Басты жаңалықтар

Ең жоғары атақ еді…

9 мамыр —Жеңіс күні қарсаңында

Бұдан 77 жыл бұрын, 1934 жылы 16 сәуірде КСРО Орталық Атқару Комитетінің қаулысымен Кеңес Одағының Батыры атағы белгіленді.

Бұл атақпен алғаш рет сол 1934 жылы 20 сәуірде «Челюскин» пароходының жолаушылары мен экипажын қиын жағдайдан құтқарған полярлық ұшқыштар Анатолий Ляпидевский (№ 1 «Алтын жұлдыз» медалі), Сигизмунд Леваневский, Василий Молоков, Николай Каманин, Маврикий Слепнев, Михаил Водопьянов, Иван Доронин марапатталды.

Кеңес Одағы Батырының соңғы «Алтын жұлдыз» медалін су түбінде, 500 метр тереңдікте ұзақ уақыт жұмыс жасауға болатынын эксперимент жүзінде көрсеткен суға сүңгу маманы, 3-рангалы капитан Леонид Михайлович Солодковқа беру туралы Жарлық 1991 жылдың 24 желтоқсаны күні шықты. Ал оны бұл атақпен марапаттау сәті КСРО құлаған соң, 1992 жылы 16 қаңтарда өткендіктен, С.Солодков өзіне медаль тапсырған Авиация Маршалы Е.И.Шапошниковке бар-жоғы «Рақмет» деді. Себебі  кеңестік әскери жарлық бойынша «Кеңес Одағына қызмет етемін!» деудің тіпті реті де жоқ еді.

Жалпы КСРО кезінде Кеңес Одағы Батыры атағы 12 775 адамға (3266 адамға қайтыс болғаннан кейін) берілді.

500 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атанды.

Бұл атақты екі рет алғандар — 154 (тоғыз адамға қайтыс болған соң берілді), үш рет алғандар — 3, төрт рет алғандар — 2.

Кеңес Одағы Батыры атанғандар арасында 95 әйел бар. Оның екеуі Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова — қазақ қыздары.

44 Кеңес Одағының Батыры — шетел азаматтары.

Әртүрлі себептермен (көбіне қылмысты болуларына байланысты) 73 адам Батыр атағынан айрылды. Сондай-ақ бұл атақтан айрылған 50 адам қайтадан Батыр ретінде қалпына келтірілді.

Ал 13 адамға  Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы Жарлық ұсыну барысында қате кеткендіктен кейін күшін жойды.

Төрт мәрте Кеңес Одағының Батырлары

Георгий Константинович Жуков

(1.12.1896, Стрелковка деревнясы, Калуга облысы, Ресей империясы, қазіргі Стрелковка деревнясы, Жуков ауданы, Калуга облысы, Ресей — 18.6.1974, Мәскеу, Ресей)

1.29.08.1939 (№ 435 медаль)

2.29.07.1944 (№ 22)

3.01.06.1945 (№ 2)

4.01.12.1956 (№ 1)

Леонид Ильч Брежнев

(19.12.1906, Каменское селосы, Екатеринослав ауданы, Ресей империясы, қазіргі Днепродзержинск қаласы, Днепропетровск облысы, Украина  — 10.11.1982. Мәскеу, Ресей)

1.18.12.1966 (№ 11230)

2.18.12.1976 (№ 97)

3.19.12. 1978 (№ 5)

4. 18.12.1981 (№ 2)

Сондай-ақ Л.И.Брежнев Социалистік Еңбек Ері (17.06.1961).

Үш мәрте Кеңес Одағының Батырлары

Александр Иванович Покрышкин

(19.03.1913, Новониколаевск селосы, Том губерниясы, Ресей империясы, қазіргі Новосибирск қаласы, Новосибирск облысы, Ресей — 13.11.1985, Мәскеу, Ресей)

1.24.05.1943 (№  993)

2.24.08.1943 (№ 10)

3.19.08.1944 (№ 1)

Иван Никитович КОЖЕДУБ

(08.06.1920, Ображиевка селосы, Глухов уезі, Чернигов губерниясы, Украин ССР-і, қазіргі Ображиевка селосы, Шосткин ауданы, Сумск облысы, Украина — 08.08.1991, Мәскеу, Ресей)

1.04.02.1944 (№ 1472)

2.19.08.1944 (№ 36)

3.18.08.1945 (№ 3)

Семен Михайлович Буденный

(25.04.1883, Козюрин хуторы, Дон облысы, Ресей империясы, қазіргі Ростов облысы, Ресей — 26.10.1973, Мәскеу, Ресей)

1.01.02.1958 (№ 10827)

2.24.04.1963 (№ 45)

3.22.02.1968 (№ 4)

Екі мәрте Кеңес Одағының Батырлары

Алғаш рет екінші мәрте Кеңес Одағының Батыры атанғандар (1939 жылдың 29 тамызы) Халхин-Голде жапон интервенттерімен шайқасқа түскен ұшқыштар майор С.И.Грицевец пен полковник Г.П.Кравченко еді. Сәл кейін (1939 жылдың 17 қарашасы) бұларға корпус командирі Я.Смушкевич қосылды.

Бұл үшеуінің де тағдыры келте болды.

С.Грицевец марапатталғаннан кейін бір ай шамасында қаза тапты.

Г.Кравченко 1940 жылы Қызыл Армиядағы ең жас (28 жас) генерал-лейтенант болды. Кейін, Ұлы Отан соғысында авиациялық дивизияны мығым басқарған болатын, бірақ 1943 жылы 23 ақпанда қаза тапты.

Я.Смушкевич 1941 жылдың көктемінде қамауға алынып, сол жылы күзде атылды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында 103 адам (жетеуі қаза болғаннан кейін) екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанды.

Бұлардың арасында үш Кеңес Одағының Маршалы (А.Василевский, И.Конев, К.Рокоссовский), бір Авиация Бас Маршалы (А.Новиков), 21 генерал бар, қалғаны — офицерлер. Екі мәрте Батырлардың ішінде солдаттар мен сержанттар жоқ.

1944 жылы ұшқыш-истребитель майор Н.Гулаевқа үшінші мәрте, ал бірқатар ұшқыштарға екінші мәрте «Алтын жұлдыз» беру туралы Жарлық шықты. Бірақ бұлар марапат тапсырылар қарсаңда ресторандағы бір отырысты өрескел жанжал, төбелеске айналдырып, бұл дүрбелеңнің соңы әлгі Жарлықтың күші жойылуымен аяқталды.

Екінші мәрте Батырлар қатары соғыстан соң да ұлғая берді.

Мысалы, Кеңес Одағы Маршалдары Р.Малиновский, И.Баграмян, К.Москаленко және М.Захаров екінші «Алтын жұлдызды» соғыстан соң әртүрлі мерейтойларына байланысты алды.

Ал Кеңес Одағы Флот Адмиралы С.Горшков, Кеңес Одағы Маршалдары К.Ворошилов пен А.Гречко тек бейбіт заманда ғана екі мәрте Батыр болды.

Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанған соңғы адам — Ұлы Отан соғысы жылдарында танк бригадасының командирі болған генерал-майор А.Асланов. Оған екінші «Алтын жұлдыз» беру туралы Жарлық қайтыс болғаннан кейін, 1991 жылдың 21 маусымында шықты.

1969 жылы Кеңес Одағы Батыры атағын бір жылда қатарынан екі рет алған ғарышкерлер тізімге енді. Ғарышкерлер В.Шаталов пен А.Елисеевке бұл атақ сол жылы 22 қаңтарда және 22 қазанда берілді.

Қорытындылап айтқанда, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын алғандар саны — 154. Одан әрі жіктесек, ұшқыштар — 71, бұл ретте екі рет Батыр атанған 35 ғарышкердің 19-ы Қарулы Күштер офицерлері екендігін де ескерген жөн, танкистер — 15, теңізшілер — 3, партизандар — 2.

Екі мәрте Батырлар арасында бір ұшқыш-ғарышкер әйел бар — С.Савицкая, ал оның әкесі Кеңес Одағының Авиация Маршалы Е.Савицкий де екі мәрте Кеңес Одағының Батыры.

Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын алғандардың бірі қазақ Талғат Бигелдинов екенін, әсіресе, осы Батырдың есімі берілген Әуе қорғаныс күштері әскери институты бар Ақтөбе мен оның тұрғындары ерекшелеп айтады.

Бұл атақ Батырға бірінші рет 1944 жылдың 26 қазанында, екінші рет 1945 жылдың 27 маусымында берілген болатын.

Т.Бигелдинов 1922 жылы 5 тамызда Ақмола облысының Майбалық аулында туған. Майданға 1942 жылы аттанып, көк жүзінде 500 сағат болды, 305 рет әскери шабуылға шығып, жау ұясы — Берлинді алуға бірінші болып қатысты. Авиация генерал-майоры.

Талғатпен қатар тағы да үш қазақстандық С.Луганский, М.Павлов, Л.Беда екі мәрте Батыр атанды.

Ереже бойынша екі рет Батыр болғандардың қола мүсіні туған жеріне орнатылатын болды.

Үш рет Батыр атанғандардың мүсіні Кремльден орын алды.

Екінші және үшінші «Алтын жұлдыз» алғандарға ереже бойынша Ленин ордені қоса берілмейтін еді.

Ал төртінші рет Кеңес Одағының Батыры атанғандарды қалай ерекшелеу туралы немесе бір адамды бұл атақпен қанша ретке дейін марапаттауға болатыны жөнінде Жарлықта ештеңе айтылмаған болатын.

Интернет материалдары бойынша әзірленді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button