Әлеумет

Екі айлықтың еншісі қандай?

5  сәуір мен 31 мамыр аралығында қала және селолық округтерді көркейту, санитарлық тазалау, көгалдандыру жұмыстары бойынша екі айлық өткізу жарияланды. Қазір қаладағы барлық нысандардың аумағы, тұрғын үйлер маңы мен көшелер қыстан қалған тұрмыстық күл-қоқыстардан тазартылуда.

Осы мәселеге қатысты жуырда қала әкімінің орынбасары Ерхан Омаровтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Мәжіліске қалалық мемлекеттік мекемелер, коммуналдық қызметтер, мердігерлік ұйым басшылары, аумақтық округтер төрағаларының орынбасарлары мен ПИК және кондоминиум төрағалары, учаскелік полиция инспекторлары және санитарлық дәрігерлер шақырылды.

Тұрғындарды сенбілікке шығарса…

Тазалық маусымы кезінде атқарылатын жұмыстарды үйлестіру үшін қала әкімі Архимед Мұхамбетовтің қаулысымен құрылған қалалық штаб бүгінде өз жұмысын бастап кетті.  Штаб құрамында қала әкімдігі мен бірқатар қалалық мекемелердің, құқық қорғау органдарының, санитарлық эпидемиологиялық қадағалау, сәулет бөлімдерінің өкілдері бар.

Бүгінгі күні қаланы көркейтуге бағытталған іс-шаралар жоспары бекітілді. Қазір қала мен селолық округтер аумағында қыстан қалған күл-қоқыстар жетіп артылады. Көшелерде бейберекет жинақталған қоқыс үйінділері де аз емес. Қаладағы кәсіпорындар мен мекемелерге, кәсіпкерлік нысандарға тиісті аумақтарды тазалау міндеттері жүктелді. Бұдан өзге көп қабатты және жеке тұрғын үй маңайларын тазарту жұмыстарына да аса мән берілетін болады, — деді қала әкімі аппаратының инфрақұрылымды дамыту мониторингі бөлімінің бастығы Бақыткелді Мыңжасаров.

Екі айлық тазалық маусымы кезінде көше қоршаулары мен қоқыс жәшіктерін, саябақтардағы орындықтар мен жарнама құрылғылары түгелдей жөнделіп, қайта сырлаудан өтеді.

Бұл мақсаттағы жұмыстарды ұйымдастыру үшін аумақтық округ төрағаларының орынбасарлары мен кәсіпорын, мекеме басшылары, кондоминиум, пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары бірлесе жұмыс жасауы қажет. Тазалық маусымы кезінде тұрғындарды сенбілікке шығару арқылы көп қабатты үйлердің аумағы мен балалар ойын алаңдарын тазалауға қол жеткізуге болады. Бұл жұмыстардың жүруі кондоминиум мен пәтер иелері кооперативтері төрағаларының ұйымдастырушылық қабілетіне байланысты болмақ, — деді Б.Мыңжасаров.

Айыппұл салынады

Екі айлық тазалық маусымы кезінде жергілікті бюджет есебінен қала мен селолық округтердегі мыңнан астам көше мамандандырылған мердігерлік мекемелер арқылы тұрмыстық қатты қалдықтардан тазартылатын болады. Көп қабатты үйлердегі 613 ауланың тазалығына — тұрғындар жауапты.

Соңғы жылдары екі айлық тазалық маусымы аясында «Тазалық бейсенбісі» акциясы ұйымдастырылып, әр сенбі сайын өтетін сенбілікке жұртшылық белсене қатысып жүр. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай биыл қаламызға сырттан қонақтардың көп келетіні анық. Сол себепті қала тазалығы жұмысына жауапкершілікпен қарау баршамызға үлкен міндет жүктейді, — деді Б.Мыңжасаров.

Қаламызда жүріп жатқан тазалық маусымы кезінде құрамында учаскелік инспектор мен санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің мамандары бар бірлескен мобильді топтар өздеріне жүктелген міндеттерді орындамаған жеке және заңды тұлғаларға санитарлық тазалықты сақтамағаны үшін айыппұл салатын болады. Қазақстан Республикасы әкімшілік Кодексінің 387-бабына сәйкес айыппұл көлемі жеке тұлғалар үшін 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) деңгейінде болса, заңды тұлғаларға 50-100 АЕК-ке дейін салынады.

Қоқыс жәшіктері жеткілікті ме?..

Бүгінгі күні қала аумағында санитарлық тазалау жұмыстарымен «Алға-67», «Өтес», «Кастор», «ГЕМ», «Ақжол», «Жасыл Әлем», «Соната Ақтөбе» және «Нұр-Қасым құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Таза қала» қазыналық кәсіпорны күшейтілген тәртіппен жұмыс жасап жатыр. Қабылданған қаулыға сәйкес «Таза қала» кәсіпорны екі айлық тазалық маусымы барысында тұрмыстық қатты қалдықтарды қалалық полигонға тегін тасуға міндетті.

Бір айта кететін жайт, құқық қорғау органдарының өкілдері қаладан қоқыс тиеген автокөліктердің қоқыс полигонына жетуін жіті бақылауы қажет. Себебі, соңғы жылдары қоқыс полигонына жетпей, өнеркәсіп аймағына күнделікті тұрмыстық қалдықтарды төгіп кету дерегі жиі тіркеліп жүр, — деді Б.Мыңжасаров.

Қазір қаланың қай көшесінде де қоқыс салатын жәшіктердің айналасы тұрмыстық қалдықтарға үйіліп жатады. Мұндай жағдайды көргенде «қалада қоқыс жәшігі жеткіліксіз бе?» деген ойға қаласың. Ал деректерге үңілсек, қаладағы санитарлық тазалау жұмыстарымен айналысып жатқан мекемелердің қай-қайсысында да қоқыс салатын жәшіктер жеткілікті.  Мәселен, тұрмыстық қатты қалдықтарды жинайтын «Ақжол» ЖШС-ның аумағындағы 174 контейнер алаңында 1032 қоқыс жәшігі болса, «Таза қала» кәсіпорны аумағындағы 242 контейнер алаңында 1953 қоқыс салатын жәшіктер орнатылған.

Бүгінгі таңда аумақтық округ төрағаларының орынбасарлары қаладағы қоқыс жәшіктерінің иелерін анықтап, түгендеу жұмыстарымен айналысып жатыр. Бұдан өзге олар осы контейнер алаңдарындағы қоқыс жәшіктерінің жарақтылығын, сол аумақта орналасқан көп қабатты тұрғын үйлер мен сауда нүктелерінен шығарылатын қоқыстарға қоқыс жәшіктерінің қажеттілігін анықтауда. Жақын арада қоқыс жәшіктерін жаңарту және қосымша орнату үшін санитарлық эпидемиологиялық қадағалау мекемесіне иелігінде қоқыс жәшіктері жоқ бірқатар  заңды тұлғалар тізімі берілетін болады, — деді Бақыткелді Мыңжасаров.

Міндет және талап

Мәжіліс барысында Ерхан Омаров екі айлық тазалық маусымына жауапты бірқатар мекемелердің алдына нақты міндеттер қойды.

— Алда үлкен міндеттер тұр. Тазалық жұмыстарына қатысты жарияланған екі айлық барысында санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау және ішкі істер басқармасы органдары өз міндеттерін ерекше жауапкершілікпен атқаруы тиіс. Олар әр күн сайын бекітілген учаскелерді аралап, табиғатты қорғау заңнамалары мен санитарлық нормаларды бұзуға жол берген жеке және заңды тұлғаларға ескерту жасап, тиісті шаралар қабылдауы қажет. Одан басқа, Жол полициясымен бірлесіп, санкцияланбаған бейберекет қоқыс орындарының болуын анықтауы қажет, — деді ол.

Е.Омаров селолық округ әкімдері, ПИК және кондоминиум төрағалары, аумақтық округтер төрағасы орынбасарларының алдына да үлкен міндеттер қойды.

P.S. Германияның көшесінде қоқыс салатын контейнердің жеті түрі, ал Жапонияда 25 түрі тұратын көрінеді. Оларда қоқыстың көп бөлігі зауыттарда қайта өңделеді де, аз ғана бөлігі тыңайтқышқа жіберіледі екен. Ал біздің ТМД елдерінде қалдықсыз технология туралы әңгіме қанша айтылғанымен, нәтиже аз. Соның ішінде біздің еліміз қоқыс мәселесіне әлі көңіл бөлмей келеді. Ескі ғимараттардың айналасына, контейнерлердің қасына тастай салынған қоқысқа қарап «бізде қашан қоқысты сұрыптау мәселесі шешілер екен» деп ойланып қаласың. Сірә, қоқыс мәселесіне шындап көңіл бөлетін уақыт жеткен сияқты.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button