Әлеумет

Толғандырған тоғыз сауал

Редакциямызға оқырмандар тарапынан жеке және әлеуметтік мәселелерге қатысты көптеген сұрақтар түсіп жатады. Солардың бірқатарына жауап іздеген едік.

Мылтық алайын десем…

Алтынбек, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Аңшы куәлігімді жоғалтып алдым. Мылтық алайын десем, қару сататын дүкеннің сатушысы аңшы куәлігімді сұрайды. Ол үшін қайда, кімге жолығуым керек?

Нұрлан Думов, облыстық ішкі істер департаменті лицензия және рұқсат беру қызметі бөлімінің бас инспекторы:

— Аңшы куәлігі жоғалған жағдайда облыстық аңшылық және балықшылық шаруашылығынан оқығанын растайтын сертификат үшін анықтама алады. Анықтама облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясына аңшы куәлігінің жоғалғандығы жайында жазылған арызға қосымша ретінде тіркеліп, тапсырылады. Кейін осы мекемеден аңшы куәлігінің көшірмесі беріледі. Бұл мекеме Ақтөбе қаласындағы Жағалау көшесі 11-үйде орналасқан.

Жәрдемақы беріле ме?

Мәриям, Қобда ауданының тұрғыны:

— Жалғызбасты аналарға кәмелетке толмаған балалары үшін мемлекет тарапынан қандай жәрдемақылар беріледі және оны қалай рәсімдейді?

Райса Иманқұлова, «Зейнетақы төлеу жөніндегі орталық» РМҚК Ақтөбе облыстық филиалының бас маманы:

— Жалғызбасты аналарға кәмелетке толмаған балалары үшін мемлекет тарапынан арнайы жәрдемақы төленбейді. Бір жасқа толмаған балалары үшін ғана мемлекеттен төленетін ай сайынғы жәрдемақы бар. Асыраушысынан айырылған болмаса, 16 жасқа дейінгі мүгедек баласы бар жандарға ғана мемлекеттік арнайы жәрдемақы тағайындалады.

«Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесі арқылы атаулы көмек алуға мүмкіндік бар. Ол үшін жан басына шаққандағы күнкөріс мөлшері белгіленеді.

Сары май сан соқтырды

Сәнімгүл, қала тұрғыны:

— Қаланың 12-шағын ауданындағы «Дина» шағын маркетінде келісі 1200 теңгеден «Крестьянское» сары майын сатып алып жүрдім. Дәмі өте тәтті сары майды балаларым сүйсініп жейді. Бірақ қазір бұл сары майды алудан бас тарттым. Себебі, сары май арнайы ыдыста сатылмайды. Оны дүкеншілер өлшеп, бағасын жапсырып, орап сатады. Соңғы кезде дәмді деп алатын «Крестьянское» майының сапасы нашарлап кетті. Құзырлы мекемелердің тексеруін сұраймын.

Құралай Қарекен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік санитарлық  эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің директоры:

— Тағамдық шикiзаттар мен тағамдық өнiмдер олармен жанастыруға рұқсат етiлген материалдарға өлшеп салынып, қапталуы тиіс.  Полиэтиленді пакеттер ҚР мемлекеттік санитарлық бас дәрігерінің 2003 жылғы 18 желтоқсандағы № 73 бұйрығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында қолдануға рұқсат етілген заттар мен өнімдер реестріне» кірген.

Қала тұрғыны Сәнімгүл «Крестьянское» сары майының сапасына күмәнданса, аталған мәселемен қалалық  санитарлық-эпидемиологиялық басқармаға жазбаша түрде арыздануына болады. Арнайы бұйрыққа сәйкес сауда нысандары эпидемиологиялық маңыздылығы төмен нысандар қатарына кіреді, яғни жылына бір рет жоспарлы тексеріспен қамтылады.  Ал жазбаша арыз-шағым түскен жағдайда, аталған нысанға жоспардан тыс тексерулер жүргізіледі. Санитариялық ережеге сәйкес, тағам өнімдері санитарлық-химиялық, микробиологиялық, токсикологиялық көрсеткіштерге қатысты зерттеледі.

Жәдігерлер жоқтың қасы

Зәуреш апай, Әйтеке би ауданының тұрғыны:

—Үйімде көне жәдігерлер бар. Әсіресе, жүз жылдан астам тарихы бар самаурын мен осы шамалас ағаш бесікті мұражай қорына тапсырғым келеді. Ол үшін не істеуім керек?

Зада Мұқашева, облыстық тарихи-өлкетану музейі қор бөлімінің меңгерушісі:

— Егер ол азаматша үйіндегі көне жәдігерлерді музей қорына тапсырғысы келсе, онда ол жергілікті жердің тарихи-өлкетану музейіне жолыққаны жөн. Өйткені қазір Әйтеке би аудандық музейінде экспонаттар жоқтың қасы. Музей қызметкерлері тапсырушыдан жәдігердің қай күні, кімнен алынғаны жайында, оның тарихы туралы толық мағлұмат алады. Ол үшін көне заттарды тапсырушы тарихи зат туралы бар білгенін айтқаны абзал. Қазір ешбір адам қолындағысын тегін бергісі келмейді. Егер көне жәдігер сол елге тікелей қатысы бар тарихи тұлғалардан қалған мұра болса, онда қызметкерлер екіжақты келісім арқылы музей қоры мүмкіндігіне қарап сатып алуға тырысады.

Көлік құнын қалай аламын?

Сәрсенғали Ысқақұлы, Ақтөбе қаласы Заречный поселкесінің тұрғыны:

— Балам көлігін «Зиял» мекемесіне сатып, ақшасын ала алмай жүр. Сотқа бердік. Сот төлеуге, өндіріп алуға шешім шығарды. Атқару парағы келді. «Зиялдың» есепшотын жапқан, 4 көлікке арест салған. Міне, алты айдан кетті, іс  әлі орындалмай отыр. Осы мәселенің шешімін табуға кеңес берсеңіздер.

Батырхан Дабыл, «Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары бойынша «Батыс» өңіраралық  көліктік бақылау инспекциясы» мемлекеттік мекемесінің бастығы:

Мұндай жағдайда облыстық прокуратураға арыз жазуға кеңес береміз. Ол үшін арызға қосымша сот шешімі, атқару парағы, сондай-ақ осы мәселеге қатысты басқа да құжаттарыңыздың көшірмесін тіркегеніңіз дұрыс. Арыз соңында сот шешімінің орындалмау себебін, бұл іске жауапты адамдарды әкімшілік немесе қылмыстық жазаға тарту жайында сұрайтындығыңызды көрсеткеніңіз абзал.

Ана сүтінен айырмаңыз…

Алтынзер, Мұғалжар ауданының тұрғыны:

— Алты айлық қызымды емшектен суалтқым келеді. Көктем мезгілінде бұл балаға кері әсерін тигізбейді ме?

Мәншүк Түнғатарова, Ақтөбе қаласындағы №2 кеңес беру диагностикалық емханасының №2 филиалының балалар дәрігері:

— Көктем мезгілінде баланы ана сүтінен айырмаған дұрыс. Баланы 1 жасқа дейін ана сүтімен қоректендіруге кеңес беремін. Көктем — адам ағзасының әлсіреп, бойда иммунитеттің әлсірейтін шағы. Бұл кезде баланы емшектен суалтудың еш қажеті жоқ. Өйткені емшектен суалған баланың бойында А дәрумені жоғалып, иммунитет төмендейді. Нәтижесінде сәби қаназдық, рахит ауруына шалдығуы мүмкін.

22 шақырымдық жол жөнделеді

Айшолпан, Кеңқияқ кентінің тұрғыны:

— Өткен жылы Темір қаласы мен Кеңқияқ кентінің арасындағы тас жолды жөндеу жұмыстары аяқсыз қалды. Бұл іс биыл жалғасын таба ма?

Азамат Нұрғалиев, Темір ауданы әкімінің орынбасары:

— Покровка-Темір-Кеңқияқ  елді мекендерінің арасындағы 75 шақырымдық тас жолды жөндеу жұмыстарымен облыс орталығындағы «Пилон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысып жатыр. Бұл шаруа 2009 жылы басталды. Сол жылы 17 шақырымдық жол жөнделсе, өткен жылы 15 шақырымдық жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл бұл іске жауапты мекеме басшылығы 22 шақырымдық жолды жөндеуге қаражат бөлініп отырғанын айтады. Жол жөндеу жұмыстары көктемгі қар суының азаюын күтіп отыр.

Шыршамды баптағым келеді

Аружан Жанатқызы, қала тұрғыны:

— Былтыр «Нұр Ғасыр» мешіті жанында анам екеуміз шырша отырғызған едік. Қазір сол шыршалардың күтімі қалай екен? Өз қолыммен отырғызған шыршамды өзімнің баптап, күтуіме бола ма?

Бауыржан Есмахан, «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы:

— Өткен күзде мешіт жанына 114 түп шырша отырғызылған болатын. Қазір бұл шыршалардың барлығы бой алып, жайқалып өсіп келеді. Мешіт жамағаты еккен жас көшеттерді бағып, күтетін арнайы мамандар бар. Олар шыршаларды қыста қар астында қалмауы үшін барлық жағдай жасады. Жамағаттың өз қолымен отырғызған шыршасын бағып, күтуіне мешіт қызметкерлері тарапынан ешқандай қарсылық жоқ.

Көмек мөлшері — 15 аек

Артур Аралбайұлы, Қарғалы елді мекенінің тұрғыны:

— Зейнеткерлер өмірден озса, оның отбасына көмек ретінде марқұмның екі айлық зейнетақысы аударылуға тиіс. Осы мәселенің анық-қанығына көз жеткізгім келеді.

— Райса Иманқұлова, «Зейнетақы төлеу жөніндегі орталық» РМҚК Ақтөбе облыстық филиалының бас маманы:

— Өмірден озған зейнеткерлердің отбасына көмек ретінде марқұмның екі айлық зейнетақысын аудару мәселесі 1998 жылға дейін жүзеге асырылды. Қазір ҚР Үкіметінің 819-шы қаулысына сәйкес мемлекеттен зейнетақы және арнаулы жәрдемақы алатын адамдар қайтқан кезде оның отбасына 15 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) негізінде ғана көмек беріледі. Тек Ұлы Отан соғысы ардагерлері үшін ғана бақилық болған жағдайда олардың отбасына көмек ретінде 35 АЕК негізінде қаражат төленеді. Қазір бір АЕК — 1512 теңге.

Оқырмандар сауалына жауап іздеген Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button