Ауыл

Төреханның тарысы

Диқан

Қарғалы ауданының шаруалары Қосестек ауылындағы «Қуаныш» шаруа қожалығына тиесілітары, күнбағыс, бидай алқаптарының түйіскен жеріндебасқосты.

«Қуаныш» шаруа қожалығының басшысы Төрехан Сарин биыл бірінші рет «Ваниль» кондитерлік компаниясының тапсырысы бойынша тары дақылын егіпті.

— «Ванильмен» келісімге келіп, биыл тары ектік. Одан басқа күнбағыс, мақсары және арпа-бидай еккенбіз. Астық жинауды бастап кеттік. Биыл түсім де жоғары. Арпа-бидайдың әр гектарынан 25 центнерден астық жинап жатырмыз,—деді қожалық иесі.

«Қуаныш» шаруа қожалығының басшысы майлы дақылдарды Хромтау ауданындағы «Ақжар Агро» компаниясына, дәнді дақылдарды «Рамазан» құс фабрикасына өткізетіндерін айтты.

— Өткен жыл қуаңшылық болды. Биыл шаруалар үшін табысы молжыл болмақ.

Зиянкестер де көп мазалаған жоқ. Арасында арамшөпке қарсы шаралар жасап, тазартып тұрдық. Жұмысшылардың бәрі — ауыл тұрғындары. Егін шаруашылығын жаңадан бастап жатырмын, бұл іске кіріскеніме небары бес жыл болды, — дейді Төрехан Сарин. Фермер ауылшаруашылық техникаларын «КазАгроҚаржы» лизингтік компания арқылы жаңартыпты. Қазіргі таңда шаруа қожалықтың 6 комбайны, 3 егістік кешені және 10 шөп шабатын техникасы бар.

Кездесу барысында қарғалылық шаруалар мен жеке кәсіпкерлер өздері жасаған өнімдерінен көрме ұйымдастырыпты. Қарғалы ауданында арпа, бидай, тары, қарақұмық дақылдары, шұжықтың түрлері, қымыз, сүт өнімдері, лимонад секілді біраз өнім өндіріледі екен. Қосестек ауылдық округінің әкімі Гүлжан Досмағамбетованың айтуынша, бұл ауылда ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәрі бар.

— Тұрғындардың дені әуелі кәсібін үй жағдайында жасап көреді, сол шаруаны меңгере бастаған соң ғана шағын цех ашып, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп жатады. Мысалы, ауыл тұрғыны көпбалалы Наталья Роде грант ұтып, шағын наубайхана ашты. Бүгінде ол округте ерекше кондитерлік өнімдерімен танымал,— дейді округ әкімі Г.Досмағамбетова.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button