Мереке

Облыста 60-тан астам шара өтеді

Биыл 30 тамыз — ҚР Конституция күніне орай облыста 60-тан аса іс-шара ұйымдастырылады. Ал мерекедегі басты шара 30 тамыз күні Ақтөбе қаласындағы Тұңғыш Президент атындағы саябақта кешкі сағат 18.00-де «Ата Заңым Айбыным» тақырыбында өтеді. Сондай-ақ осы шарада «Мерейлі отбасы» ұлттық жобасының облыстық кезеңінің жеңімпаздары марапатталады. 

Бұл туралы кеше өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева айтып берді.

— Биыл Конституция күніне арналған мерекелік іс-шаралар жоспарында Конституцияға енгізілген өзгерістер аясындағы жаңа саяси реформалардың перспективаларын талқылау бойынша ғылыми-практикалық конференциялар, дөңгелек үстелдер, сараптамалық кездесулер өткізіледі. Атап айтсақ, кеше ғана Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде «Ата Заң – елдігімнің еңсесі» тақырыбында ғылыми конференция мен Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мемориалды музейінде «Ата Заң — аппақ үміт, асқақ мақсат» тақырыбында колледж студенттерімен флешмоб өтті. Алда 27-30 тамыз аралығында №1 Ақтөбе қаласының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде шахматтан облыстық біріншілік, облыстық жастар ресурстық орталығында «Айбынды Ата Заңым» тақырыбында пікірталас, Малкеждар Бөкенбаев атындағы Ақтөбе Заң институтында «Конституция — халықтың төл құжаты» атты дөңгелек үстел, Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада «Ата заң – тәуелсіздік тірегі» тақырыбында танымдық көрме, «Ақтөбе-Дарын» орталығында «Айбарлы асқар елді асқақтатар Ата Заң» атты облыстық эссе байқауы, сондай-ақ Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Ата Заң – бейбіт елдің тірегі» тарихи сағаты өткізіледі, — деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, 30 тамызда Ақтөбе қаласындағы және аудандардағы мәдениет үйлерінде, орталық саябақтарда концерттік бағдарламалар, салтанатты шаралар өтеді.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Back to top button