Мереке

Демократиялық құндылықтар бастауы

Конституция термині латын сөзінен алынған. Ол латынша — constitio, мағынасы — белгілеу, орналастыру. Ал қазіргі түсінік бойынша, Конституция — мемлекеттің негізгі Заңы. Ғылыми, саяси, құқықтық тұрғыда Конституция материалдық, нысандық мағынада өзіндік мән-маңызға ие.

Алғашқы Қазақстан Конституциясы 1926 жылы 18 ақпанда КСРО құрылғаннан кейін, 1925 жылғы РСФСР Конституциясы ескеріле отырып, ҚазАКСР Орталық атқару Комитетінің Қаулысымен түпкілікті редакцияда қабылданды, өйткені бұл кезде Қазақстан — РСФСР-дың бір бөлігі еді. Бұл негізгі заң басқару нысанын, мемлекеттік құрылысты, саяси режимді, мемлекеттік билік органдарының құрылымын, атқарушы-өкім беруші органдарын бекітті. Сайлау құқығының, бюджеттік құқықтың негізгі бастаулары белгіленді. Осы Конституцияға сәйкес Қазақстан РСФСР құрамындағы толық құқықты республика болып танылды.

Бүкілқазақ Кеңестерінің X съезінде 1937 жылғы 26 наурызда қабылданған Қазақ КСР Конституциясы 11 тараудан және 125 баптан тұрды. Онда: «КСРО Конституциясының 14-бабының шегінен тыс Қазақ КСР-і өзінің егенмендік құқықтарын толық сақтай отырып, мемлекеттік билікті дербес жүзеге асырады», —деп жазылған еді.

IX шақырылған республика Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс VII сессиясында 1978 жылы 20 сәуірде қабылданған Қазақ КСР Конституциясы кіріспеден, 10 бөлім, 19 тарау және 173 баптан тұрады. Конституцияға сәйкес, бүкіл өкімет билігі жұмысшы, шаруа және еңбек интеллигенциясы таптарына жататын халықтың қолында болды.

Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда XII шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің IX сессиясында қабылданды. Ол кіріспеден, 4 бөлім, 21 тарау және 131 баптан тұрады. Конституция Қазақстан мемлекеттік егемендігін алған сәттен бергі көптеген құқықтық нормаларды:халықтық егемендік; мемлекет тәуелсіздігі; билікті бөлісу принципі; қазақ тілін мемлекеттік деп тану; Президентті мемлекет басшысы деп тану, сот органдарын Жоғарғы, Конституциялық және Жоғары Арбитраждық соттар және басқаларды қамтыды.

Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды. Бұл күн мемлекеттік мереке — Қазақстан Республикасының Конституциясы күні болып табылады. Ел тарихында демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат — Конституция. Конституция аясында мемлекеттің құрылымы, азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары негізделеді. Осыдан жиырма жеті жыл бұрын, 30 тамызда Қазақстан халқы жалпы талқылауы бойынша еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуіріне қадам басқан еді. Содан бері қарай тәуелсіздігіміздің нық тірегіне айналған Ата заң — мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналды.

Тәуелсіз тарихымыздағы аса маңызды және құнды демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығу талпыныстарының бәрі — Ата заң қағидалары негізінде жүзеге асырылып келеді. Жадымызда ұстайтын бір жайт, Қазақстанның Ата заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі екендігі. Расында, бүкіл мемлекеттік құрылымды айғақтайтын, елдіктің бастауы болып табылатын құжат енді ғана 27 жасқа толып отыр. Әрине, тарих ауқымымен айтқанда, бұл азғантай ғана мерзім. Десе де, осындай алмағайып заманда Қазақстанның Ата заңы уақыттың сынынан сүрінбей өтті, өзінің заман талабына лайықтылығын жан-жақты дәлелдеп келеді.

Ал көптеген зерттеушілердің пікірінше, Қазақстанның Конституциясы әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 конституцияның бірі болып саналады екен. Бұның өзі Ата заңымыздың үлкен әлеуетін танытса керек. Біздің пайымдауымызша, бүгінгі Қазақстан биігінен бағалайтын болсақ, тәуелсіз мемлекетіміздің ең басты қадамы Конституцияны қабылдаумен тұтастай байланысты. Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін бізге бүгінгі өмір шындығымен және алдағы уақытпен бірге қадам басып, өткен ұрпақтың іс-тәжірибесі мен жарқын болашаққа деген сенімді жинақтаған негізгі Заң қажет болды. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы ашық және демократиялық қоғам орнатудың негізгі принциптерін баянды етуге тиіс болатын.

Осылайша, ел егемендігінен кейінгі 1993 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының алғашқы Конституцияның мәні мен маңызына келетін болсақ, бұл негізгі құжат тәуелсіз мемлекеттің мақсаты аясында төрт басты мәселеге жауап беруі және соған жағдай жасауы тиіс болса, оның біріншісі — мемлекеттік билікті басқарудың барлық жүйесін нығайту, екіншісі — экономикалық жүйені реформалау, ел Тәуелсіздігін сол кездегі уақытша дағдарыстан арылту, үшіншісі — жас мемлекеттің сыртқы саясатын қалыптастыру, төртіншісі — ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін заңдық негіздердерін Ата заңда анық және айқын дәлелдеу болатын.

Осы төрт мақсат арнасындағы өзекті проблемаларды сипаттайтын баптар әуелгі Конституцияның жобасында тым әлсіз, тіпті бұрынғы қалыпқа алаңдаушылықта болғанын жадымызда ұстаған жөн. Бұл ретте тұңғыш Конституция жобасы әуелден-ақ еліміздегі саяси, әлеуметтік-экономикалық үдерістен алшақ екенін атады. Сөйтіп, уақыт өте келе заман ағымы мен сұранысына қарай, 1993 жылғы Конституцияның кейбір тұстары нарықтық қатынастардың талаптарына толық сәйкес келмейтінін байқатты. Сондықтан да арада екі жыл өткенде, яғни 1995 жылы қазіргі қолданыстағы Конституция қабылданды. Осылайша тәуелсіздік жылдары Қазақстанның мемлекеттігін айқындаған Ата заң екі қайтара түледі. Өйткені XX ғасырдың 90-шы жылдары басында Қазақстанның саяси-экономикалық жағдайы мүлдем күрделі болатын.

Кейіннен 1995 жылы 30 тамызда елдің жаңа Конституциясын қабылдау жөнінде бүкілхалықтық референдум өтіп, оған сайлаушылардың 90,58 пайызы қатысты. Олардың 89,14 пайызы жаңа Конституцияның қабылдануын қолдады. Сөз жоқ, Конституция пісіп-қатып қалған нәрсе емес, ол — тұрақты даму, жетілу арнасындағы құжат. Нақты айтатын болсақ, оның 19 бабына 1998, 2001, 2007, 2011 және өткен жылдың 4-ші наурызында 26 өзгерістер мен түзетулер енгізілген.

Сонымен Конституция тәуелсіз мемлекет ретінде дамуымызға даңғыл жол сілтеп, елдің бетке алған бағдарының тұтастай бөлігін қамтып отыр десе де болады. Алайда, заман ағымына қарай негізгі заңымыздың өзгеріске ұшырауын да ешкім жоққа шығара алмасы анық. Дегенмен қазіргі һәм өмір бойғы басты міндетіміз — Қазақстан Тәуелсіздігінің тірегіне айналған Конституцияны қатаң ұстану. Яғни басты талап — Ата Заңымыз, Конституцияны құрметтеп қорғау, ал оның маңыздылығын жоғалтпай сақтау республикамыздың әрбір азаматының міндеті мен парызы екені баршаға аян.

Ең бастысы, Қазақстан Тәуелсіздігінің нығаюындағы жетістіктерінің баршасы Ата заңымыздың тиімділігін анық айқындап отыр.

Конституция — құқықтық жүйенің негізі. Қазақстандағы конституциялық реформа тек Қазақстан Конституциясының өзгеруін ғана емес, сонымен қатар сайлау заңнамасындағы өзгерістерді, Президент пен Парламенттің құзыретін, саяси партиялар, кәсіптік одақтар мен үкімет құрылымы туралы заңнаманы, сондай-ақ басқа да мәселелерді қамтуы тиіс. Өзін-өзі басқарудың нақты жүйесін құру үшін ел аумақтарын аймақтарға бөлу жүйесін өзгерту қажет. Біздің ойымызша, қазіргі кездегі аймақтар саны барлық қаржы аударымдарын орталықтандыру мен монополиялау идеясының бір қолда екенін көрсетеді.

Конституцияға нық енген соңғы қосымшалар мен түзетулер үстіміздегі жылдың 5 маусымында өткен бүкілхалықтық референдумда айқындалды. Яғни сол бүкілхалықтық референдумда дауыс беру нәтижесінде Ата заңымыздың 33 бабына 56 өзгеріс халық қалауымен енген. Бұл өзгерістердің ортақ мақсаты бар ма, неге бюллетеньге бір ғана сұрақ жазылған, референдум әділ өтті деп қабылдану үшін халықтың қанша пайызы дауыс беру керек деген мәселелерді атағанымыз жөн болар.

1995 жылы Конституция референдум арқылы қабылданғанмен, оған қатарынан бес рет Парламент арқылы өзгеріс еніп отырды. 1995 жылдағы елдің саяси сауаттылық деңгейін, оның үстіне, халықтың қиын әлеуметтік-экономикалық  жағдайын ескерсек, ел тұрғындарының көбі Конституцияға еніп жатқан өзгерістерден қаншама хабардар толық хабардар болғаны белгісіз, ал Конституцияға енген кейінгі бес өзгерісті Парламент өзі қабылдап отырды. Сондықтан болар бұл жолы Президент Конституцияға енетін өзгерістерді референдум арқылы қабылдауды жөн көрген.

Жер байлығы — халықтікі, Президенттің ықпалын азайту және мәжбүрлі еңбек. Аталған аса өзекті мәселе аясында референдум нәтижесіндегі халық мақұлдаған өзгерістерге ой бұралық. Біздің талдауымызша, референдум нәтижесінде Конституцияға енгізілген 12 өзгеріс мынадай болса керек. Яғни Президенттің лауазымына байланысты шектеулер; Тұңғыш Президент мәртебесіне байланысты барлық нормаларды алып тастау; Жерді, оның қойнауын, суды, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, басқа да табиғи ресурстарды халық меншігі деп жариялау; Кейбір адамдардың лауазымда болуына байланысты шектеулер; Өлім жазасын жою; Мәжіліс алдында жылына екі рет республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп беретін Жоғары аудиторлық палата құру; Құқық қорғау институттарын күшейту; Конституциялық сот құру; Парламенттің қалыптасу моделін және жалпы сайлау жүйесін өзгерту; Заңдарды қабылдау жүйесін өзгерту; Мәжбүрлі еңбекті қолдану мүмкіндігі; Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту.

Қоғам мүшелеріне белгілі, соңғы 10 жылда елде болған ең ірі шерулер еліміздің жеріне қатысты болды. Билік жерді шетелдіктерге жалға беру туралы бастаманы қолға алғанда, халық бас көтерді. Референдум бұл мәселені сырт айналып өтпеген, маңызды түзетудің бірі — жерді, оның қойнауын, суды, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, басқа да табиғи ресурстарды халық меншігі деп жариялау. Бірақ бұл түзетудің де өз ньюанстары бар. Мәселен, қазір жерді жекеменшікке алған адамдарға бұл түзету әсер етпейді. Есесіне, референдум арқылы Конституцияда билікке тең болатын идея бар, ол — билік халыққа тиесілі болады деген режим. «Жерді, оның қойнауын, суды, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, басқа да табиғи ресурстарды халық меншігі деп жариялау. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Бұл аталған ресурстардың кімге тиесілі екендігі мәселесінде ақырғы нүктені қояды. Мемлекеттік институттар тек халықтың атынан осы ресурстарды басқарады. Бұл жерге жекеменшік режиміне ешқандай жағдайда әсер етпейтінін ескеру қажет, яғни жекеменшіктегі жер одан әрі де жекеменшікте болады. Сондай-ақ Конституцияда билікке қатысты ұқсас режим, идея бар екенін атап өткім келеді. Конституция бойынша билік халыққа тиесілі.

Сонымен қатар түзетулер аясында Мәжіліс алдында жылына екі рет республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп беретін Жоғары аудиторлық палатаға нақты жүктелді. Бұдан өзге тағы бір өте маңызды түзету — елде заң қабылдау тәртібі де өзгерді. Қазір қандай да бір заң жобасы алдымен Мәжілісте қаралып, талқыланып, Сенаттың қабылдауына жіберілсе, референдум арқылы бұл тәртіпті өзгерту ұсынылып отыр. Ал егер референдумдағы түзетулер бойынша, енді заңдарды Мәжіліс қабылдайды да, Сенат қабылданған заңдарды не мақұлдайды, не мақұлдамайды. Түзетулер бойынша Конституциялық заңдарды қос палата бірге қабылдайды.

Осы және өзге де түзетулерге қатысты қандай жағдай болмасын, Қазақстанға енетін кез келген өзгеріс тек халықтың ғана қолында деген тұжырым іске асуы тиіс. Бұдан былай қазақстандықтар бұл түзетулерді жақтап дауыс береді немесе қарсы дауыс бере алады. Егер жақтап дауыс берсе, онда ұсынылған өзгерістер моделі іске қосылады. Егер халық қарсы дауыс берсе, онда түзетулер қабылданбайды және бұрынғы қолданыстағы юрисдикциялық ұстанымдар сақталады. Яғни халықтың референдумда мақұлдаған түзетулері негізінде енді таңдау ел азаматтарының құзырында болуы тиіс.

 Нұртаза АБДОЛЛАЕВ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор,

ҚР-ның Ақтөбе облысындағы тұңғыш өңірлік сайлау комиссиясының төрағасы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button