28 мың кітаптың жаңа үйі

Биыл Ақтөбе қалалық орталықтандырылған кітапхана жаңа ғимаратқа көшті. Ұжым бұған дейін 1968 жылы құрылған ескі ғимаратта 54 жыл оқырманына қызмет етіп келді. Кітапхананың бұрынғы ғимараты әбден ескіріп, тозығы шыққан еді.
Оқырманға рухани азық сыйлайтын кітапхананың бүгінгі ғимараты қос қабаттан тұрады. Бұрынғы Өлкетану музейінің ғимаратына көшкен мекеменің жөндеу жұмыстарына 94 миллион теңге қаражат бөлінген. Жалпы ауданы 934 шаршы метр аумақты алып жатқан зәулім ғимараттың іші жарық әрі жылы. Толық заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған.
Кітапхана директорының орынбасары Анар Ашықбаеваның айтуынша, қазір қалалық орталық кітапхана 1081 оқырманға қызмет көрсетеді. Жергілікті оқырмандардың ақпараттық қорларға еркін қол жеткізуіне жан-жақты жағдай жасалған.
— Кітапханаларға көңіл бөлу — халықтың руханиятына көрсетілген қамқорлық. Бірнеше жылдан бері күрделі жөндеуді талап етіп тұрған ескі ғимаратымыз техникалық сараптама бойынша апатты жағдайға жетті. Ең қиыны — біз ол жерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізе алмайтынбыз.
Қалалық орталық кітапхана статусына сәйкес жаңа ғимарат берілсе екен деген көптен бергі тілегіміз еді. Осындай көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе биыл шешімін тапты. Өте қуаныштымыз.
Қазір кітапханамыз заман талабына сай. Оқырмандардың бос уақытын тиімді пайдалануға коворкинг орталығы ашылды. Бұл орталықта балалар, жастар, жаңа технология аумақтары және түрлі кең көлемде іс-шаралар өткізуге арналған конференц-залы бар. Сондай-ақ компьютер, шеберлік сағаттарын өткізуге арналған кабинеттер мен «Шаңырақ» отбасылық клубы бар.
Бүгінде кітапханаға қала тұрғындары, түрлі мекеме қызметкерлері экскурсияға жиі келеді. «Оқитын өлке», «Бір ел — бір кітап», «Мәдени мұра», «Жазда кітаппен бірге» атты кітап көрмелері жасақталған. Қазір «WEB-RABIS» бағдарламасы бойынша кітаптар енгізіліп жатыр. Кітапхана қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі — заманауи талапқа сай қорды сақтау және сандық форматқа көшіру.
— Кітапханада 28 мыңнан аса кітап қоры бар. Жыл сайын келушілер саны — 6052. Сондай-ақ қалалық бюджеттен бөлінген қаржыға оқырмандардың сұранысы бойынша кітаптар сатып аламыз. Мәселен, қорымыз биылдың өзінде 818 дана жаңа кітаппен толықты. Алдағы уақытта Жаңақоныс, Кеңес Нокин және Батыс-2 шағын аудандарында да кітапхана ашу жоспарланып отыр.
Қазір жаз айларында кітап оқуға деген сұраныс артты. Әсіресе, ата-аналар балаларына кітап іздеп, көп қоңырау шалады. Қазір көркем әдеби кітаптарға, отбасылық және психологиялық тақырыптағы кітаптарға сұраныс жоғары, — дейді Анар Ашықбаева.
Қазіргі таңда қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты 14 кітапхана қызмет көрсетеді. Барлық кітапханада 280 мыңнан аса кітап қоры бар. Әр кітапхананың әлеуметтік желіде парақшалары, оқырмандар чаты бар. «Бұл оқырмандар үшін ыңғайлы» — дейді кітапхана қызметкерлері.
Ақбота ҚАЛДЫБЕК.