Ауыл

Елу жылда ел жаңа

Ауыл — ел бесігі

Биыл Темір ауданының құрылғанына 50 жыл толып отыр. Осы атаулы датаға орай жұртшылық көп шоғырланатын аумақтар абаттандырылып, жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мерейтой аясындағы ауқымды шаруалардың бірі — Шұбарқұдық кентіндегі орталық саябақтың жөндеу жұмыстары. «ҚР Тәуелсіздігіне — 20 жыл» деп аталатын демалыс орны аз уақытта жаңа реңкпен қақпасын қайта ашпақ. Қазіргі таңда мұнда жиектастар төселіп, жаяу жүргіншілер жолы мен веложолақ салынып жатыр. Жалпы аумағы 3,5 гектардан асатын саябақтағы жаңартулар туралы:

— Аудан орталығында 2 ғана саябақ бар. Соның бірі — осы аумақ. Бұл жерге 2011 жылы ішінара жөндеу жұмыстары жүргізілген. Енді ауданның 50 жылдығына орайластырып жаңартып жатырмыз: саябаққа жиектастастар төселіп, жаяу жүргіншілер мен велосипед жүргізушілерге жағдай жасалмақ. Сондай-ақ, түрлі құралдармен қамтылған спорт алаңы салынады. Футбол, баскетбол, волейбол, тіпті қыс мезгілінде хоккей ойнауға ыңғайлы алаңдар жасақталады.

Субқұрқақ, жайлы орындықтар орнатылып, жарықшамдар қойылады. Сейіл құратын басқа да орындар қарастырылады. Сонымен бірге шағын кәсіпкерлік иелеріне арнайы жер бөлініп отыр. Олар мұнда саудасын жасап, келушілерге қызмет көрсете алады. Саябақтағы жөндеу жұмыстарына бюджеттен 240 миллион теңге бөлінді, — дейді Темір ауданы әкімінің орынбасары Жандәурен Қойшыбаев.

Мердігер ұйым — «Азамат-құрылыс» ЖШС. Қазіргі таңда құрылыс басында 40 адам еңбек етіп жатыр. Олардың дені — жергілікті тұрғындар.

Жаңғыртылып жатқан орталық саябақ қыркүйек айында ашылады деп күтілуде.

Күз мезгілінде аудан орталығында ипподромда пайдалануға берілмек.Ат спортымен айналысушыларға, әсіресе көкпар, аударыспақ ойындарын өткізгенде таптырмас орынның құрылыс жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. 700 көрерменге шақталған үшқатарлы орынжай, сахна, төрешілерге арналған орын, жарықшамдар орнатылып жатыр. Сондай-ақ ат спорты ойындарын тамашалаушылардың қауіпсіздігі үшін қоршаулар қойылып, адамдар өтетін жерге — 1700 шаршы метр аумаққа жиектастар салынбақ. Және киіз үй тігілетін аумақтар жасақталады. Бұған 32 миллион теңге қаржы аударылған.

— Біздің ауылдың жігіттері елімізді айтпағанда, Башқұртстанда өткен аламан бәйгелерде, ат спорты бойынша ойындарда жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Сондықтан аудан тұрғындары үшін ипподром бұрыннан керек еді. Енді, міне, өлкенің 50 жылдығына орай жаңа нысанның тапсырылатынына бәріміз ризамыз, — дейді аудан тұрғыны Тілекқабыл Сүндетов.

Мерейтой тартулары мұнымен шектелмейді. Атқарушы биліктің бастамасымен маусым айында Шұбарқұдық кентіне кіреберісте стела орнатылды. Биіктігі он метрден асатын стелада «1972-2022» деп жазылыпты. Яғни ауданның құрылған жылы мен биылғы дата. Темір ауданының логотипі және бар.

— Стеллаға аудан бюджетінен 20 миллион теңге жұмсалды. Жан-жағы қоршалып, жарықтандырылуы жүргізілген. Айналасына гранит тас төселді, — дейді Темір ауданы әкімінің орынбасары Жандәурен Қойшыбаев.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

 Темір ауданында 1 қала мен 9 ауылдық округке қарасты 25 елді мекен бар. Мұндағы халық саны — 38,193.

БИЫЛ СУ МЕН ГАЗ ҚАЙ АУЫЛДАРҒА БАРАДЫ?

Қазіргі таңда Темір ауданындағы 21 елді мекен, яғни тұрғындардың 97,5 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтылса, 14 ауылға газ жеткен. Ал 19 елді мекен ұялы интернет желісіне қосылыпты. Басқалар өркениет игіліктеріне қашан қол жеткізеді?

Кеңесту ауылдық округіне қарасты Қалмаққырған елді мекеніне ауызсу жететін күн жақын. 500-ге тарта тұрғыны бар ауылға тіршілік нәрін тарту жұмысы туралы:

— Былтыр тұрғындар су мәселесін мықтап көтерді. Енді, міне, сол көпшіліктің тілегімен ауылға инфрақұрылым желісі  жетіп отыр. Құбырды тартуда ауылішілік жұмыстар аяқталып қалды. Бұған 278 миллион теңге бөлінді, — дейді Кеңесту ауылдық округінің әкімі Жәнібек Маясаров.

Халқы негізінен мал шаруашылығымен айналысып, теміржол саласында жұмыс істейтін елді мекенде 9-сыныптық мектеп те бар.

Темір ауданы әкімінің орынбасары Жандәурен Қойшыбаевтың айтуынша, әзірге 21 елді мекенде ауызсу құбыры тартылған.

— Жыл соңына дейін ауызсумен қамтылатын тұрғындардың үлесін 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Осы бағытта 3 ауылда — Шығырлы, Еңбекші, Қалмаққырғанда ауызсу желісінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге халық саны аз 3 ауылға — Бабатай, Бірлік, Жамбылға кешенді су тазарту блок-модульдерін орнатылды. Жыл соңына дейін Қопа, Бәшенкөл, Сарытоғай, Шибұлақ ауылдары осындай құрылғылармен толығады, — дейді.

Газ мәселесі де өзекті. Әзірге аудандағы тұрғындардың 89,4 пайызы көмір түсіріп, пеш қыздыруды ұмытқан. Қазіргі таңда Алтықарасу мен Еңбекші ауылдарына газ желісінің құрылысы жүріп жатыр. Бұған 1 миллиард 116 миллионтеңге бөлінген. Атқарушы билік өкілі осы жобалар толық іске асқанда, тұрғындардың ендігі 93,1 пайызы газбен қамтылатынын айтады.

Қазіргі таңда 19 ауылда мобильді интернет бар. «Осы жылы Шығырлы, Бірлік, Алтықарасу, Еңбекші, Сарытоғай, Құмқұдық, Бабатай ауылдарында мобильді интернет желісінің сапасын жақсарту жоспарланып отыр. Шитүбек ауылына 3G мобильді интернеті және Ақсай, Сарытоғай ауылдарына байланыс мұнарасы орнатылады», — деп атап өтті Жандәурен Қойшыбаев.

АУЫЛДАРДАҒЫ ЖОЛДАР ЖАҢАРАДЫ

Темірдегі 3 аудандық маңызы бар және 19 ауылішілік автомобиль жолдарының құрылыстары мен орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Темір ауданы әкімінің орынбасары Жандәурен Қойшыбаевтың айтуынша, Тасқопа ауылына кіреберіс автомобиль жолын орташа жөндеу жобасы 2022-2023 жылдарға жоспарланған. Жоба құны — 1,35 миллиард теңге. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Сол сияқты Сарытоғай ауылына кіреберіс автомобиль жолын орташа жөндеу жобасы былтыр басталып, 2 шақырымы жөнделген. Жоба құны — 164,9 миллион теңге. Биыл облыстық бюджеттен жөндеу жұмыстарын аяқтау үшін 29,4 миллион теңге бөлініпті. Ақсай ауылында да осыған ұқсас қалыпқа келтіру жұмыстары қолға алынбақ.

— Шұбарқұдық кентіндегі Жамбыл, Махимов, Ойыл, Геолог көшелеріндегі жолдардың құрылысын осы айдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен бірге Кеңқияқ ауылының 9 көшесінің автомобиль жолдары құрылысына аудандық бюджеттен қаражат аударылды. Қазіргі уақытта мердігер анықталды, құрылыс жұмыстары енді қарқын алмақ.

Мұндай жоба Қопа ауылында да жүзеге асырылады. Жол сапасын жақсарту бағытында бұдан да басқа жобаларымыз бар. Қаржының мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңмен орындалатын болады, — дейді ол.

Айта кетейік, Темір ауданы аумағында барлығы  417 шақырым 345 метр автомобиль жолдары бар. Оның ішіндереспубликалық маңыздағы 75 шақырым, облыстық маңыздағы 253 шақырым, аудандық маңызы бар — 89,345 шақырым.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Ақтөбе-Темір-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Back to top button