Әлеумет

Балдырған

Үкілі үміт

Кішкентай биші

Жасмира Аманжолова — Бестамақ ауылындағы «Болашақ» балабақшасының тәрбиеленушісі.

2007 жылы өмірге келген кішкентай бүлдіршін екі жасынан бастап өзінің бишілігімен ауылдастарының  көзіне түсті. Балабақшада өтетін мерекелік шараларда мың бұралып өнер көрсететін Жасмира  өзбек, сыған халықтарының ұлттық билерін тамаша билейді. Соңғы кездері ол «Қара жорғаны» Әліби деген  топтас баласымен билеп, жерлестерін риза қылып жүр.

Жасмираның ата-әжесі Света мен Аманжол кішкентай немересінің тәрбиесіне көп көңіл бөледі екен. Әсіресе, олар баланың бойында тәрбиенің ұлттық бояуының қанық болғанын көп қадағалайды. Сондықтан да кішкентай Жасмира қазақ тіліне жетік, мақалдап-мәтелдеп сөйлегенде үлкеніңді сүріндіреді, ал жаттап алған батасын бір де жаңылмай қайтарады.

Қазағым аман болсын,

Ел тыныш заман болсын.

Ұйқымыз тыныш болсын,

Адамдар туыс болсын.

Өміріміз ұзақ болсын,

Ел қорғайтын ұлың болсын,

Ел көбейтер қызың болсын, — деп бата қайырғанда, жиналған қауым мәз болады. Ата-анасы Жеңісгүл мен Мұрат Жасмираның тәрбиесін атасы мен әжесіне сеніп тапсырған. Ал ата мен әже тәрбиесі ұлттың ертеңінің дұрыс болуының бірден-бір кепілі екенінде дау жоқ.

Е.НҰРАЛЫ,

Алға ауданы.

Тәуелсіздік

«Тәубе» дейік!..

Биыл қазақ елінің тәуелсіздік алғанына 20 жыл. Былай қарағанда, бұл уақыт аз көрінгенімен, осы жылдардың бізге берген тағылымы қаншалықты көп десеңші. Тәуелсіздікке дейінгі жүріп өткен жолдарымызды көз алдыма елестетсем, кешегі аштық, репрессия, соғыс жылдарында халқымыз қаншама қиындық көрсе де мойымаған. Қазір, тәубе, өз елінде бейбіт ғұмыр кешіп отыр.

Қазақ қандай қиындық көрсе де, сыр бермеген халық. Тіпті Тәуелсіздік алған тұстары да елде қиындық-кедергілер жиі кездесті. Алайда халқымыз қолындағы бір-екі малына қарап, жамаулы киім кисе де балаларын мектептен қалдырмай, еліміздің басшыларына сенімін еш жоғалтпай, алдағы күндерден тек жақсылық күтіп, тәубесінен еш жаңылған жоқ. Қазір, шүкір, Қазақстан көк байрағы желбіреп, әлемге танылып келеді. Өндіріс орындары жоқ есепті шалғай ауданда тұрған бізге мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған жақсы да игі жұмыстарды көрмеу, сезінбеу, айтпай үнсіз қалу мүмкін емес.

Облыс орталығына баратын жол, әр ауылдағы телерадио жүйесі, әр үйдегі телефон байланысы, жаңартылған мектептер, ашылған балабақшалар, ең бастысы, бейбіт те алаңсыз өмір сүру көңілге қуаныш ұялатады. Осының бәрі 20 жыл үшін аз ба, көп пе, оны сараптау осыншама жыл бәрін бірге көрген, сезінген, қиындығы мен қызығын бірге бөліскен халқымның еншісінде. Әлі де кемшін тұстарымыз болса, оны дабырайтпай, халқымыздың «Көш жүре түзеледі» деген мақалын еске ала отырып, түсіністікпен қарағанымыз жөн. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, жиырма жылда жеткен жетістіктерімізде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың зор үлесі бар екенін риясыз айта аламыз. Әрбір таңымыз күліп атып, баянымен байысын. Әрбір сәбиіміз тыныштықта қалғысын.

Серғали ҚОБЛАШОВ,

Шеңбертал ауылының

тұрғыны.

Ырғыз ауданы.

Бақыт

Отыз немере, жиырма шөберенің әжесі

Балымжан әженің жасы 86-ға келсе де, қимыл-қозғалысы ширақ, денсаулығы қалыпты. Ұлы Отан соғысы жылдары тылда еңбек етіп, небір азапты, ауыр күндердің куәгері болған әжеміз заманның тыныштығы мен ұрпақтың амандығын тілейді.

Балымжан әжемнің өткен ғасырдың ортасында Мәскеуге барып, Кремльді көріп келгенін біреу білсе, біреулері біле бермейді. Әжем жас кезінде «Қызылпартизан» кеңшарында жиырма бес жыл сауыншы болып қызмет жасаған еді. Осы қызметінде ол талай мәрте Алғыс хаттармен марапатталып, бағалы сыйлықтардың иегері атанған. Аталмыш кеңшарда маңдай терін төккен көп жылғы үздік еңбегі үшін 1957 жылдың жазында сол кездегі Кеңестер Одағының астанасы Мәскеу қаласына арнайы жолдамамен демалуға барды.

— Мәскеу қаласында бір апта болдық. Ырғыз, Шалқар, Қарабұтақ аудандарының үздік мамандарынан құралған бұл делегацияны Мәскеуге облыстан Қанзира Шакуова басқарып алып барды, — дейді әжеміз.

Өткен өмірінің ауыр күндерінен ұрпағына үнемі сыр шертетін әжем күнделікті жаңалықтарды да қалт жібермей, қадағалап отырады. Ал біздер оған газет-журналдар оқып береміз.

Әжеміз өте қонақжай адам. Үйге қонақ келіп, амандық сұраса, балаша қуанып, мәз болады. Ал өзі шақырған жерден қалмауға тырысады. Төрт ұлы мен екі қызынан тараған отызға тарта немере мен жиырмадан аса шөбере осы кейуананың еркелері. Асыл әжеміз ізінен ерген ұрпағының тірегі.

Қуантқан МЕЙРАМБЕКҰЛЫ,

Ырғыз ауданы.

Ғұмыр

«Құрақ көрпемді кімге қалдырамын?..»

«Үйдегі қарияң — жазып қойған хатпен тең». Кешегі тарих пен жүріп өткен жолын айтар, ақыл мен парасатқа толы сөзін саптар көп қарияларымыз қазір үкімет үйін паналап жүр. Біз сөз еткелі отырған Базар әже қырық жыл ғұмырын құрылыс саласына арнаған. Жетпістің екеуіне жеткен кейуана қазір Қарттар үйінде көрпе тігіп, құрақ құрайды.

Базар Қошанқызы болашақтың жарқын, бейбіт болғанын қалайды, жас ұрпаққа амандық тілейді. Ол Орынбордың Ақбұлақ ауданындағы Заря ауылында дүниеге келген. Облысымыздағы  қарттар және мүгедектердің интернат үйіне 2009 жылы орналасыпты. Әжейді қазіргі жан серігі — іс машинасы. Оны қырық жыл бұрын бір шиша араққа сатып алған екен.

Базар әже Ақтөбеге көшіп келгеннен кейін тұрмысқа шығады. Мұның алдында жолдасының бірінші әйелі қайтыс болып, артында бір баласы қалған екен. Алайда Базар әже нәресте сүйе алмағандықтан некесі сәтсіз аяқталады. Бірақ ол жолдасының бірінші әйелінен қалған баланы өсіріп, азамат қылады. Мектебін үздік бітіртіп, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің экономика факультетіне оқуға түсіреді. Жиырма жыл осы баламен бірге тұрып, ол үйленген соң Қарттар үйіне келеді.

— Мен тұрмысқа шыққанымда бұл бала он жаста еді. Қазір үйлі-баранды болды, осы қалада  тұрады. Ол мені  Қарттар үйіне жиі іздеп келеді, — дейді әжей.

Қырық жыл құрылыс саласында еңбек еткен кейіпкеріміз қаламыздағы Орталық стадионның іргетасын қаласыпты. Бұл жөнінде өзі:

— Орталық стадионды салғандардың арасында мен де болдым. Жеті-сегіз бригада бірігіп, стадионды әктедік, сырлау жұмыстарын жүргіздік. Қазір біз тұрғызған стадионның келбеті қандай көрікті, — дейді.

Базар әже құрақ көрпені тігуді теледидардағы бағдарламадан үйреніпті. Бұрын жексенбі күндері  құрақ құрау өнеріне машықтандыру сабағы жүретін. Әрине, құрылыс саласында еңбек еткен жанның бірден он саусағы майысып, құрақ құрап, іс тігуі таң қаларлық жайт. Бірақ талаптанған жанның қолынан бәрі келеді емес пе? Базар әже де алғашында шыдамдылық пен ұқыптылықты талап ететін бұл істе көп кемшіліктер жіберіп, қателеседі. Алайда  қай істі де ұршықша иіретін әжеміз уақыт өте келе бұл өнерді де меңгеріп алады.

Қарттар үйіндегі қарияның ендігі бар ойы — артына өшпес естелік, мирас қалдыру. Сондықтан бойындағы бар зейіні мен күш-қуатын құрақ көрпеге арнап келеді. Көңілі қалағанға береді, «естелікке» деп…

А.НҰРСҰЛТАНҚЫЗЫ,
Ақтөбе қаласының тұрғыны.

Тұрмыс

Ерінбеген қыз етікші болады

Гүлнар Молдашеваның етікші атанғанына 26 жылдан асты. Әдетте, ер адамдар ғана шұғылданатын бұл кәсіпті меңгерген кейіпкеріміз қазір қаламыздағы аяқ киім шеберханасында қызмет етеді.

Етікшілік – тек бұрымды арудың ғана емес, бөрікті қазақтың қолы бата бермейтін кәсіп. Шындығында бұл саланы игеру үшін темірдей төзімділік пен ептілік қажет. Гүлнар өз саласына әбден машықтанған. Күніне бірнеше етікті жөндеп, қалыпқа келтіреді.

Гүлнар апаймен кездесуге барғанымызда аядай бөлмеде етік тігіп отыр екен. Іс машинасының қасына жайғасқан кейіпкеріміз күніне тапсырыспен алған аяқ киімдерді жөндеп, желімдеп, жамап, сырмасын жөнге келтіреді. Іс үстінде отырған адаммен тілдесу бізге қиынға соқпады.

— Жас кезімде қалада аяқ киім жөндейтін фабрикада жұмыс жасадым. Кейін өндіріс орны жабылып қалған соң, бұл кәсіпті өз бетімше жалғастырдым. Аяқ киім жөндеуді бала кезімнен жақсы көремін. Әрі елдің ықыласына бөленудің өзі мен үшін ғанибет. Мұнан басқа құрақ құрап, көрпе, кесте тігемін, — деп бастады әңгімесін ол.

Шеберхана ішінде Гүлнар ападан басқа ер азаматтар қызмет етеді. Олар да — етікшілер. Атқаратын қызметтері бір болғанымен, кейде Гүлнар апаның күші жетпейтін істерге осы азаматтар қол ұшын береді екен. Ал көне аяқ киімдерді қалпына келтіру, жамау, қысқарту көбіне Гүлнардың мойнында.

— Көп жылдан бері ер адамдармен бірге қызмет етіп келемін. Шеберханада күні бойы бірге жүретіндіктен, бір үйдің адамдары тәріздіміз. Үнемі бір-бірімізге қамқорлық танытып, ақыл-кеңесімізді айтамыз.

Жалпы, біздер өзге әріптестерімізбен және іскерлік байланыстағы адамдармен тығыз қарым-қатынас жасаймыз. Көбіне аяқ киімге қажет сырма, желім, шеге және басқа қажетті материалдарды Алматыдан, Ресейден, Қытайдан алдырамыз. Әсіресе, ресейлік бұйымдардың сапасы өте жоғары, тұрғындардың сұранысы да мол, — дейді Гүлнар апа.

Етікші әйелмен тілдескендегі тағы бір білгеніміз — жазда шеберханаға келушілердің қарасы тым аз көрінеді. Көбіне күз, қыс және көктем айларында етік жөндетушілердің қатары көп болады. Сондықтан өз кәсібінің шебері қашанда шеберханаға аяқ киімін әкелген адамның көңілін табуға тырысады.

Гүлнар апа Қарғалы ауданында дүниеге келген. Қазір қалада тұрады. Баласы жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, Қарағанды облысында әскери борышын өтеп жүр. Жасы елуге таянған Гүлнар апа әлі де бұл кәсібін жалғастырып, көп нәрсені үйренсем дейді. «Ерінбеген етікші болады» деген осы емес пе?..

А.БӘЙТІБИҚЫЗЫ.

Ілтипат

Мейірімді мұрағатшылар

Қалалық зейнетақы төлеу орталығына зейнеткерлік демалысқа шығу үшін   құжаттарымды тапсыруға барған едім. Үйден барлық құжаттарымды түгендеп, толтырып шыққаныммен, орталыққа келгенімде мұрағатқа баруыма тура келді.

Зейнеткерлік демалысқа шығуға құжат дайындаудың өзі үлкен бір жұмыс. Егер еңбек кітапшасында сәл шикілік болса, іс көп уақытқа созылады. Менің еңбек кітапшамдағы «Жайсаң» кеңшарындағы 1996 жылғы жазулар  мұрағат анықтамасын қажет етті. Зейнетақы төлеу орталығының қызметкерлері мені облыстық мұрағатқа жұмсады. Бірақ мұндағы мамандар қажетті мәліметті Мәртөк аудандық мұрағат бөлімінен іздеуге кеңес берді. Шұғыл түрде аудан орталығына барып, мұрағат қызметкері Жанар Жанзақовамен кездесіп, мән-жайды айттым. Маманның көмегімен қажетті анықтаманы тауып, құжаттарымды орталыққа дер кезінде тапсырып үлгердім.

Мені аудандық мұрағат бөлімінің басшысы мен мамандарының сабырлылығы, еңбекқорлығы, адамға бауырмалдығы мен жанашырлығы риза етті. Қолыма қалам алып, ыстық ілтипатымды білдіруіме де осы жағдай себепші. Қазір мен зейнетақымды уақытында алып отырмын.

Сағидолла ЖОЛЕКЕНОВ,

зейнеткер.

Ақтөбе қаласы.

Алғыс

Жалақымызды заң күшімен алдық

Былтыр күзде Әйтеке би аудандық зейнетақы төлеу мемлекеттік орталығы бөлімшесінің құрылыс жұмысын жүргізу үшін темір-бетоннан құйылған бөлмені бұзуға жұмысшылар көмегі қажет болды. Осы ретте менің екі балам құрылыс басшысы Бисен мырзамен келісіп, бөлімше басшысы Төрегелдімен бірге бөлме бұзуға кірісті. Рас, жұмыс оңайға түспеді. Бірақ қарулы жігіттер тапсырылған жұмысты жеті күнде бітіріп бергенімен, жалақыларын заң жүзінде прокурордың көмегімен әзер алды.

Балаларым жұмысты бастамас бұрын құрылыс басшысымен жалақы мәселесі турасында сөйлесіп, келісім-шартқа отырған еді. Алайда құрылыс басшысы Бисен мырза ауыз толтырып, уәде бергенімен, сөзінде тұра алмады. Жұмыс біткен кезде ол балаларымның қолына не бары 20 мың теңге ұстатып, аз уақытта қалған ақшаны әкеліп беретінін айтты. Бірақ басшы сол кеткеннен мол кетті. Кейін ауылға оның інісі Ғалымжан келгенде қолхат жаздырып алдық. Тағы да екі ай өтті. Біз адал еңбегіміздің ақысын дер кезінде ала алмағандықтан амалсыз заң көмегіне жүгіндік. Прокурор көмекшісі Нұрлыбек Бақытбекұлы қолхат арқылы құрылыс басшыларын тегіс шақыртып, еңбек еткен қызметкерлердің жалақысын дұрыс  төлеуді қатаң талап етті. Міне, осыдан кейін ғана жалақымыз қолымызға тиді. Біз адал термен жасаған еңбегіміздің ақысын осылай заң қызметкерінің көмегімен алдық. Өз жұмысына ұқыпты прокурор көмекшісі Нұрлыбек Бақытбекұлына айтар алғысымыз шексіз.

Қанибек АЙТЖАНҰЛЫ,

Комсомол селосы.

Әйтеке би ауданы.

Ықылас

Әңгімесі ауылдың жеңешемнің мінезі…

Ол өте қызық адам. Құдды соңынан біреу бір топ ит салып қойғандай асығады да жүреді. Асығыс жасалған істің ашыған сүттей іріп жататыны бар ғой. Ал Бағдагүл жеңгемнің қай ісі де тап-тұйнақтай. Бір шаруасының да қисайғаны мен қырсық шалғанын көрмейсіз.

Әйтеке би ауданы Ақкөл ауданында тұратын бұл жеңгем әнші емес, бірақ өнерге жақын адам. Өлең шығармайды, поэзияны сүйеді. «Кітаптар әлемінің ханшайымы» деймін оны. Ұзақ жылдар бойы мектепте кітапханашы, тәлімгер боп келеді. Шәкірттері жанынан шықпайды. Иісі қазақтың жазушысы, ақыны деп танылған жанның туған күнін тойлап жүреді үнемі. Жоқ ә… дастарқан жайып, қонақ күтеді деп қалмаңыз. Оған арнап кеш өткізіп, байқау ұйымдастырып, әйтеуір, кейінгі ұрпақ сол жанды білсе екен, оның кітаптарын оқыса екен деп жүргені. Сол іске дайындығы туралы сұрай қалыңызшы, жүдә, жеңгемді тоқтата алмайсыз…

Егер жарық дүниеде сырласар жан таба алмасаңыз, Бағдагүл жеңгеме барыңыз. Тыңдай да біледі, кеңесін де аямайды. Ол кеңесті сенің ығыңа жығылып бере салмайды, мәселеге біржақты қарауға да жаны қас. Тіпті кінәлі жанның өзін ақтап алуға тырысып жүреді. Сірә, қателіктің пенде атаулыға тән екенін жете түсінгенінен-ау деп ойлаймын.

Ол — керемет жан. Әйел болып, өсек айтпайды. «Бауыр мен бауырды, ағайын мен ағайынды бір қондырмайтын — әйелдің өсегі» деп отырушы еді әжем. Менің жеңгем бұл тұрғыда ескерткіш қоюға тұрарлық жан. Ауыздарын сүйреңдетіп, «өсек қапшығының» аузын ашы-ы-п қойып, әп-әдемі «әңгіме» айтып отырған абысындары мен келіндері Бағдагүл жеңгемнің төбесі көрінсе, кәдімгідей салиқалы сөзге көшеді.

Менің жеңгем көпшіл адам. Өзінің танымайтын, араласпайтын адамы жоқ. Біздің үйдегі абысынына кеп, қонақ шақыратынын, бар болғаны он шақты адам екенін айтып, ақылдасып кетеді. Сол кеңесудің барысында өзінің кесіп-пішіп қойған қонағының санын өзі екі еселейді. Ертеңіне ол қонаққа тағы екі-үш адам қосылып тұрады. «Түнімен ойланып, жан-жақты саралап шыққанның» нәтижесі.

Ол – мырза жан. Сол мырзалығы кейде өз басына таяқ боп тиіп жатса да, онысын әсте қоймайды. Бір бармағын бүгіп жүретін жанды танып тұрса да, төріне шақырады. Соңғы тиынын сыңғырлатып отырып, санап бермесе, маған келіңіз.

Бір әдеті бар, ешкімнің ісіне ешқашан көңілі толмайды. Әлі есімде, ол кезде баламыз, үйіне қонақ келерде, көмектес деп шақырады. Бар өнерімізді салып, дастарқанын сәндеп жасап, үйін жалтырата жинап, алғыс естуге дайындаламыз кеп… Ал менің жеңгем бар ғой, ұрсып-ұрсып, дастарқанын қайта жасап, үйін екінші қайтара сүртіп, дәметкен «алғысымызды» арқалаты-ы-п-ақ жібереді. Сосын… келесіде осы оқиға тап сол күйінде қайталанады.

Жеңгем сұлу әйел.  «Түсі игіден түңілме» деген қазекем. Марқұм әжем: «Осы келінімнің тас атқандай қатты тиетін сөздеріне қарап, көңілімді жиып қалғам, әйтсе де, оттай жанған көздері мен аппақ келбетіне қарап, жаман адам болмауың кәдік дегем, қателеспеппін» дейтін. Одан бері отыз жыл өтсе де, жеңгем өңін бермеген әрлі жан.

Қыздары да өзіне тартқан, шетінен сұлу. Үш қызын құтты орнына қондырып, әже атанған менің кітапханашы жеңгем — міне, осындай жан!

Әйгерім ЖАРТИНА,

Әйтеке би ауданы.

Пейіл

Жанашыр әрі жаңашыл

Жиырма бес жыл балаларды білім нәрімен сусындатып келе келе жатқан Лида Аспантаева №39 орта мектептің белсенді мұғалімі. Әрқашан жақсы істің басында табылатын ұстаздың ұйымдастырушылық қабілеті де зор. Бұған дәлел ретінде оның жылына кем дегенде бірнеше рет өткізетін әдеби-сазды кештері мен түрлі тақырыптарды қамтитын басқосуларын айтсақ та жетіп жатыр. Әсіресе, әр жылдың басында оқушыларға Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова мен Төлеген Айбергенов секілді ақындардың өлеңдерін мәнерлеп оқытып, сол арқылы әдебиетті сүюге шақыратынын айтпай кетуге болмас.

Ал жақында Шығанақ Берсиевтің мерейтойына орай, ашық сабақ беріп, бастауыш сынып оқушыларына ақ тарының атасы туралы жан-жақты мәлімет жеткізген оның жаңашыл педагог екенін аңғару қиын емес. Өйткені 3-сыныпта оқитын шәкірттері түгілі, сабаққа қатысқан біздер, ата-аналар да, мерейтой иесі жайында тың деректерге қанық болдық. Оның үстіне, пайдаланған көрнекілік құралдары мен арнайы жасаған слайды да назарыңды аудармай қоймайды. Мұнда Ш.Берсиевтің бейнесі көрсетіліп, өмір деректері толығымен қамтылыпты. Қызығы сол, Лида Батырбекқызының сабақ беру әдісі де айтарлықтай ерекше, әр сабағына қазақтың ұлттық аспабы – домбыраны қатыстыруға тырысады. Бастауыш сынып мұғалімінің пікірінше, ұлттық құндылықтарымызды насихаттау – педагогтің бірден-бір парызы. Қысқасы, ұстаздың әр 45 минуты көзді ашып-жұмғанша өте шығып, қатысушыны айрықша әсерге бөлейді.

Лида Батырбекқызының түздің де, үйдің де жұмыстарына үлгеріп, сыныбындағы 30 баланы туғанындай жақсы көруі адамды тебірентпей қоймайды. «Мектептегі әр бала – менің балам» дейтін оның кейде балажандығына таңғалмау мүмкін емес. Содан болар, өзінің айтуы бойынша, осыдан 15-20 жыл бұрын мектеп бітірген шәкірттері мереке сайын іздеп келіп, жылы лебіздерін ұстаздарына арнайтын көрінеді.

Лида Аспантаеваға «шәкірт тәрбиелеуде қанатың талмасын» демекпіз.

Бір топ ата-ана атынан Әлия ҰЛЫҚПАНОВА,

Ақтөбе қаласы.

Тіл

Көкелеріміз қолға алса екен…

Мен сөз еткелі отырған мәселе — тіл жайы. Тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл болғанымен, қазақ тілі әлі өз тұғырынан көтеріле алмай жүр. Бұл жай мені ғана емес, әрбір көзі ашық, көкірегі ояу қазақ баласын алаңдатары сөзсіз.

Егеменді ел болдық деп қуанғанымызбен, кей қазақ әлі өз ана тілінде еркін сөйлей алмайды. Тіпті, сөйлеуге құштар да емес. Әрісін сөз етпей-ақ, күнделікті көгілдір экраннан берілетін бағдарламаларға шолу жасасақ, көбіне  орыс тілді хабарлар мен шетелдік әндердің куәсі боламыз. Қазақ тіліндегі бағдарламаны көруге ынтызар болсаңыз, түн ұйқыңызды төрт бөлуге тура келеді.

Қалада үлкені де, кішісі де орыс тілінде еркін сөйлеседі. Ал олар қазақша екі сөздің басын қоса алмай, ойын жеткізе алмай қиналады. Бұған етіміз үйренгелі қаша-а-н! Егер ауыл қазағы орыс тілінде сөйлей алмаса, онда келемеждеп, күлкіге айналдырамыз. Себебі ол «орысша» білмейді.

Қаладағы орыс балабақшалары мен мектептерінде тәрбиеленушілердің тең жартысы қазақ балалары. Бірақ олардың дені ана тіліне шорқақ. Келешек осы бөбектердің қолында десек, онда ана тіліміздің қамын осы кезден қолға алғанымыз жөн.

Қазір билік басындағы ағаларымыз қай жиналысты да ресми тілде жүргізеді. Бұған да етіміз үйренді. Халық көп жиналатын мемлекеттік мекемелерде орыс тілі үстемдік еткелі қашан! Ал үлкен көкелеріміз іссапармен шетелдерге бара қалса, Қазақстанның атынан ресми тілде сөйлеседі. Осыларды көргенде «Балық басынан шіриді» деген мәтел ойға түседі. Ананың сүтімен, атаның қанымен бойымызға дарыған қазақ тілі өз жерінде неге өгейлік көріп жүр?! Бұл мәселені шешетін уақыттың келгені қашан. Тек жоғарыдағы көкелеріміз істі өздерінен бастаса екен. Сонда қазақ тілінің мәртебесі көтерілер еді.

Гүлзара СЕЙТМАҒАНБЕТОВА,

11-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

әзірлеген Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button