Ауыл

Қандыағаштағы Абай ескерткіші жөнделді

  • Мұғалжар

Қандыағаш қаласындағы ұлы ақын Абай Құнанбаевқа қойылған ескерткіш жөндеуден өткізілді.

Туғанына биыл 177 жыл туған қазақ ақынының ескерткіші «Тәуелсіздік» даңғылы бойындағы орталық саябақта орнатылған. Аталған ескерткішті 2017 жылы «Батырғалиев.С.А.» жеке кәсіпкерлігі жасап, орнатқан. Биіктігі — 3,5, ені 1,3 болатын ақынның тұлғасын мүсінші А.Әбдібеков жасап шықты. Бүгінде ескерткіш «Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласы әкімінің аппараты» ММ-нің балансына берілген. Осы жылы Абайдың ескерткіші «тұғырынан түсіп» қалған еді. Оның себебін жауапты Қандыағаш қаласы әкімдігінен сұраған едік. «Осы жылы мамыр айында орын алған қатты дауыл желдің салдарынан Абай мүсіні құлап қалған болатын. Бүгінде әкімшілік тарапынан Абай Құнанбаевтың мүсінін және тұғырларының тас тақтайшаларын толықтай жаңарту жұмыстарын жүзеге асыру үшін кәсіпкермен келісімшартқа отырдық. Бүгінде олар жөндеу жұмыстарын аяқтап, ескерткішті қалпына келтірді», — деген жауап алдық.

Ауданда ақынның есімі берілген бірнеше көше бар. Биыл Мұғалжар ауданы әкімдігінің 2022 жылғы 20 сәуірдегі №91 қаулысы мен Мұғалжар аудандық мәслихатының 2022 жылғы 20 сәуірдегі №180 бірлескен шешімі негізінде Қандыағаш қаласындағы жаңадан бой көтерген «Болашақ» мөлтек ауданындағы бір көшеге «Абай» атауы берілді. 45 жеке тұрғын үй орналасқан аталған көшенің ұзындығы — 1,2 шақырым. Бүгінде көшеге толығымен асфальт төселген. Ал Ембі қаласындағы орталық көшелердің бірі — Абай Құнанбаев көшесінің жалпы ұзындығы — 1,6 шақырым. Бүгінде аталған көше асфальтталған, көше бойында 5 сауда дүкені орналасқан, 62 жеке тұрғын үй бар.

Жұрын ауылдық округінің орталығы Жұрын ауылындағы «Абай көшесі» ауылдық округі әкімінің №30 шешімімен 2011 жылы «Абай Құнанбаев» болып өзгертілді. Көшенің жалпы ұзындығы — 600 метр. Көше бойында Құдайберген Жұбанов атындағы орта мектеп орналасқан. Бүгінде аталған көшеге асфальт төселіп, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жол салу жұмыстарын «ТенгриСтройИнвест» ЖШС қолға алған. Алдағы уақытта аталған көше бойынан демеушілікпен саябақ салу жоспарда бар. Еңбек ауылдық округінің орталығы Сағашилі ауылындада Абай Құнанбаев атымен аталатын көше бар. Ол көше бұрын «Кооперативная көшесі» деп аталды. Көше атауларын қазақшалау жұмыстары негізінде аталған көшеге Еңбек ауылдық округі әкімінің шешімімен 2012 жылы қазақтың бас ақынының есімі берілді. Ұзындығы 800 метр болатын көшеге 2020 жылы асфальт жол төселді. Жол салу жұмыстарын «Халал+» ЖШС жүргізген. Ауылдың орталығы саналатын бұл көшеде ауыл мешіті, «Қазпошта» мекемесі, ауылдық әкімшілік ғимараты, Сағашилі орта мектебі жанындағы интернаты, ауылдық азық-түлік дүкендері орналасқан. Ал Қайыңды ауылдық округіне қарасты Алтынды ауылындағы Абай Құнанбаев көшесінің жалпы ұзындығы — 400 метр. Бұл көшеде орналасқан Алтынды орта мектебінің ескі ғимараты сүріліп, жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button