Мәдениет

«Он сегізінші ғасырда отырмын, мені мазалама»

  • Қажығали Мұханбетқалиұлы — 80

Белгілі жазушы, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері, жерлесіміз Қажығали Мұханбетқалиұлының жары Сұлухан апаймен облыстық тарихи-өлкетану музейінде таныстық.

Музей өткен жылы жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған «Естен кетпес бейне» атты көрме ұйымдастырған еді. Оған музей қорындағы фотосуреттер, жазушының кітаптары мен басылым беттерінде жарияланған мақалалары, т.б. жәдігерлер қойылды. Жазушының жары Сұлухан апай аталған көрменің ашылуына келе алмады. Алайда кейін Ақтөбеге келгенінде музейге арнайы соғып, өз естеліктерімен бөліскен еді.

Ол алдымен жұбайының жастық шағындағы суретіне ұзақ қарап тұрды. Содан соң естелігін бастады. Айтуынша, болашақ жазушы мектепті де, университетті де үздік бітірген.

Қажығали Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінде оқыды. Ол кезде жоғары оқу орнын қызыл дипломға бітіріпті дегенді бірен-саран ғана естуші едік. Сол аздың қатарында Қажығали ағаларың да болды. Қажекең өзінің еңбек жолын Ақтөбе облыстық теледидар және радио комитетінде бастап, одан облыстық «Коммунизм жолы» газетіне ауысты. Ал Ақтөбеден Алматыға көшіп барғанымызда, бастапқыда «Горный гигант» ауданында пәтер жалдап тұрдық, — деп еске алды Сұлухан апай.

Алматыға келгеннен кейін Қажығали Мұханбетқалиұлы «Қазақстан» баспасында редактор, «Жұлдыз» журналында аға әдеби қызметкер, «Қазақ әдебиеті» газетінде проза бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы болып қызметтер атқарды. Кейін «Жаңа фильм» — «Новый фильм» журналының бас редакторы болды, баспаларда еңбек етті. Оның әр жылдары әріптестерімен түскен фотосуреттерін көріп, Сұлухан апай: «Қайран уақыт-ай!», — деп, көзіне еріксіз жас алды.

Қажекеңнің адами қасиеттері туралы айтар болсам, өзінің жақындарына, ағайын-тума, жолдастарына өте қамқор жан еді. Отбасында өте мейірімді әке болды. Кейде балаларға қаталдау болу керектігін айтсам, «Жоқ, мен өзім жетім өстім, менің балаларым әкенің қаталдығын көрмей өсуі керек», — дейтін.

Қажығали Мұханбетқалиұлы көптеген шығармалар жазды. Солардың ішінде 2012 жылы жарық көрген Сырым батыр жайлы «Тар кезең» тарихи романын өзі «ең басты шығармам» деп санады.

«Тар кезең» романының бірінші тарауын тез жазған болатын, ал екінші тарауын ұзақ жазды. Таңертең бөлмесіне кіргеннен, түстен кейін бір-ақ шығатын. Түскі асқа шақырсаң, «Мен 18-ғасырда отырмын, мазалама» — дейтін. Тіпті телефоннан біреу Қажекеңді сұраса, «жиналысқа кетті», — дейміз. Сондағы мақсат — оны мазаламау, ойы бөлінбесін дейміз…

«Талант пысықтықты жаратпайды», — деседі. Қажығали Мұханбетқалиұлы да өзін жарнамалауға, атағын пайдаланып, сый-құрметке ұмтылуға қырсыз еді. Содан ба, «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын да тек беріректе алыпты. Алайда оның еңбегі бағалаусыз қалған жоқ. 2014 жылы «Тар кезең» романына Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы берілді.

Ол туған жерін өте жақсы көретін. Ақтөбеге қарай жол жүретін болса, балаша қуанатын, жүрегі Ақтөбе деп тұратын, — дейді жазушының жары.

Жазушы өзінің шығармалары арқылы болашақ ұрпақтармен де сырлас бола алады. Бүгінде астанадағы ұлттық кітапханада Қажығали Мұханбетқалиұлының атына кабинет ашылған.

Ал туған жерінде, яғни Ақтөбедегі Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университеттің филология факультетінде Қ.Мұханбетқалиұлы атындағы оқу кабинеті бар.

Облыстық тарихи-өлкетану музейдің экспозициясында да оның кітаптары тұр. Жазушының бірқатар марапаттарын, құжаттарын, қолсағаты мен тұтынған заттарын қызы Дариға музей қорына тапсырды. Бұл жәдігерлер болашақта ашылатын «Тұлғалар залынан» орын алатыны сөзсіз.

Жаңылған ДАНАБАЕВА,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің сектор меңгерушісі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button