Ауыл

Білім ордасындағы алма бағы

  • Мәртөк

2017-2018 оқу жылында №2 Мәртөк мектеп-гимназиясының директоры Бақытгүл Абдуллинаның бастамасымен мектеп түлектерінің белсенділік танытуымен «Түлектер» алма бағы жасақталған еді. Бүгінде бұл бақ ауылдың сәніне айналды.

— Бұған дейін бұл жер қоқыс толған, құрылыс қалдықтары төгілген жер болатын. Содан осы істі ойға алып, аумақты қоқыстан тазартып, алма бағына айналдырамын деген мақсат қойдым. Кейбіреулер «бұл жерге ештеңе шықпайды» деп сенбеді. Сонда да ойыма алған істі жүзеге асыру үшін жұмысқа кірісіп кеттім. Алдымен ауылымызда жүрген мектептің түлектеріне алма бағын жасақтауға өз үлесін қосуға шақырдым. «Әр алма көшетінің түбіне талды еккен түлектің атын жазып қоямын» деп ұсыныс жасадым. Бір құптарлығы, білім ұясының қамын ойлап, ең алғашқы болып 4 түп алма ағашының көшетін әкелген сол кезде Қамбар Медетов атындағы өнер мектебінің директоры қызметінде болған Медет Ысқақов болатын. Ол алма екі жылдан соң гүлдеп, жеміс бере бастады. Содан кейін әр жылғы түлектер сыныптастарымен, іні-бауырларымен бірігіп, алма көшетін әкеліп еге бастады. Сөйтіп, бақтың жартысы толды.

Ал соңғы үш жылдағы түлектерге өзім «Мектепке ешқандай естелік сыйлықтарың қажет емес, мектеп жанындағы «Түлектер» бағына алма көшетін егіп, іздеріңді қалдырыңдар», — деп ұсыныс айттым, — дейді мектеп басшысы.

Оның айтуынша, түлектерге мектеп ұжымы өз тарапынан бағыт-бағдар беріп, Мәртөктің ауа райына бейімделген тал-шыбықтарды өсіріп, сатумен айналысатын мәртөктік тұрғынға жол сілтеп отырған. Сонымен қазіргі уақытта мектеп аумағында 46 түп алма көшеті өсіп тұр.

— Бүгінде бұл аумақты алма бағы деп аузымды толтырып айта аламын. Екі жыл бұрын еккен ағаштар жеміс берген соң, көңілім бірленіп, бастаған ісімнің нәтижесін көргендей болдым. Төгіліп, өнім беріп тұрған ағаштарды көрген кейінгі түлектер өздері алма ағашын егуге ұсыныс білдіретін шығар деген үміттемін. Айта кету керек, бақта әлі де он шақты алма көшетіне орын бар, — дейді Бақытгүл Аманжолқызы.

Бақты мектептің кіші қызметкерлері күтіп, баптайды. Негізінен, төрт жылдың ішінде алма бақтың жайқалып, осындай мол жеміс беруі сирек кездеседі. Уақтылы күтіп-баптағанның арқасында ғана бұл бабы келіскен баққа айналып отыр.

— №2 Мәртөк мектеп-гимназиясында жеті жылдан бері қызмет атқарып келемін. Осы жылдар ішінде аузымды толтырып айтатын нәтиже, ең алдымен, шәкірттерімнің жетістіктері болса, екіншісі — жайқалған «Түлектер» алма бағы. Бұл жобам кейінгі ұрпаққа, жас мамандарға, жаңа басшыларға үлгі болсын деймін. Айналамыз жап-жасыл, әдемі болып тұрғаны өзімізге жақсы. Ағаш егу, оның ішінде мектеп жанында жеміс ағашын отырғызу балаларға тәлім-тәрбие ретінде жақсы дәстүрге айналарына сенімдімін. Бақты күтіп-ұстау шәкірттерді еңбекке баулуға септігін тигізеді. Осы игілікті іске атсалысқан барша түлектерге мың алғыс! — дейді мектеп директоры.

Әлиянұр Келбатырова.

Басқа жаңалықтар

Back to top button