Мұражайдағы ерекше көрме
Биылғы жыл Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы мәдени алмасу жылы болып жарияланды. Осыған орай Конституция күні қарсаңында облыстық тарихи-өлкетану музейі мен «Қазақстан кәрістер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі Ақтөбе филиалы бірлесіп, кәріс халқының мәдениетінен сыр шертетін «Ақтөбе облысының корейлері: тарих және мәдениет» тақырыбында көрме жасақтады.
Көрменің ашылу салтанатына Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен «Қазақстан кәрістер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі Ақтөбе филиалының шығармашылық ұжым өкілдері, облыс әкімі аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесі мен мұражай қызметкерлері, өлкетанушылар қатысты.
Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының меңгерушісі Маржан Қорғанбаева биыл Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толып отырғандығын жеткізді.
- Қауымдастық ширек ғасырдан астам уақыттан бері өңірдегі өзге мәдени-ұлттық орталықтармен тығыз байланыста жұмыс жасап, облыстың өркендеуіне, мәдениеті мен тарихына өз үлестерін қосып келеді. Қауымдастық құрамында қызмет етіп жүрген талай азаматтар бар. Сондықтан бүгінгі жиналған баршаңызды осындай тарихтан сыр шертетін көрменің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын, — деді ол.
Бұдан кейін шарада «Қазақстан кәрістер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалы қамқоршылық кеңесінің төрағасы Константин Цхай, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали, өлкетанушы Баянғали Құлтаев, т.б. сөз сөйлеп, көрменің маңызы туралы өз пікірлерін білдірді.
Шара соңында музей директоры Мейрам Дүйсенғали көрменің жасақталуына үлес қосқан «Чхинсон» вокалдық-хореографиялық ансамблінің жетекшісі, қауымдастық мүшесі Галина Ажгалиеваға Алғыс хат табыс етті. Сондай-ақ қауымдастықтың шығармашылық ұжымы би билеп, ән айтып, өз өнерлерін ортаға салды.
Айта кету керек, аталған көрмеге кәріс халқының ұлттық мәдениетінен сыр шертетін құнды әрі бірегей тұрмыстық және музыкалық саз аспаптары, ер және әйел адамдардың ұлттық киімдері, діни наным-сенімдерге қатысты дүниелері, фотоматериалдар, құнды тарихи-әдеби кітаптар қойылған.
Көрме алдағы бір ай көлемінде облыс тұрғындары мен қонақтары назарына ұсынылатын болады.
Данагүл ҚАЗИХАН.