Пікір

Конституциялық реформалардың заңды жалғасы

Нұрлыхан ХАСЕНОВ,

саясаттанушы.

Мемлекет басшысының алдымен Президент сайлауын, одан соң ПарламентМәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын өткізу туралы ұсынысы өте дұрыс әрі жан-жақты сараптан өткен шешім.

Мемлекет басшысының сайлау кампаниясының уақытын жария айтуынан және Президенттік мандатты жеті жылдық бір мерзімге қысқарту туралы ұсынысынан нені байқадық?

Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда тұрақты демократиялық модель қалыптастыруға қатысты саяси бағытын кезең-кезеңімен атқарып жатқанын көрсетті.

Көптеген көршілеріміз бүгінде демократиялық процестерден алшақ саясат ұстанып отыр. Бұл орайда Қазақстан Президенті көрші елдердің алдында жаңа тренд қалыптастырып жатыр. Тоқаевтың тренді — саяси либерализация, билік жүйесін құруда жаңа демократиялық механизмдерді қалыптастыру.

Конституцияға енгізілген ауқымды түзетулер мен өзгерістер биліктің барлық жүйесін қалыптастыруға қатысты түсінікті түбегейлі өзгертті десек, артық айтқандық емес. Президенттің, Парламенттің, жергілікті өзін-өзі басқарудың, партиялардың және сайлау жүйесінің, яғни билік институттарының негізгі өкілеттіліктері қайта қаралды. Осылайша, биліктің арақатынасына қатысты жаңа жүйе құрылды.

Сондықтан бұл институттардың жұмысын сайлау арқылы жаңарту — заңды шешім. Егер Президент сайлауын өткізу үшін жаңа заңдар қабылдау қажет болмаса (сол себепті бұл сайлау бірінші өтеді), ал Парламент пен мәслихаттарды қайта жасақтау үшін «Сайлау туралы» және «Саяси партиялар туралы» заңдарға көптеген түзетулер енгізу қажет. Сонымен қатар партиялардың сайлау науқанына дайындығына да белгілі бір уақыт керек (бастама көтеру, тіркеу және жаңа партиялардың қалыптасуы). Сондықтан Президенттің Парламент пен мәслихаттар сайлауын келесі жылдың алғашқы бөлігінде өткізу туралы ұсынысы ойға қонымды.

Осылайша біз биыл жазда өткен республикалық референдумда қабылданған конституциялық өзгерістерді жүзеге асыра аламыз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button