Ауыл

Спортшыларға сый-құрмет көрсетті

Темір

Елімізде тамыз айының үшінші жексенбісінде спорт күні атап өтілетіні белгілі. Осыған орай Темір ауданындағы Мәдениет үйінде мерекелік шара ұйымдастырылды.

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Жандәурен Қойшыбаев халықаралық, республикалық додаларда топ жарып жүрген темірлік спорт саңлақтары мен жаттықтырушыларды, сала ардагерлерін, сондай-ақ бұқаралық спорттың дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтарды, атаулы күнмен құттықтап, құрмет көрсетті.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиевтің Алғыс хатын Абай жалпы орта білім беретін мектебінің мұғалімі Қанат Дәндібаевқа, ал«Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының Құрмет грамотасын Темір балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Қуанышбек Селбаевқа тапсырды. Сондай-ақ өз атынан ардагер спортшылар Қартбай Шылмурзин,Тимур Жұмабаев, Егізбай Бижанов, Антон Неталин, Қанат Қонақбаев, Руслан Сәми, Мейрамбек Базылбековтерді және «100 ДОС», «Жүрек жылуы» қоғамдық қорларының белсенділерін марапаттады.

— Ауданымызда бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріліп, спорт кешендерінің жүйесі кеңейе түсуде. Спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасы нығайып, заманауи талаптарға сай жаңа нысандар салынып жатыр. Жылдан-жылға ашық аспан астындағы спорттық алаңдардың да саны артып отыр. Аудан орталығында бассейн кешенінің құрылысы басталмақ.

Ауданымызда жастар арасында әртүрлі бағытта турнирлер ұйымдастырылып, салауатты өмiр салтына бет бұрған темірліктердің саны өсіп отыр. Әртүрлі деңгейдегі додаларда көш бастап келе жатқан жерлестеріміз де баршылық, — деп лебізін білдірді Темір ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ж.Қойшыбаев.

Сонымен қатар аудандық мәдениет, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әділет Қалмағанбетов, аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Руслан Кенжеғалиев бір топ спортшыны марапаттап, естелік сыйлықтарды табыс етті.

Салтанатты жиын жергілікті өнер ұжымдарының концерттік бағдарламасы мен спорттық көрсетілімдерге ұласты.

Алау АЙБЕКҰЛЫ.

Темір ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button