Тарих

Лабақ баба: тарих тағылымы

Тарихымызды түгендеп, өткеніміздің өнегесін жас ұрпаққа таратып отыру — бүгінгі буынның парызы. XVII ғасырда өмір сүрген Лабақ баба есімі бізге сыртқы жаулардан ел қорғаған батыр, көшбасшы, әулие ретінде жақсы мәлім.
Тамыз айының 13-14-де Байғанин ауданының Миялы ауылында Лабақ атаның 400 жылдығына орай ас берілмекші. Оның негізгі мақсаты — елдік пен ерлік үлгілерін насихаттау, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға ықпал ету.

Ел қорғаған ер еді…

Тарихта белгілі бір орны бар Лабақ атамыз 1600 жылдары (XVII ғасырда) өмір сүрген тұлға. Оның туған, өмір сүрген жері — қазіргі Ақтөбе облысына қарасты Үстірт, Сам, Матай, Доңызтау, Жем өзені бойының алқабы.
Лабақ ата ел басқарған көшбасшы, әулие, батыр тұлға болған. Ол балаларымен тоғыз арыс Лабақ әулеті аталған. Лабақ атаның тоғыз баласы: Ақназар, Қожаназар, Қожүрек, Маңғытай, Созақ, Отарбай, Көшен, Жәнікей, Жінікей. Лабақ атаның осы балаларынан атақты ел басқарған батырлар, әулиелер шыққан.
Лабақ атаның Отарбай баласынан — Сатыпалды, Сатыпалдыдан — Барақ туған. Барақ – Лабақ атаның шөбересі. Барақ — уақытында ел басқарған батыр тұлға. Өмір бойы сырттан торуылдаған шапқыншыларға қарсы ел қорғау жолында баласы Асау батырмен өмірін сарп етті. Барақ ата баласы Асаумен Сам құмында, тас жайлауында жатыр.
Қазақ жеріне заманында жоңғар қалмақтары, еділ қалмақтары көбірек қауіп туғызды. Маңғыстау түбегіне, сонымен қатар түрікпендер де көз алартты. Осы ұлан-байтақ Үстірт, Маңғыстау түбегіндегі жерлерді сақтап қалуда үлкен бабаларымыз батырлық, ерлік көрсетті. Жем өзенінің оң жақ бетінде, қазіргі Байғанин ауданы, сондай-ақ Орынбор облысының жерлеріне дейін орыстарға қарсы баласы Асаумен жорықтар жасады.
Қазақстан егемендік алғаннан кейін 1992 жылы халықтың қолдауымен Барақ атаға кесене салынды. Бұл жұмысқа Байғанин ауданының азаматтары бір кісідей қатысып ат салысты. Ол кезде мен «Дияр» совхозын басқаратын едім. Барақ атаның кесенесін салуға қатысқаным үшін өзімді бақытты санаймын.
Лабақ ата жөнінде мәңгілік жатқан жерін анықтап, кесене салуда Лабақ ата қорының басшысы Адайбек ініміз басқарған ұлыс үлкен үлес қосты. Жем бойындағы Ақсуат деген жерде Асанқожа қорымында Лабақ атаның жатқан жері анықталып, басына еңселі кесене салынды. Құрылыс материалдары Ақтөбе қаласынан, 500 шақырым жерден тасылып жеткізілді.
Бұл жұмысты басқаруда Қайырқожа, Есет інілеріміз және басқа көптеген азаматтар ат салысты. Қорымның айналасы қоршалып, абатталды. Асанқожа қорымы Қазақ КСР энциклопедиясында Асанқожа мавзолейі деп жазылған. Осы қорымның орналасқан жері — Жем өзені бойында, Ақсуат қызыл үйі Бесқала – Көкжар (Ойыл) мақта жолы.
Лабақ ата ағайын мен ел бірлігі үшін өсиеттер қалдырды. Ол балаларына «неше атаға жетсе де, қыз алыспайсыңдар, қыз алыссаңдар ағайын арасында араздық басталады, татулық, ауызбіршілік болмайды» деген өсиетін қалдырған. Лабақ ата ұрпақтары осы қалдырған өсиетті қазіргі уақытқа дейін орындап келеді.
Лабақ ата — тарихи тұлға, басына кесене орнатып, ас беріліп, үлкен шаралар жасау —  үлкен маңызы бар оқиға.
Уақытында елін, жерін жаудан қорғаудағы бабалардың ерлік істерін уағыздау қазіргі жастардың сезімін оятатын ізгі шаралар деп есептеймін.
Лабақ бабамызды мәңгі еске қалдыруға жұмыс жасаған іні-балаларымызға Лабақ ата және одан тарап, бақилық болған аталардың аруақтары разы болғай.
Өзім туралы айта кететін болсам. 1935 жылы Байғанин ауданының Жаңатаң елді мекенінде дүниеге келдім. Алматы мал дәрігерлік-зоотехникалық институтын 1962 жылы зоотехник мамандығы бойынша бітіріп шықтым.
1962 жылдан Абай атындағы колхозда басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарып, колхоз малын Матайқұм қыстағына қыстап шығуды ұйымдастырдым. 1963 жылы ақпан айында совхоз ұйымдастырылып, сонда бас зоотехник қызметін атқардым. 1968 жылы «Алтай» совхозында директорлыққа тағайындалдым. «Алтай» совхозы негізінен Сағыз өзені бойына орналасқан. Совхоздың территориясында Дәуіткөл деген қыстақ бар еді. Алтай ауылында көпті көрген Нағымет ақсақалдан Дәуіткөл деп қалай аталғанын сұрағанда, ол жер сенің атаң Дәуіттің жаз жайлауы болған деп еді.
Дәуіт — Барақ атаның немересі. 1982 жылы жаңа совхоз ұйымдастыратын болып, аудан басшылары сол шаруашылыққа мені директор қылып тағайындады. Жаңа «Дияр» совхозы облыс орталығынан 500 км, аудан орталығынан 280 км қашықтықта орналасқан шаруашылық. Бір шеті Жем өзені, оңтүстігінде Үстірт, батысында Атырау облысымен шектесіп жатыр. Үстірт, Сам-Матай, Жем беті, Доңызтау жерлері — ата-бабамыздың өмір сүрген мекендері. Менің де біраз өмірім сол аталар өмір сүрген жерде өтті.

Мұханбет МОЛДАҒАЗЫҰЛЫ,
Байғанин ауданының құрметті азаматы.

Тектіден текті туады…

Адам бойындағы ізгілік пен парасаттылық, ақыл-ой мен пайымдылық, сол сияқты батырлық пен пендешілік тәрізді кез келген қасиеттердің де басым түрде тек арқылы берілетіні аян. Халқымызда адамның шыққан тегіне, сүйегіне айрықша маңыз беруі, қан тазалығына ден қойып қарауы тегін емес. Асыл тек қын түбінде жатпайтынын, қанша заман өтсе де таңдаулы деген ұрпақтарының бойынан жарқ етіп көрінетінін өмір талай дәлелдеген.
Қазақ тарихында із қалдырған көптеген тұлғалар өз бастауларын осындай тектерден алса, сол асыл қасиеттерді ұрпақтарының да бойларына дарыта алды. Әлбетте, тектілік қолға ұстатып, мұраға қалдырып кететін дәулет емес, бұл жоғарыдан беріліп, қанмен сіңетін одан да бағалы ерекше қасиет.
Көптеген қасиеттер иесі болған Лабақ атаның бірталай ұрпақтары да бабаларының сол ізгіліктеріне мұрагер болған еді. Лабақ ата ұрпақтарынан көптеген ту ұстаған қолбасшы-батырлар, еліне бағыт берген басқарушы билер, әулиелер, діни қайраткерлер, ишан- хазіреттер және басқа да абыройлы, кісілігі мол жандар шықты. Біздің мақсатымыз — осы адамдар жайында сақталған азды-көпті әңгіме-деректерді ұсыну. Алайда белгілі деген ұрпақтарының барлығы жайында бірдей толық деректер сақталды демейміз.
Жалпы Лабақ ұрпақтары дегенде ең алдымен көпшіліктің есіне танымал Барақ, Асау және Дәуіт батырлар түсетіні анық. Бұл атақты тұлғалар есімдері көптеген жыр, аңыз-әңгімелерге арқау болды, есімдері халыққа кеңінен тарады. Одан бөлек, үшеуі де өз замандарының әртүрлі қоғамдық-саяси оқиғаларына, соның ішінде Ресей отарлауына қарсы азаттық күрестерге белсене қатысты, осыған байланысты олардың аты-жөндері архивтік құжаттарда да көбірек көрініс тапты. Осындай себептерден, сондай-ақ автордың зерттеу нысандарының бірі ұлт-азаттық күрестер болуы себебінен де Барақ-Асау-Дәуіт батырлардың іс-әрекеттері осыған дейін көбірек сипатталған еді. Бұл тұлғалар шоқтығы биік болып, өз тұстарында жарқырап көрінді; бірақ бұл Лабақ атаның басқа да ұрпақтарынан көрнекті адамдар болмады деген сөз емес. Мәселе — тек олар жөнінде ауыз екі әңгімелер мен тарихи деректердің сақталмауы және ұмытылуында тәрізді.
Бір ескерте кетер жайт, Барақ батыр ұрпақтарына арналған алдыңғы еңбектерде осы әулеттен шығып, көптеген жорық-шапқындарға қатысқан, оларды ұйымдастырған Қадырқұл Асауұлын, Шыңдауыл, Қобылаш, Қойшы Қитарұлдарын және басқа да бірқатар кейінгі ұрпақтарын осындай іс-қимылдарына қарай отырып, батыр ретінде көрсеткен болатынбыз.
Құжаттарға қарағанда, бұл адамдар осы дәрежеге лайық тұлғалар. Дегенмен бүкіл халық атынан бірауыздан классикалық түрдегі батыр дәрежесіне жеткен Барақ, Асау, Дәуіт, Қитар және басқа да ертеректегі батырлармен бір деңгейге қою үшін бұл ұрпақтары туралы ел аузындағы әңгімелер мен құлпытас жазуларын әлі де қосымша қарастыруға болады. Бұл жерде жоғарыда аталған жандарды әзірге батыр дәрежесіне өте жақын мағынада сипаттаймыз. Бұл тұлғалар батырға жете-қабыл аламан дәрежесіне толық келеді. Бірақ батыл шапқындар, ержүрек іс-әрекеттермен бірге, «аламан» ұғымының теріс мағынасы да болғандықтан қолданбадық.
Лабақ ата кіндігінен тараған белгілі деген бірқатар тұлғаларға қатысты әзірге анықтамалық сипатта ғана бере аламыз. Мұнда көбіне ертеректегі жаугершілік замандарда өткен және кейбір іс-қимылдары мұрағатта хатталып қалған тұлғалар ғана ұсынылмақшы. Әлбетте одан кейінгі уақыттарда ерен еңбектерімен еленіп, бейбіт өмірде де қажырлы қайратымен үлгі болған тұлғалар көп екеніне сөз жоқ. Буындар алмасып, ұрпақтар сабақтастығы жалғасын тауып, келешек уақытта да Лабақ әулетінен елдің дамуына үлесін қосатын білімді де, өнерлі жастар әлі де шығып тарала бермек.
Бұл дүниедегі адамзат борыштарының бірі ата-бабаны құрметтеу, қастерлеу болып табылса керек. Әдетте тамыры тереңге кететін бұл ұғымдардың мағынасы өте кең — бабалар есімдерін қадірлеу, қасиеттеу, тіпті белгілі бір дәрежеде әулие тұту қазақ халқы арасында бұрыннан бар дәстүрлер. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегендей, сүйекке сіңген мұндай салттан ешкім аттап өткен емес. Бұл біздің ежелден ұстанып келе жатқан дінімізге де, дәстүрімізге де ешқандай қайшы келмейтін көнеден жеткен ұлағатты істердің бірі.
Қазақ тарихындағы қастерлі тұлғалардың бірі, өз заманының сұңғыла қариясы, абыз ақсақал биі болған Лабақ атаның есімін ұлықтау, асын беріп, мазарын көтеру, рухына Құран бағыштау істері де осындай ізгі шараларды құрап отыр. Ертедегі жаугершілік заманда өз қауымына тура жол көрсетіп, өшпес өсиеттерін қалдырған Лабақ атаның аманаттап кеткен бағыты мен өнегелі сөздері ұрпақтары үшін әлі күнге дейін бұлжымас қағидалар есебінде қымбат. Қаншама замандар өтіп, қаншама буындар ауысса да, тағдырдың талай тезінен өтсе де, ата ұрпақтары сол өсиеттерден айнымауға тырысып, жалпы жұртшылықпен бірге осы сауапты істерді жұмыла көтеруде.

Нұржан ЖЕТПІСБАЙ,
тарихшы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button