіріп жатқан шаруалар да бар. Бұл — жергілікті өнім түрі көбейсе, тұрғындарды азық-түлікпен қамту мәселесі шешіледі деген сөз.

Ауыл шаруашылығы саласын сөз еткенде, жер мәселесін ерекше атап өтуге болады. Себебі мал да, егін мен бау-бақша да жер құнарлы болса ғана өседі. Сондықтан елімізде жердің құнарлығын арттыру, суармалы жерлерді игеру, суды үнемді, тиімді жұмсау сияқты проблемаларды шешуде жаңашылдықтар, озық технологиялар керек. Осыны ескерген Президент Үкіметке алдағы уақытта жер, су және суару жүйесі жайлы ақпараттар енгізілетін цифрлық платформа құруды жүктеді.

Жолдауда айтылғандай, бүгінге дейін елімізде комиссиялардың жүргізген жұмыстарының арқасында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2,9 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылған. Биыл жыл соңына дейін тағы да кемінде 5 миллион гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда игерілмей жатқан, сондай-ақ заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жеткен. Осы орайда Мемлекет басшысы игерілмей жатқан жерлерді қайтаруда министрлер мен әкімдер бірлесе жұмыс жасау керектігін алға тартты. Айта кету керек, біздің облыста да мұндай жер аумақтары кездеседі. Тіпті жайылымдық жер таппай отырған қожалықтар да бар. Егер осындай жерлерді жұмысын тиянақты жүргізіп отырған шаруаларға берсек, олар егін салады, бау-бақша егеді, шөп шабады. Нәтижесінде малға да, тұрғындарға да азық болады.

Биыл көрші елдердегі жағдайларға байланысты елімізде қант бағасы көтеріліп, тапшылық байқалды. Президент мұны өз Жолдауында да атап өтті. Сол үшін алдағы уақытта осындай тапшылықтың алдын алмасақ болмайды. Ертеңін ойлаған ел ғана дамиды. Соны естен шығармайық!

Басқа жаңалықтар

Back to top button