Қала

Ойын алаңы ашылды

Ақтөбе қаласының 12шағын ауданындағы 62 үйдің ауласында балаларға арналған жаңа ойын алаңы ашылды.

Бірнеше апта бұрын осы үйдің тұрғындары жергілікті билік өкілдеріне ойын алаңын орнату туралы ұсыныс білдірген. Тұрғындардың сұранысы ескеріліп, аталған ауданнан сайланған қалалық мәслихат депутаты Сәния Мұратова қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің тапсырысы бойынша жаңа ойын алаңының орнатылуына қолдау көрсетті. Алаңда балаларға арналған әткеншектер, сырғанақ, өрмелеуіш секілді ойын құрылғылары орнатылған.

Жақында тұрғындар көптен күткен балалар ойын алаңы құрылысының аяқталуына орай шағын мереке ұйымдастырды. Жаңа алаңды көрген балалардың да қуанышында шек жоқ. Шараның ашылуында Сәния Мұратова кішкентайларға тәтті сыйлықтар үлестіріп, қуанышына ортақтасты.

Тұрғындар игілікті іске мұрындық болған азаматтарға ризашылығын білдірді.

— Ауламызда балаларымызға арналған ойын алаңы ашылып отыр. Тұрғындардың атынан алғысымды айта отырып, осындай жақсы істердің куәсі бола берейік деген тілегімді білдіремін. Енді балалар мен жасөспірімдер өздеріне арнап салынған алаңды бұзбай, көздің қарашығындай сақтап, тәртіппен пайдаланады деп сенеміз, — дейді аула тұрғындарының бірі.

Айта кетейік, биыл қала бойынша 40-қа жуық балалар ойын алаңы орнатылған. Әсіресе, тұрғын алаптар мен ойын алаңдары көптен жөндеу көрмеген шағын аудандарға басымдық берілген.

А.БОЛАТБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button