Жастар

Еңбек пен достықтың ортасы

  • «Жасыл ел»

Бүгінде мемлекет тарапынан жастарға көптеген мүмкіндіктер қарастырылған. Солардың бірі — жастарға арналған тұрақты мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы.

Бұл мемлекеттік бағдарламаларды аудан жастары да игілігін көруде.

Жақында шалқарлық жастар «Жасыл ел» еңбек жасағының шілде айындағы жұмысын қорытындылады.

— «Жасыл ел» бағдарламасы елімізде 2005 жылы бастау алды. Бұл жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп, жарқын істерге жұмылдырады. Аталған бағдарлама аясында Шалқар ауданының жастары да өз белсенділігін танытып келе жатыр.

Биыл ауданда 325 жасты жұмыспен қамту  жоспарланды. Бүгінгі күнге дейін 75 жұмыссыз, 38 оқушы және 212 студент «Жасыл елде» жұмыс атқарды. 

Жұмысқа алынған жастар  тек қана жұмыс жасап қоймай, қоғамдық жұмыстарға да белсене арласады. Шілде айында жұмыс жасаған жастар арасында бір ай бойы түрлі бағытта іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтсақ, футбол жарысы, «Менің бір күндік жұмысым», креативті суреттер, «Менің ойымша…» пікірталас алаңы өткізілді. Сынға түскен жастар ай соңында анықталып, үздіктер марапатталды, — дейді аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Жанна Әбденова.

М.Мәметова атындағы Ақтөбе жоғары медициналық колледжнің 3-курс оқушысы Аружан Әуез «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша биыл үшінші жыл қатарынан жұмыс жасап келе жатқанын айтты.

Жазғы демалыста уақытымды тиімді өткізіп, ата-анама қолғабыс еттім. Еңбек маусымында тал егіп, абаттандыру жұмыстарын атқардық. Бұл бағдарлама туған өңірімді көркейтуге аз да болса өз үлесімді қосуға арналған үлкен мүмкіндік деп білемін. Жұмыс барысында жаңа орта, жаңа достар да таптым. «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмыс жасау арқылы қоғамдық жұмыстарға да қатыстым.

Адал еңбек жаңа жетістіктерге жетелейтіні сөзсіз. Мен «Жасыл ел» сарбазы болғанымды мақтан тұтамын, — дейді Аружан.

А.ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button