Білім

Инженерлік-техникалық мамандықтарға грант көбейтілді

  • Болашақ

Шетелде оқығыңыз келе ме? Биыл магистратура мен резидентураға 385, докторантураға 60 стипендия бөлінді. Бұл туралы кеше Ақтөбе медициналық орталығының мәжіліс залында өткен «Болашақ» халықаралық бағдарламасының талаптары мен жаңалықтары туралы брифингте айтылды.

Қазір «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша жетекші шетелдік жоғары оқу орындарына магистратура, докторантура және резидентураға түсу үшін құжаттар қабылданып жатыр. Өтініштер 14 қазанға дейін egov.kz мемлекеттік қызметтер порталы арқылы жүргізіледі. Биыл тағылымдамадан өтуге құжаттарды тапсыру 5 қыркүйекте басталады. Конкурстық іріктеу 30 мамыр мен 30 қараша аралығында өтеді. Біз қазір аталған бағдарламаның ақпараттық-түсіндіру шараларымен өңірлерді аралап жүрміз, — деді «Болашақ» халықаралық бағдарламасының конкурстық рәсімдеу басқармасының менеджері Диляра Әбілқайырова. Ал оның әріптесі Ақбота Ертайқызы үлкен экраннан көрсетілген слайдқа сүйене отырып, «Болашақ» бағдарламасының биылғы жаңалықтарына тоқталды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Болашақ» бағдарламасын қайта бағдарлау процесі іске қосылды.

— Биыл инженерлік-техникалық мамандарды даярлауға басымдық беріліп отыр. Осыған орай «Болашақ» бағдарламасы бойынша техникалық және IT мамандықтарына гранттар саны 60 пайызға дейін көбейтілді. Инженерлік-техникалық қызметкерлермен қатар, ауылдық жерден шыққан үміткерлерге де квота қарастырылған. Ауылдан шыққан үміткерлерге қосымша тілдік курстар ұйымдастырылады. Жалпы академиялық оқуға 92, тағылымдамадан өтуге 158 мамандық ұсынылады. Қажетті құжаттар тізімі мен «Болашақ» бағдарламасы туралы ресми сайттан оқып біле аласыздар, — деді Ақбота Ертайқызы.

Шараға қатысушылардың сұрақтарына орай, спикерлер тек дәрігерлер ғана емес, медицинаның орта буын қызметкері де шетелде біліктілігін арттырып, тағылымдамадан өтуге болатынын айтты. Тағылымдамадан медицина мамандарымен қатар, инженер-техниктер, мәдениет, туризм және спорт саласының қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, орта, техникалық және кәсіби білім беру ұйымының педагогтері, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері және агроөнеркәсіп саласының мамандары да өте алады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button