Әдебиет

Төлеген Айбергенов

30 жыл ғана ғұмыр кешіп, қазақ жырының алып бәйтерегіне, мәңгілік мақтанышына айналған ақын Төлеген Айбергеновтің туғанына биыл 85 жыл толды.
Төлеген Айбергенов 1937 жылы көршілес Қарақалпақстанда дүниеге келген. Алайда ақынның атамекені — Доңызтау өңірі. Ал оның әке-шешесінің қарақалпақ жеріне көшіп баруына өткен ғасырдың басындағы қуғын-сүргіндер себеп болған.
Ақынның атамекені ретінде Ақтөбе жұртшылығы оның мерейтойларын атап өтуге, есте қалдыру шараларына әрдайым атсалысып келеді. Ақтөбе қаласындағы бір көшеге, Байғанин ауданы Миялы ауылындағы мектепке ақынның есімі берілген.
Біз оқырмандарымызға ақынның өлеңдерін тағы бір ұсынғанды жөн көрдік:

Атамекен

Көл-дария көкірегімнен бір тұнба ашып.
Мен тұрмын ата-баба жұртын басып.
Жаутаңдап қазір менің жанарымда
Тұп-тұтас жиырма жеті жыл тұр ғашық.

Түп-түгел төрт құбыламды түстік етіп,
Туған жер, мен сен салған құс түлетіп,
Дүние-ай, қандай жақсы ед табаныңа
Тұрғаны өз топырағыңнан ыстық өтіп.

О, менің мәңгі басар нық тұрағым,
Қалайша махаббатымды ұқтырамын?
Мен сенің ақ төсіңе шаңқай түсте
Көлеңкем түспесін деп тік тұрамын.

Мен сендік азаматтық сертімменен,
Даусыңа дауыс қосам шертілмеген.
Мен сенің серпілмеген күніңе де
Қараймын кереметтей серпінменен.

Бәрін де мендегінің анамша ұғып,
Тұрсың ба, болашағыма алаңшы үміт.
Мен сенің жалғыз тамшы тасқыныңмын —
Кететін сенен шығып, саған сіңіп.

Қайғы да, мұң да менен көп табылар
Бәрі де жалғыз сен деп ақтарылар.
Баурайы мәңгі көктем заңғарлардың
Басында мәңгі жатқан ақ қары бар.

 

Менің халқым қашаннан ұлы болған

Менің халқым қашаннан ұлы болған,
Менің кеудем қашаннан жылы болған.
Соғыс өртін қоздатқан дауылдардан,
Қақсатқан ауыр зардан,
Көкірегімде бостандық жыры қалған.
Менің халқым ұлыны аз туған ба,
Басқалардай басында жаз тұрғанда?
Олардың да дауысы жетер еді,
Бұл ғасыр құлағына
Бірақ бұған ұлылар кінәлы ма?
Бұның үшін жылдардың өкпесіне
Қандай адам кепілдік берер еді.
Дауысы олардың бүгінге жетпесіне
Қаншама жұлдыз туды ол,
Жарқырар көк төсінде!

 

Сағыныш

Мұхтар Шахановқа

Сағындым жаным, мен сені!
Көркіңді жүрген қуаныш қылып,
мендей ме екен бар ағаң…
Шын інім болсаң, бас бұрма, жаным,
өсек-ғайбатқа бораған.
Қажет жерінде қатыгездік пен
қаталдық керек, десек те,
Адамның заңғар ұлылығын, сен,
Сағынышымен есепте.
Онсыз сен, тіпті, тұлпар да болсаң,
қосыла алмайсың қатарға.
Әуелі әбден сағынып алмай,
шығушы болма сапарға.
Сағынбай барсаң теңіз де сенің
тебіренбес жастық шағыңдай.
Бұлбұлдың даусын ести алмайсың,
бауларға кірсең сағынбай.
Сағынбай барсаң таулар да сенің
алдыңнан шықпас асқақтап,
Ойлауың мүмкін дүниені мынау
кеткен екен деп тас қаптап…
Үмітке толы, арманға толы әр жерде бір түп қарағай,
Сағынбай жүрсе, қалуы мүмкін жамырасуға да жарамай.
Биікте тұрған таулар да мынау
нұрына таңның боялған,
Сені мен менің ғасырлап күткен сағынышымнан оянған.
Балалар бізді сағынған, жаным,
арманның аңсап биігін,
Әжелер бізді сағынған, жаным,
талдырып асқар иығын.
Көкірегіңде сағыныш барда,
мұрат та сенде бар, жаным.
Алдыңда тұрған қыраттың саған көрінбей жатқан ар жағын.
Жазира белдер қуанышыңды болмасын мәңгі шектемек,
Алдыңнан орман кес-кестеп шықса,
сағынышыңмен көктеп өт!
Мен бұны саған жазып отырмын,
арманымды орап сезімге,
Жан-жақтан түскен шұғыланың бәрін сағынып жүрген кезімде.

                                                                             II
Сағыныш жайлы қайтадан толғау болар да, бәлкім, қолайсыз,
Дегенмен, жаным, көгілдір дүние сағынбағансын арайсыз.
Өмірде мынау сағынбағандар — бақытсыз, бақсыз, талайсыз,
Қазақтың жыры Абайсыз!
Өткелі қыруар жолдарда жанға батқан да шығар сан ызғар,
Бір қасық суды аңсатқан шығар сан тарам — сарша тамыздар,
Бірақ та, жаным, өледі қыран қияға самғап баратып,
Болғасын бейбақ өз жүрегінің сағынышына қарыздар.
О, шіркін, менің сағынышымдай көлемі шексіз болса аудан,
Ондағы жандар көз ашпас еді-ау, қуану менен шаршаудан.
Сүйем мен сені, сүйем мен сені көкірегі ыстық дүние,
Тұратын түгел сағыну менен аңсаудан!
Сағыныш деген — молшылық қазына, бола да берер артық-кем,
Ал нағыз асқақ сағыныштарда араның балы бар, тіптен.
Мен мынау ыстық жүрегіммен қара тасты да сағынам,
Қаланып қалса тәртіппен!
Сағыныш деген алдыңда тұрған ақ ала басты көк заңғар,
Бақытың сенің — бағытын солай бара жатса алып пәк жандар.
Заманым менің жанарымда алып сағыныш болып жарқылдап,
Ағады тынбай күңіреніп-сыңсып аэропорттар мен вокзалдар.
Сағыныш шалғай сапарларыма жасаған шақта иелік,
Кеудеме менің сан рет кеткен табан астынан күй еніп.
Қойнымда менің қалғиды бүгін ақ жұпар әлем қыз-өмір,
Сол сағыныштың кірпіктеріне сүйеніп…
Мен бүгін сонау көгілдір көлге сағынып ұшып барамын,
Бірге қақ қанат қасымнан қалмай, сағынып көрген қарағым.
Жалғасын сен айт бұл асқақ әннің, жабылып кетсем егер мен
Ғұлама жылдар судырлатқанда парағын.
Қараңғы түнде қамығып жүрсең, қанатына алып қаусырар,
Бұл өзі, жаным, әйбат-ақ дүние, күні жоқ тіпті таусылар.
Сағыныштар да төбеңнен өтер түйдек те түйдек көш болып,
Көктемдегі барлық тырнаның онда дауысы бар!
Зулайды ол бүгін — тұсымда менің жаңғырып барлық ендікпен,
Сұрша құмдарға, құм шағылдарға таңдайы кеуіп, сел күткен,
Егер сен жарық жанарыңды алсаң қайғы мен мұңға қаптатып,
Сағынып жүрмегендіктен!
Сағыныш деп ұқ — жүйткісе поезд босағасына әнді іліп,
Сағыныш деп ұқ — далалар жатса, қалалар жатса жаңғырып.
О, сәлем саған, шартарап қырға жұлдыз боп ағып баратқан,
Өз жүрегімнің түкпіріндегі тұңғиық, түпсіз мәңгілік!

                                                                             III
Ей, адамдар!
Айналайын туғандар,
Жалғыз минут тыңдаңдар!
Мен сендерге көп болды сыр шертпедім,
Қазір түгел көкірегім өрт менің!
Шартарапқа жүргеніммен жүз аттап,
Бұрын мұндай кермеп едім ұзақтап.
Бір сағыныш мәңгі-бақи дос еткен,
Қазір мені жұлып алды төсектен.
Жатыр екем оянсам,
Көкірегімде астаң-кестең басталып,
Жастығыма жас тамып!
Шырт ұйқымнан жұлмалап,
Сағындырып оятты үш нәрестем.
Иә, кәдімгі ұшан-теңіз арманның
Ұшындағы үш-ақ түйір тал өскен.
Басқа дүние шығып кеткен бәрі естен.
Ұзақ жолдан шаршап келгем,
Жыр жазатын халде емен,
Жындандым ба әлде мен?!
Мұндай түстер бұрын маған енбеген,
Онсыз да мен сағыныштан кенде емен.
Мұндай халді шерткен бір кез өртене,
Жұмағали жырына да сенбегем.
Саясында болдым мен сан шынардың,
Мен жүз қызға ғашық болған шығармын.
Адаммын ғой, шын сағыныш тән маған,
Бірақ, менің тамды бүгін көз жасым,
Сол қыздардың біріне де тамбаған.
Қазір менің ессіз шөлім басталды,
Еш қайнардан қанбаған…
Ей, адамдар!
Айналайын жыр кені,
Менің осы қайнарымнан қанып іш!
Әкем өлген кезінде де бұл мені
Өртемеген сағыныш!
Мен сағынбас адамдармен дос емен,
Сан ағынға келдім толған кесемен.
Жүрмін қазір көрінгеннің баласын
Ұстап сүйіп көшеден.
Мен осынау азын-аулақ жасымда,
Сан заңғарлар төсінен,
Сан дария кешіп ем.
Құштарлығым бермегесін тіпті бой,
Бәрі бұдан терең болмай шықты ғой.
Ешқашан да менің мынау кеудемде
Ешбір теңіз мұншалықты тасқан жоқ.
Мен бармаған аспан жоқ,
Бәрі мұның биігінен асқан жоқ.
Мен осынау азын-аулақ жасымда,
Жүрегімнің лапылдаған отымен,
Сан жолдардан өтіп ем.
Сан орманның ұшар басын идіріп,
Сан тұлпардың құйрығын шарт түйдіріп,
Сан жарыққа өз шұғыласын сүйдіріп.
Бірақ менің мына мөлдір өз дертім,
Бара жатыр тиген жерін күйдіріп…

                                                                             IV

Сағыныш!
Көбірек жүріп кеттім-ау, деймін көшеңнен,
Жиірек тартып кеттім-ау, деймін кесеңнен.
Артық та болар ма екен-ау, осынау зымыран жылдар ішінде,
Күн сайын сені жүз рет көрдім десем мен!
Көріндің маған түнекте – жарық, өкпе түс болып түстіктен,
Сөйлейді сенің тіліңде барлық құс біткен
Махаббатымсың сен менің
Сан рет лаулап күйдіріп ала жаздаған
Жүрегімдегі ыстықпен.
Жолықтың ару армандар болып алысқа тартқан жолда кең,
Босатып қайта қоя да бергем, қондырып алып қолға әрең.
Орамал сыйлап Оралда қалдың, қара бұрымды қыз болып,
Сағынып кеткем сонда мен.
Кірпігімді ілмей қарадым саған, найзағай болып көк тілсең.
Жұлдызды күндер, басымнан талай өттің сен!
Көзтаңбақ ойнап көгілдір Ертіс кешінде
Омырауымның түймесін үзіп кеттің сен…
Болдың сен маған күндерде қиын дос сенген
Сен барда, жаным, еш сөнбен.
Жердегі барлық арбалар,
Вагондар, платформалар
Тарта алармысың жабылып
Осынау байтақ Сағынышыммен көшсем мен?!
Осылай да бір өссем мен!
Қарар еді онда әлем де маған көз қанбай,
Сағыныштардың керуеніндегі саз қандай!
Көшер еді онда дүние түгел, Жер түгел,
Ормандар, таулар жүпар иісімен қозғалмай…
Соңғы бір жылдар есімнен кетпей, түсіме сен ең көп енген,
Ағып та жүрсің ракеталар керуені болып төбемнен.
Жолдарың сенің осал да маған соққан жоқ,
Сағынып өттім дегенмен!

 

Бір тойым бар

Бір тойым болатыны сөзсіз менің,
Дәл қай күні екенін айта алмаймын.
Бірақ… бірақ…
Ешкімді де билетпей қайтармаймын.
Онда ортаға тасталар ұран сондай:
Қайта алмайды қартың да бір ән салмай.
Жиырма бестің бәрін де сабылдыртам,
Кемпірлерге қыз күнін сағындыртам…
Сәбилерге ағаны үлгі етемін,
Жеңгейлердің толтырам гүлге етегін.
Менің жарым бұл түні кірпік ілмей,
Ақ көңілімен қуаныш бүртігіндей,
Омырауынан бір сәуір шайқап есіп,
Ажырасқанды жүреді қайта қосып.
Мен өзім де ән салам түн ауғанша,
Менің жаным бұл күнге құмар қанша!
Бәйгі берем жығылған палуанға да,
Адалдығы сезіліп тұрар болса.
Қыз қуатын жігітке ат беремін,
Жанам деген жүрекке от беремін.
Мен әйтеуір бар жиған-тергенімді
Бір тамаша той қылып өткеремін.
Біздің үйді сол күні бетке ал, қауым,
Нысанаға ап қуаныш тоқталмауын.
Мен бұл тойдан тілеймін жылап тұрып,
Қазанымда бір асым ет қалмауын,
Мен сөйтіп бар шаңнан бір сілкінемін,
Мен сөйтіп рақаттанып бір күлемін.
Кім білсін талай күнгі арманым ед,
Мәңгілік тарқамауы да мүмкін оның.

Басқа жаңалықтар

Back to top button