Әлеумет

Еңбек құқығыңызды қорғай аласыз ба?

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында Үкімет назарын ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға аударып, бұл міндетті шешу үшін шағын несиелендіруді қамтамасыз етуді тапсырған болатын. «Егер жаңа еңбекпен қамту бағдарламасының қатысушылары тұрғылықты жері бойынша жұмысқа орналастырыла алмаса, үкімет «Экономикалық өсім орталығына» олардың көшуіне және артынша нақты кәсіпорынға жұмысқа тұруына жәрдемдесуге тиіс. Азаматтардың мұндай санаты үшін жалға берілетін арзан тұрғын үй тұрғызу және оны жеңілдікті шарттармен ұсыну тетіктерін пысықтау қажет. Үкіметке еңбекпен қамту бағдарламасын ілкі режимде ағымдағы жылы іске қосуды және ең кем дегенде 50 мың адамды қамтуды жүктеймін», — деді Елбасы.

Жолдаудан кейінгі аралықта үкімет экономикалық және әлеуметтік бағыттардағы іс-қимылдар мен бірқатар бағдарламаларды қарастырып үлгерді. Оның ішінде «Еңбекпен қамту-2020» бағдарламасы да бар. Үш бағытта жұмыс жасайтын бағдарламаның мақсат-міндеттері және осы салаға қатысты өзге де мәселелер бойынша біз ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Ақтөбе облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің мемлекеттік еңбек инспекторы Қалижан Өтемұратовты сөзге тартқан едік.

— Ең алдымен «Еңбекпен қамту-2020» бағдарламасына тоқталып өтсеңіз?

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы халыққа арнаған Жолдауында Үкіметке облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдерімен бірлесіп, 2011 жылдың 1 мамы­рына дейін халықты еңбекпен қамту жөнінен қағидатты түрде жаңа бағдарлама әзірлеуді тапсырған болатын. Жуырда Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Үкіметке осы бағдарламаның қанатқақты жобасын ұсынды. Бағдарламаның мақсаты — өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды, жұмыссыздарды және әлеуметтік жағынан аз қамтылған халықты еңбекке тарту. Олардың оқып, еңбек етіп, ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуына тигізетін пайдасы зор. Жалпы бағдарлама үш бағыт бойынша жүреді.

Яғни, бірінші бағыт бойынша бағдарламаға қатысуға ниет білдіретін ауылдықтардың жергілікті жерде өз кәсібін дамытуына болады. Ауыл жастарын еңбекке тарту, жалпы ауылдық жерде жұмыссыздық мәселесін жою шаралары жүзеге асырылады. Бұл орайда мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларында мамандарды кәсіби дайындықтан өткізу, олардың біліктіліктерін арттыру амалдары қарастырылған. Бағдарлама ережесіне сәйкес, жергілікті жерден тапсырыс берушілер қажетті вакансия ұсына алады. Бағдарламаға қатысушыларды және оларды осы ауқымды шараға қосу жөніндегі шешім аудандық деңгейде қабылданады.

Азаматтардың жеке ісін ұйымдастыруға негізделген екінші бағытта да ауылдық жерде бизнеспен айналысуға ниет білдіргендерге басымдық беріледі. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан кеңес беру қызметі, кәсіпкерлік негіздерін оқыту, шағын несиелерді ұсыну, инфрақұрылымды дамыту секілді қолдау шаралары көрсетіледі.

Ал үшінші бағыт — әлеуметтік көмек жүйесін жетілдіру болып табылады.

Еңбек заңдылықтары бұзылған жағдайда азаматтар арыз-шағымдарын облыс орталығындағы департаментке жолдауы керек. Өйткені, бұл департаменттің аудандарда әлі филиалы ашылған жоқ. Қарапайым халық үшін мұндай мәселелерді жергілікті жерде шешуге болмас па?

— Дұрыс айтасыз. Бүгінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің Астана, Алматы қалалары мен облыс орталықтарында ғана департаменттері жұмыс жасайды.  Қазір облыста бұл департаментте бар болғаны 20 мемлекеттік еңбек инспекторы қызмет істейді. Ақтөбе қаласы мен 12 аудандағы еңбек заңдылықтарын бұзу мәселесін бақылауда бұл қызметкерлер аздық етеді. Олардың тікелей қызметтерін атқаруды есептемегеннің өзінде, орташа есеппен әр инспекторға айына 6 арызды қарауға тура келеді.

2009 жылы департаментке еңбек заңдылықтарының бұзылуына байланысты жеке тұлғалардан 1688 арыз-шағым келіп түсті. Өткен жылы бұл көрсеткіш 1200-ден асты. Осы жылдың өткен үш айында 293 арыз-шағым қаралды. Өткен жылғы тексеру нәтижесінде облыста жалпы саны 9575 рет Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің заңнама бұзушылығы анықталды. Тексеру жүргізген мекемелердің басшыларына 1131 жазбаша нұсқама берілді. Заң баптарын бұзған 453 заңды тұлғаларға және лауазымды қызметкерлерге Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің баптары бойынша әкімшілік өндіріс қозғалып, оларға жалпы сомасы 13378,3 мың теңге айыппұл салынды. Осы жылдың өткен үш айында 98 жеке және заңды тұлғаларға 3050,5 мың теңге айыппұл салынды.

Біздерге арыз-шағымдар түрлі сипатта келіп түседі. Шешілуі бір айды талап ететін немесе  келіп түскен күні-ақ шешімі табылып жататын арыздар бар. Бір айта кететін жайт, мұндай арыздарды жергілікті жерде де шешуге болады. Тек бұл жерде департамент қызметкерлері өз міндеттерінен қашқақтап отыр деген жаңсақ пікір тумауы тиіс. Қазақстан Республикасы Конституциясының талаптарын басшылыққа ала отырып, әрбір азамат еңбек заңнамасына қатысты заңды құқықтарын қорғау үшін жергілікті мемлекеттік атқару органдарына шағымдануына болады. Яғни,  жеке тұлғалардың аудан әкімдіктері мен прокуратураға, сотқа жүгінуге құқысы бар.

— Арыз-шағымдардың көбісі қандай мекемелерден әрі қандай сипатта келіп түседі?

— Жеке кәсіпкерлік субъектілері тарапынан арыз-шағым көп түседі.  Жалпы адамдардың жақсы өмір сүруі — оның еңбек етуіне байланысты. Ал олардың лайықты еңбек етуі үшін көп жағдайда жұмыс беруші тарапынан еңбек талаптары сақталмай жатады. Яғни, келісімшартта көрсетілгендей, азаматтардың еңбекақысы уақытында төленбейді, олардың зейнетақы қорына ақша аударылмайды, кезекті еңбек демалысына шығуда басшылық тарапынан рұқсат берілмейді, себепсіз жұмыстан шығару, жұмыстан шыққан кезде еңбек кітапшасын бермеу секілді мәселелер жетіп артылады.

— Еңбек заңдылықтары не себептен бұзылады?

— Жүргізілген талдау нәтижелеріне жүгінсек, жұмыс берушілер әлі де болса Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексінде көрсетілген талаптарды сақтамай жатады. Жұмысқа қабылдау кезінде жасалынған еңбек шарттары Еңбек Заңына сәйкес келмейді, алынған актілермен жұмысшыларды уақытында таныстырмайды. Қазақстан Республикасы «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңына сәйкес бос орындар туралы жазбаша мәліметтерді уәкілетті органға беріп отырмайды.

— Бұл орайда мемлекеттік еңбек инспекторлары тексеруді қалай және қандай тәртіппен жүргізеді?

— Үстіміздегі жылдың 16 қаңтарында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау туралы» Заң қабылданды. Бұл Заң мемлекеттік бақылаудың және қадағалаудың жалпы құқықтық негіздерін реттейді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында елімізде алғаш рет қабылданған бұл Заңның жеке және заңды тұлғалардың мүдделерін қорғауға бағытталғанын атап өтті. Еңбек қатынастарына қатысты тексерудің екі түрі бар: жоспарлы және жоспардан тыс.  Жоспарлы тексеру еліміздің Бас прокуратурасының ресми интернет сайтында көрсетілген. Яғни, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен тексеру жүргізудің жыл сайынғы жоспарына сәйкес жүзеге асады. Ал жоспардан тыс тексеру жергілікті атқарушы, өкілді органдар, құқық қорғау органдары, баспасөзде жарияланған, сол сияқты жеке тұлғалардың өзінен келіп жатқан арыз-шағымдарға байланысты заңнама бұзушылық жасаған мекемелерге  қатысты жүргізілетін тексерулер. Жоспарлы тексеру басталғанға дейін кемінде күнтізбелік 30 күн бұрын тексеру жүргізудің басталатыны туралы тексерілетін нысанға жазбаша түрде хабар беруге міндеттіміз. Ал жоспардан тыс тексеру жүргізу кезінде, тексерілетін нысанға кемінде бір тәулік бұрын жазбаша хабар жолдауымыз керек. Мәселен, өткен жылы Қандыағаш көлік прокуратурасының талабымен «Шалқар вагон» депосына жоспардан тыс тексеріс жүргізілді.  «Аралдағы экологиялық апат салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңға сәйкес 184 жұмысшыға 15,4 миллион теңге, Шалқар локомотив жөндеу депосында 388 адамға 35,3 миллион теңге жәрдемақы төленбегендігі анықталды. Сондай-ақ, «Ырғыз су шаруашылығы» мекемесіне жұмысшыларға еңбекақыны уақытылы төлемегені үшін 35 325 теңге айыппұл салынды.

— Өндірісте жарақат алу, жазатайым оқиғалар жиі орын алып жатады. Бірақ көп жағдайда жұмыс берушілер мұндай мәселеге салғырттық танытып, ақырында зардап шегуші кінәлі болады.  Осындай мәселеге қатысты мемлекеттік еңбек инспекторы ретінде  не айта аласыз?

— 2009 жылмен салыстырғанда былтыр өндірістік орындарда жарақат алу оқиғасы аз тіркелді. Жазатайым оқиғалардың негізгі себептері көлік құралдарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын орындамаудан, өндірістің қанағаттанарлықсыз деңгейде ұйымдастырылуынан туындайды. Еңбекте технологиялық процестердің бұзылуы, қауіпсіздік ережелерінің сақталмауынан да осындай жағдайлар орын алып жатады. Өткен жылы жазатайым оқиға салдарынан зардап шеккен 78 адамның 14-і қаза болды. Сол сияқты былтыр 8 топтық жазатайым оқиғасы тіркеліп, содан 17 адам зардап шекті. Тексеру барысында азаматтардың абайсыздығынан да орын алған оқиғалар кездеседі. Мәселен, өткен жылдың шілде айында Қ. есімді электр-монтері сымда электр желісі бар-жоғын тексермей, қаладағы №42 бөрененің басына шығып, жұмыс жасағанда 10 мың киловаттық электр тогына түсіп, қаза болды. Жазатайым оқиғаның басты себебі — зардап шегушінің жұмыс істеу барысындағы абайсыздығынан орын алды. Сол сияқты, өткен жылы Қандыағаш қаласындағы №2 орта мектепте орын алған оқиға да елді елең еткізгенін білесіздер. Екі бірдей еден жуушы мектеп қабырғасын әктеу кезінде 3-қабаттан құлап, аурухана төсегінде көз жұмды. Бұл — жұмыс берушінің қызметкерлерді тиісті жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етпеуінен әрі еңбек және өндірістік тәртіптің бұзылуынан орын алған жағдай.

Тағы бір айта кететін жайт, кейбір мекемелерде еңбек қауіпсіздігі мәселесіне аса көңіл бөлінбей жатады. Өткен жылы біз облыстық прокуратура талабы бойынша қаладағы КА-168/2 және КА-168/4 мемлекеттік мекемелеріне тексеру жүргіздік. Бұл мекемелерде еңбек қауіпсіздігі мәселесіне жеткілікті көңіл бөлінбейтіндігі анықталды. Яғни, жауапты адамдар еңбек қауіпсіздігі және еңбек қорғау мәселелері бойынша оқытылмаған. Сондай-ақ, осы мәселелерге қатысты арнайы шаралар белгіленбеген, тиісті қаражат бөлінбеген.

P.S. Өткен жылы еңбек заңдылықтарын бұзған жалпы саны 34 мекемеден 180 миллион 325 мың теңге еңбекақы төлеттірілді.

***

«Еңбекпен қамту-2020» бағдарламасы аясында 2015 жылға қарай 1,5 млн. адамды еңбекпен қамту мақсаты белгіленіп отыр. Атап айтқанда осы бағыттағы жұмыстар еліміздегі кедейшілікті 6 пайызға (8,2 пайыздан), ал жұмыссыздықты 5,5 пайыздан асырмауға мүмкіндік береді.

Елбасы «Нұр Отан» партиясының съезінде: «Жүздеген мың жаңа тұрақты жұмыс орындары құрылатын болады. Жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясының басты мақсаты азаматтардың табыстарын арттыру болуға тиіс. Жаңа бағдарлама қатысушылары — қазақстандықтар оқуға және жаңа кәсіптерді игеруге дайын болуға тиіс. Өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды жұмысқа тұрғызудың мәні де осында», — деп айта келе:  «Жұмыс істеп, жақсы өмір сүру үшін тағы не қажет? Мұндай бағдарлама әлемнің ешбір жерінде жоқ!», — деген еді. Енді осы орайда алда тұрған басты міндет —  жан-жақты зерделеніп әзірлеген бағдарламаны тиімді іске асырумен астасып жатыр. Бұл ретте осы жұмыстарға жауапты Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың үйлесімді іс-әрекеттері нақты нәтижелерге әкеледі деп сенеміз.

Арайлым НҰРБАЕВА.

2010 жылы еңбек заңдылықтарын бұзған (уақытында еңбекақы төлемеген) мекемелер тізімі

Мекеменің аты Қызметкерлер саны Еңбекақы мөлшері
1. «Акас-Ақтөбе» ЖШС    –                                  1 843 808

2. «Хобас Пайпс Казахстан» ЖШС

24 1521,1 мың теңге

3. «Батыс» Лесозащита» ЖШС

81 8057,4 мың теңге

4. «Кеңқияқ СК» ҚМК

2 млн.242 мың теңге

5. «Кеңқияқ нефт» мұнай-газ өңдеу басқармасы

584 67 млн.388 мың теңге

6. «Ақтөбемұнай-сервис» басқармасы

379 44,01 млн. теңге

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button