Мереке

Ұлттық рух және Ата заң

Кез келген елдің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің тұғыры — ұлттық рух.  Ал мемлекеттің Конституциясы ұлттық рухтың сақталып, нығаюына тікелей ықпал етеді. Ата заң деп елдің елдігін, тұтастығын, даму жолын кеңейтіп отыратын заңдардың жиынтығын айтамыз.

Әрине, қоғамның дамуы тікелей қоғамдық сана түрлеріне байланысты болады. Соның ішінде заң, мәдениет пен өнер, білім мен ғылым, экономика — қоғам дамуының қозғаушы негіздері. Мемлекеттің дербестігінің төл құжаты — Ата заңда қоғамға ортақ барлық құндылық тарихи тәжірибе негізінде ақыл таразысына салынып бекітіледі. Ата заңның ерекшелігі де, міне, осында.Яғни ұлттың болашағына бағытталған, тәуелсіздіктің нығаюына жол ашатынқұндылықтар осы конституцияның негізінде тарихта қалып отырады. Сондықтан оны негізгі үйлестіруші құжат деп айтамыз.

Ел болашағына қатысты дүниенің бәрі барлық кезде де ұлттық рухпен байланысты болады. Адамзаттың екінші ұстазы атанған ойшыл Әл-Фараби өзінің «Қайырымды қала» еңбегінде ізгілікті қоғам рухына қатысты былай деген: «Адамдар бірлестігі шынайы бақытқа жеткізетін істерде өзара көмектесу мақсатын қойған қала қайырымды қала болып табылады, ал адамдары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын қоғам — қайырымды қоғам. Барлық қалалары бақытқа жетуде бір-біріне көмектесіп отыратын халық — қайырымды халық. Егер халықтар бақытқа жету мақсатында бір-біріне көмектесіп отыратын болса, бүкіл жер жүзі осылайша қайырымды болмақ». Әлем өркениетінің негізінде адамзаттың мәдениеті ерекше көзге түсіп отырады. Ал әлемдік мәдениет әр ұлттың мәдениетінен құралады. Сол әр елдің мәдениетінің ішіндегі оның төл құжаты — Ата заңы.

Мәдениет —бүкіл адам баласының игілік жолындағы ізденісі, еңбектенуі, қызметі, білімі, тарихта қалатын тағылымы. Осы мәдениеттің аясында бақыт ұғымы, қайырымдылық, ізгілік, жақсы мінез түрлері, әділеттілік, шынайылық, рухани тереңдік пен іскерлікті бағалау принциптері де бар. СондықтанАта заңқоғамды, ең алдымен, мәдени құндылықтарға бағыттап отырады.

Мемлекетке алдымен оның мүддесін құрайтын құндылықтар қажет. Ата заң — ұрпақты ұлттық мүддемен біріктіріп отыратын негізгі құндылық. Тарихи тұрғыдан зерделер болсақ, ел мүддесіне қызмет етудің өзі ата-бабаларымыз үшін бұлжымас заң, яғни Ата заңның басты талабы болған. Осындай кемел түсініктің арқасында халқымыз тіпті бодандық дәуірде, яғни мемлекеттік тәуелсіздігі жоқ уақытта да ұлттық құндылықтарға ие болатын, ата-бабалар жолын жалғастыратын ұрпақ тәрбиелеп, қалыптастырып отырды. Бәрінен ар-намысты жоғары қоятын адамдар ұрпаққа үлгі болатын тарихтың қалыптасуына тікелей әсер етті. Осындай дүниелер, әсіресе, тарихтағы ұлт зиялыларының тағылымы бүгінгі таңда ел мүддесіне қызмет етуде, мемлекет пен халықтың алдында көптеген міндеттердің тұрғанын ұғындырады.

Қазақта дала демократиясының өз әдебі, өз ережесі және осының барлығын тұтастай сақтап келген өз жолы болған. Алаш тұлғаларының тағылымымен жалғасатын рухани дәстүрдің негізінен қай заманда, қандай қоғам тұсында болмасын, ұлттық рухты, ұлттық рух құндылықтарын көреміз.

Халық, әр ұрпақ өз болашағын мемлекет арқылы жасай алады. Осы себептен өркениетті қоғамда жасампаздық қасиеттер алдыңғы орынға шығып отырған. Өнерді, білімді және әділетті, еңбекқор адамның қызметін бағалау, заңды дұрыс орындау — жасампаздықтың негізгі белгілері. Идея болумен қатар, оны жүзеге асыру да қажет. Бұл жолда жалпыға ортақ игіліктер мен ізгі қасиеттер керек. Біз ел тарихындағы тұлғалардан осы қасиеттердің рухын көре аламыз. Қоғамда тәрбие ісі берік орныққанда, рухани құндылықтар тегістей танылғанда, қиыншылығы мол кездің өзінде де ұлт зиялыларын қалыптастыруға болатынын алаш тұлғаларының тағылымы дәлелдейді. Олардың арғы жағында қазақ халқы тұр. Қоғамдық деңгейде өзіндік сананы тәрбиелеу, қалыптастыру, қоғам игілігіне айналдыру ісі халықтың төл болмысы мен мәдениетіндегі тәжірибені насихаттау арқылы жүзеге асып отырғанын да көре аламыз. Осыған байланысты Сұлтанмахмұт Торайғыров өзінің «Айтыс» атты шығармасында қазақ билерінің қоғамдағы орнын жақсы бейнелеген:

«Сағынам билерімді кең ақылды,

Арамға жегізбейтін ақ-мақұлды.

Құдай өзін туғызған іштен би ғып,

Білмейтін төре айтқанда жат-жақынды.

Кебеже қарын, кең құрсақ кемеңгерім,

Сатулы емес ақылы, жұртқа тегін.

Талапкер мен жауапкер өзі іздеген,

Алдына кеп бітуге сондай ерін.

Болыпты екі жағы сондай ырза,

Ақылмен ашқаннан соң күмән жерін.

Қағазсыз, полициясыз қимыл қылған,

Сонда да істің бәрі бітіп тынған».

Мәдениетімізде ізі қалған осындай ойшылдар дәстүрі тәуелсіздікті, ел мүддесін дәріптеу мен оның заң-қағидаларын орындауда көптеген нәрсенің мән-жайын да ұғындыра түспек. Тәуелсіздік рухы ең әуелі халықтың өзіндік санасының негізіне айналуы қажет. Тәуелсіздік, мемлекет бар жерде, әр адамның болашағына жол ашатын, пайдасы тиетін алғышарттар да сақталады. Ұлт болашағына қызмет ететін рух бар жерде, мемлекеттің болашағы айқындала түспек. Кісілікті бағаламайтын ортаның тұрмысы қанша жақсы болса да, болашағы бұлыңғыр, белгісіз екенін ойшылдарымыз үнемі айтып отырған. Осы себептен қазақ руханиятында, әсіресе, билер даналығында ұлттық мүдде тұғыры оның рухының сақталуы деп білгендігін анық байқай аламыз. Ұрпақтың борыш-міндеті қашанда мемлекетін дұрыс қорғап отырумен байланысты болған.

Мемлекет иесі барлық кезде де халықтың өзі болған. Сондықтан ұлттық рух мәселесі тарих сахнасынан түскен емес. Әлемдік өркениетте алдыңғы орында жүрген елдердің өзі осыдан екі-үш ғасыр бұрын рухтың табиғатын зерттеуді қолға алғанын білеміз. Бізге салмақты ой беретін нәрсе — ата-бабаларымыздың осы рухтың өзін де, тағылымын да тарихтың құбылысына айналдырғаны. Елдің территориясы мен ұлттық болмыстың тұтастығын сақтау жолында рухтың негізгі элементтерін дұрыс зерделеп, тұтас күйінде ұрпаққа табыстап отырған. Философияда рухтың қызметі мен мәнінің қоғамға ең қажет дүние ретінде насихатталған. Бүгінгі міндет — осының барлығын зерделеп, қоғам игіліктерін жетілдіруде дұрыс пайдалану.

Ұлттық рух халықтың өзіндік санасынан бастап, ұлттық сана, басқа да қоғамдық сана түрлері арқылы жетіліп отырады. Ұлттық рух жетілмей, елдің өткені мен бүгінгісін, бүгіні мен болашағын байланыстыру, жалғау мүмкін емес.

Ұлттық рухтың тарих пен мәдениеттің құбылысына айналуы белгілі бір уақытпен шектелмейді. Ұрпақтан ұрпаққа ауысатынқұндылықтарды сақтауда ұлттың өз ортасынан шыққан асыл перзенттері, ұлы тұлғалардың рөлі зор. Бұны қазақта тектілік деп атайды. Заман құбылуы, талғам өзгеруі мүмкін. Бірақ адами қасиеттердің құны, елдік құндылықтар өз мәнін ешқашан жоғалтпайды.

Барлық құрылымы қалыптасқан, болмыс-бітімі берік мемлекетті сырттан ешкім өзгерте алмайды.Ал даңғойлық пен екіжүзділік елдің рухани болмысын іштен күйрететін ұмытпаған жөн.

Мемлекетті қалыптастырудан гөрі, оны сақтап қалу, тәуелсіздікті уақыт талабына сай нығайту әлдеқайда қиын. БиылғыКонституцияға енгізілген өзгерістер бойынша,халықтың елді басқару ісіне қатысу мүмкіндігі артты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы маусым айында өткен референдум қорытындысы бойынша Қазақстан халқына үндеуінде: «Ата заңға өзгерістер енгізу реформаларымыздың соңғы сатысы емес, енді басталғанын білдіреді»,— деген болатын.

Ата заңымыздағы ұлттық рухты жетілдіруге бағытталған іргелі бастамаларды жүзеге асыруға бүкіл қоғам болып баршамыз атсалысуымыз қажет.

Үмбетқан СӘРСЕМБИН,

философия ғылымдарының кандидаты,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button