АЛАЯҚ SMS АҢҒАЛ АБОНЕНТ
Жақында ұялы телефоныма «Құрметті абонент, құттықтаймыз! Сіз «NOKIA» компаниясынан Бас жүлдені — «NIVA-CHEVROLET» көлігін ұтып алдыңыз. Жүлдені алу үшін хабарласыңыз» деген SMS хабарлама келді. Алғашқыда селт еткенмен, бойымды бірден жиып алдым. Мен ешқандай акцияға қатыспаған едім, алдап отырған біреулер шығар деген ой келді. Дегенмен көрсетілген нөмірге телефон шалдым. Ар жағындағы дауыс менің шындығында да автокөлік ұтып алғанымды айтты. Оны алу шарттарын білу үшін алдымен 5 000 бірлікті сатып алып, осы телефонға қайтып хабарласуым керектігін хабарлады. Және жеке куәлігім, салық төлеушінің нөмірі және жеке әлеуметтік код болса жеткілікті екенін айтты. Мен олардың орналасқан кеңсесін сұрап, құжаттарымды барып тапсыратынымды айтып едім, олар бұл жөнінде ақпарат бермеді. «Сіз алдымен 5000 бірлікті сатып алыңыз, қалғанын содан соң айтамыз», — деді. Мен сенбейтінімді және олардың алаяқ екендігін айттым. Ар жағындағылар «ләм-мим» деместен телефон тұтқасын тастай салды.
Соңғы кезде осы секілді ұялы телефон арқылы алаяқтық жасайтындар көбейіп кетті. Алданып қалған аңғалдар да аз емес.
Телефон алаяқтығының түр-түрі бар.
Облыстық ішкі істер департаментінің мәліметінше, жыл басталғалы бері телефонға сенем деп «құм қауып» қалған 13 азамат тіркелген.
— Ақтөбеде телефондық алаяқтық фактілері жиілей түсті. Мысалы, тұрғындардың үй телефонына белгісіз біреу қоңырау соғып, өзін полиция қызметкерлері ретінде таныстырып, пәтер иелерінің ұлы немесе туыстары қылмыс жасауға күдікті ретінде ұсталғандығын хабарлайды. Әрі қарай қоңырау соғушы мәселені оңай шешуді ұсынып, ұсталған адамның белгілі бір сомаға босатылатынын айтады. Ақшаны әдетте такси жүргізушілері арқылы жіберуді немесе мобильдік телефон шотына аударуды ұсынады.
Мұндай қылмыстарды ашу қиын, өйткені алаяқтар «бір реттік» нөмірлерді пайдаланады. Ұялы телефонға еркін саудадағы сим-карталарды сатып алып, бірнеше қоңырау соғады да, кейін лақтырып тастайды.
Осыдан бірнеше күн бұрын Сазды полиция бөліміне Ақтөбе қаласының бір тұрғыны жүгінді. Оның айтуынша, белгісіз біреу алдап, 100 мың теңге көлемінде ақшасын иемденген. Оқиға жоғарыда айтып өткеніміздей өрбіпті. Жәбірленушінің үйіне қоңырау соққан. Алаяқ өзін қалалық ішкі істер басқармасының тергеушісі ретінде таныстырып, қызы марихуана сақтағаны үшін ұсталғанын хабарлап, АҚШ-тың 2000 долларын талап етеді. Жәбірленуші танымайтын ер адамнан қолында бар 100 мың теңгесін беріп жіберіп, қызына хабарласады. Сөйтсе, оны ешкім де қамауға алмаған екен. Бұл оқиға бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 177-бабы («Алаяқтық») бойынша қылмыстық іс қозғалып, жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде.
Сондықтан, облыс және қала тұрғындарына осындай қоңыраулар шалынса, абай болыңыздар демекпіз. Кезіккен жағдайда алдымен аталған туысыңызбен хабарласып немесе полиция бөліміне жүгініп, туысыңыздың қамауға алынған, алынбағандығын нақтылау қажет екендігі туралы ескертеміз, — дейді облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Алмат Иманғалиев.
Мұндай алаяқтық әрекеттерден ұялы байланыс операторлары да хабардар. Олар да өз тарпынан халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Мәселен, GSM Қазақстан/Kcell компаниясы өз пайдаланушыларына алаяқтықтың алдын алу керектігін ескертіп хабарламалар жіберуде. Және www.activ.kz сайтында Kcell абоненттері неғұрлым көбірек кездесетін мобильді алаяқтық түрлері жайында егжей-тегжейлі біле алады.
ОҚЫҢЫЗ, БІРАҚ ОЙЛАНЫҢЫЗ!
Жалған жүлде — сіздің ұялы телефоныңызға қандай да бір ірі компанияның (радиостанция, дүкендер желісі) ұтыс ойынын өткізіп жатқандығы туралы қоңырау немесе SMS келіп, құнды жүлде ұтып алғаныңыз туралы баяндалады. Алаяқтар сізден ұтып алған жүлде салығын немесе жеткізу үшін белгілі бір көлемде қаржыны нөмірлерге аударуды немесе төлем карталарын сатып алып, олардың құпия кодтарын айтуды ұсынады.
Қысқа нөмірге бағасы қымбат SMS жолдау — егер сізге қысқа нөмірге (көп жағдайда төрт таңбалы) жауап беруді сұраса, бұл — құны жүздеген теңге тұратын контент-провайдерлердің қымбат қызметі болуы мүмкін. Мәселен, «Сіз дауыстық хабарлама немесе ММS алдыңыз, оны тыңдау үшін ХХХХ нөміріне ҮҮҮҮ коды бар SMS жолдау қажет» деген мәтін келеді. Егер сіз шынымен дауыстық хабарлама алсаңыз, нөмірге келген мәлімдеме 2000 нөмірінен басталған болуы қажет. Осы секілді хабарлама алсаңыз ақпаратты нақтылау үшін компанияның ақпараттық-анықтамалық қызметіне хабарласқан дұрыс.
Туыстың қайғылы оқиғаға ұшырауы – қоңырау шалушы өзін сіздің туысыңыз немесе әріптесіңіз екеніне иландырып, қайғылы оқиғаға ұшырағанын айтады. Басқа біреудің телефонынан қоңырау шалып тұрғанын хабарлайды. Әрмен қарай төлем карточкасын сатып алып, құпия кодты айтуыңызды сұрайды. Компьютерлік вирус – компьютеріңіздің мониторында мынадай хабарлама пайда болады: «Вирус табылды, оны жою үшін ҮҮҮҮ мәтінін ХХХХ нөміріне жолдаңыз». Windows операциялық жүйеңіздің лицензиясы таусылғанын, оны ұзарту үшін ХХХХ нөміріне ҮҮҮҮ мәтіні бар SMS жолдау қажеттігі айтылады.
Жетім немесе ауру балаларға көмек керек екендігі жөнінде де хабарлама келеді. Ондайда телефон нөмірі көрсетіледі. Ол телефонға шалынған қоңыраудың әр секунды үшін сізден ақша ұсталып жатады.
Тағы бірі «сіздің телефоныңыз істен шыққалы тұр, оның алдын алу үшін мынадай нөмірге хабарлама жіберіп, нөміріңізді қайта тіркетесіз» деген мағынада болады. Мысалы, *105*050 ХХХ ХХ ХХ*200# секілді нөмір көрсетіледі. Бұл ретте телефоныңыздағы бар ақшадан айырылып қаласыз.
Көшеде кездейсоқ біреу анасына телефон шалуы керектігін айтып, қатты қысылса да сенбеңіз, ол телефонды қолына алғаннан соң бірнеше минуттан кейін барлық бірліктеріңіз жоқ болып шығады.
Бұл – мобильді алаяқтардың аңқау жандарды алдап соғуда жиі қолданатын негізгі тәсілдері. GSM Қазақстан/KCell–дің қоғаммен байланыс жөніндегі мамандары
өз абоненттерін сайттағы арнайы бөліммен танысуға шақырады. Ондағы ақпарат пен кеңес мобильді алаяқтардың алдауына түсуден сақтандыратыны сөзсіз. Алаяқтықтың жолын кесудегі ең қарапайым әдіс – кез келген мәліметті тексеру.
ҮЙ ТЕЛЕФОНЫ АРҚЫЛЫ ДА ҮПТЕЙДІ
Соңғы кезде телефон арқылы ақша бопсалаудың түр-түрі шығып жатыр. Мәселен, ұялы телефон ғана емес, үйдегі телефондарға да қоңырау шалушылар көбейіп кетті.
Ақтөбе қаласындағы жергілікті телеарналардың жүгіртпе жолдарында «Звонок удачи» — мына телефонға хабарлассаңыз сәттілікті қапы жібермей, ұтысқа кенелесіз деген жарнамалар шығып жүр.
Соңғы кезде үйге күдікті нөмірлерден қоңырау шалатындар да көбейіп кетті. Жақында 808….. деп басталып соңы 0-ден аяқталатын телефон бірнеше рет қоңырау шалды. Таныс емес нөмір болған соң қателескен біреу шығар деп тұтқаны көтермедік. Кейін білсем, телеарнадан көрсетіліп жатқан сол «сәттілік қоңырауының» нөмірі болып шықты. Мұндайда телефон тұтқасын көтерсең, сенің есебіңнен ақша ұсталады екен. Ал телефондары нөмір анықтағыш қызметіне қосылмаған тұрғындардың опық жеп жатқандары қаншама!?
Оның үстіне соңғы кезде телеарналарда ойын түрінде өткізіліп жатқан ұтыстар қаптап кетті. Қойылған сұрақтары оп-оңай болғанымен, телефон шалу өте қиын. Бір рет қоңырау шалғаныңызда ала қоймайды. Кейін түсе қалсаңыз, ар жағындағы оператор «тоса тұрыңыз» деп ондаған минут күттіріп қояды. Соңында шыдамыңыз таусылғандықтан тастап жібересіз. Кейін үйіңізге телефонның түбіртегі келгенде оңай олжа табамын деп жүріп, ойсырай ұтылғаныңызды бір-ақ білесіз.
Қазір жастардың көбі интернет арқылы байланысқа шығады. Олар бір-біріне телефон нөмірлерін береді. Сондай сұлу бойжеткендердің бірі танысына нөмірін береді. Бірақ өзінің қоңырау шалатынын ескертеді. Сөйтіп бейтаныс қыздың телефон арқылы айтқан әңгімесін есі кетіп тыңдағандар бұл әңгіменің тегін еместігін кеш біледі. Осындай құрыққа іліккен бір танысыма айдың соңында 56 мың теңгеге есепшот келгенде есінен танып қала жаздағаны бар. Ол «мен өзім звондаған жоқпын» деп азар да безер болады. Бірақ ақша соның атына келіп тұр…
P.S. Айта берсек, мұндай деректер толып жатыр. Дегенмен, тұрғындардың алаяқтардан абай болғаны жөн. Құқық қорғау органдарына да мұндай оқиғаның ізін ашу оңайға соғып отырған жоқ. Сондықтан өзіңізге ғана сеніңіз.
Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.



