Есет батыр көшесі жаңарады

Ақтөбе қаласында көше жолдары мен көпқабатты үйлердің аулаларын жөндеу жұмыстары белсенді жалғасып жатыр.
Соның ішінде Есет батыр көшесіндегі автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда қиыршық тасты-мастикалық асфальтбетон жамылғысының жоғарғы қабаты төселіп жатыр.
Сондай-ақ бүгінде осы көшедегі №89, №91, № 92, №93 үйлердің аулаларына да асфальт төселуде. Жұмысты «Ақтөбе Адал құрылыс» ЖШС мердігер мекемесі қолға алған. Аулаларды жөндеу жұмыстары жоспар бойынша жүріп жатыр. Жалпы, «Ақтөбе Адал құрылыс» ЖШС қаладағы 13 аулаға жөндеу жүргізбек.
— Биыл қалада 45 ауланы жөндеуге 300 миллион теңге қаржы бөлінді. Үш мердігер мекеме анықталды. Қазір Есет батыр көшесіндегі бірқатар үйдің аулалары абаттандырылып жатыр. Сондай-ақ қоқыс алаңдары қалыпқа келтірілмек. Мұнда жарық шамдар, балалар ойын алаңдары бар. Кейбір аулаларға тұрғындардың сұранысымен автотұрақ аймағын жасауды жоспарлап отырмыз, — дейді Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Дамир Көбенов.
Сонымен қатар Ақтөбеде аула аумақтарын абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар жалғасуда. Бұл аулалар соңғы 30-40 жылда жөндеу көрмеген.
Сондай-ақ қазір «Ремгорстрой» ЖШС мамандары ағайынды Жұбановтар көшесіндегі №261, №274-ші үйлердің аула аумақтарында жөндеу жұмыстарын бастады. Бұдан кейін 11-ші, 12-ші және Әуеқалашығы аудандарының көпқабатты үйлерінің аулаларын абаттандыру жұмыстары жүргізілмек.
Былтыр қалада 200-ге жуық аула аумағын абаттандыру жұмыстары басталды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасады. Жыл соңына дейін 40-тан астам аулаға асфальт төсеу көзделіп отыр.
А.ҚАЛДЫБЕК.