Тарих

Тұңғыш

12 сәуір күні — ғарышқа адам алғаш ұшқан күні қазақ жұртының да мақтанар реті көп-ақ.

Алғашқы старт алаңы — Байқоңыр ұшағы.

Қазақтың екі ұланы — Тоқтар Әубәкіров пен  Талғат Мұсабаев — ғарышкерлер.

Алғашқы ғарышкерлермен дәм-тұздас болған Виктор Иванович Пацаев, бүгінгі Ресей ұшқыш-ғарышкері, Ресей Батыры Юрий Валентинович Лончаков — ақтөбеліктер.

Бірақ, қалай болғанда да, алғашқы ғарышкердің орны бөлек. КСРО ғарышкер-ұшқышы, Кеңес Одағының Батыры, 1934 жылы 9 наурызда Ресейдің Смоленск облысының Гжатск (қазіргі Гагарин) ауданындағы Клушино селосында дүниеге келген Юрий Алексеевич Гагарин — әлемді дүр сілкіндірген ерекше тұлға. Сол адамға, арада 50 жыл өте шыққан сол күнге тағы бір қайырылып қарасақ…

Білім арналары

Алғашқы ғарышкердің маңдайына он жыл мектеп партасында отыру жазылмапты. Орта мектептің алтыншы сыныбын аяқтаған соң, 1951 жылы отбасы жағдайына байланысты Люберецк қаласындағы (Мәскеу облысы) № 10 қолөнер училищесіне түсіп, қалыптаушы-құюшы мамандығы бойынша үздік бітірді.

1951 жыл — Люберецк қаласындағы жұмысшы жастар мектебі;

1955 жыл — Саратов индустриялдық техникумы (үздік бітірген);

1955 жыл — Саратов аэроклубы;

1957 жыл — Орынбор қаласындағы К.Е.Ворошилов атындағы № 1 әскери авиациялық ұшқыштар училищесі (бірінші разряд бойынша);

1968 жыл — Н.Е.Жуковский атындағы Әскери-инженерлік академия (үздік бітірген).

Әскери жол

Әскери училищені бітірген соң,1957 жылдың 26 желтоқсанынан бастап Ю.Гагарин Мурманск облысының Луостари-Новое поселкесінде орналасқан Әскери-әуе күштері Солтүстік Флотының 122-ші истребительдік авиация дивизиясының 769-шы истребительдік авиация полкінің ұшқышы болды, 1959 жылдың 24 қазанында аға ұшқыш қызметіне ұсынылды.

Таңдау

Ғарышкерлікке үміткерлер тобында әуелде жиырма адам болды. Бас конструктор С.П.Королевтің шешімі бойынша кандидаттар истребитель ұшқыштарынан ғана іріктелді. Себебі бұлар жүйкеге әсер ететін жайларды, айталық, қан қысымы көтерілу, артық салмақ түсу тәрізді төтенше гәптерді бастан кешіргендер еді. Бұған қосымша талаптар да болды: 25-30 жас аралығы, бойдың ұзындығы 170 сантиметрден, салмақ 70-72 килограмнан аспауы, стратосфералық өзгеріске бейімделу қабілеті, шалт қимыл жасай білу, қара нардай төзімді болу, психикалық орнықтылық.

Әрине, жақсы мінездеме, партияға мүшелік (Гагарин 1959 жылы КОКП мүшелігіне кандидат, 1960 жылдың ортасынан бастап мүше болған еді), саяси белсенділік, әлеуметтік тапқа қатыстылық ескерілетін. Тіпті негізінен осы жайлар ілгері шығатын. Алғашқы үміткерлердің бірі болған ұшқыш-сынақшы Марк Галлай ұшқыштық қабілетке ерекше зор мән берілмейтінін айтатын. «Кез келген авиация полкінен біздей ұшқыштардың жиырма шақтысын оңай таңдап алуға болатын»,— дейтін.

Ғарыштық даярлық

Юрий Гагарин 1960 жылы 7 наурызда Әскери-әуе күштері Бас қолбасшысының №267 бұйрығымен Әскери-әуе күштері Ғарышкерлер даярлау орталығы ғарышкерлер отрядының тыңдаушы-ғарышкері болып қабылданды.

1960 жылдың 16 наурызы мен 1961 жылдың 18 қаңтары аралығында жалпы ғарыштық даярлықтан өтті.

1961 жылы 17-18 қаңтарда емтиханды сәтті тапсырып, ғарышкер қызметіне алынды.

Алтаудың бірі. Үш мәлімдеме

Жиырма үміткердің ішінен ақырғы сынға алты адам қалдырылды. Олар: Валерий Быковский, Юрий Гагарин, Григорий Нелюбов, Андриян Николаев, Павел Попович және Герман Титов.

С.П.Королев мықтап асыққан еді, себебі, сол 1961 жылдың 20 сәуірінде америкалықтар өз адамын ғарышқа аттандырғалы жатқаны туралы мәліметтер жеткен. Сондықтан стартты 11-17 сәуір аралығына белгілеу жоспарланды. Ал ғарышқа кімнің бірінші болып ұшатыны соңғы сәтте анықталды. 1961 жылы 8 сәуірде Мемлекеттік комиссия Юрий Гагаринді «Восток» ғарыш кемесінің пилоты етіп бекітті.

Ю.Гагариннің ғарышқа ұшқаны жөнінде ТАСС-тың (Кеңес Одағы телеграф агенттігінің) үш мәлімдемесінің жобасы әзірленді. Біріншісі — сапардың сәтті аяқталғаны туралы. Екіншісі — егер Гагарин басқа мемлекеттің территориясына не мұхитқа түсетіндей жағдай бола қалса, «Барлық елдердің үкіметтеріне арналған үндеу». Үшіншісі — Гагарин тірі оралмаған жағдайдағы қаралы хабар.

Оралу

1961 жылдың 12 сәуірінде Мәскеу уақыты бойынша сағат 9.00-ден 7 минут кеткенде старт алған «Восток» Жерді 108 минутта бір айналып шығып, 10 сағат 55 минут 34 секундта (жоспарланғаннан бір секунд ерте) ұшу жоспарын аяқтады. Тормоз жүйесіндегі ақауларға байланысты жерге түсу аппараты мен Гагарин жоспарланған маңға, Сталинградтан 110 шақырымдағы аумаққа емес, Саратов облысының Энгельс қаласына жақын маңдағы Смеловка селосы аумағына қонды. Дәлірек айтқанда, аппарат жерге 7 шақырым қалғанда катапульт нүктесін басқан Гагарин парашютпен қалықтап түсті. Алтыншы ғарышкер ұшқанға дейін осылайша парашютпен түсу жүзеге асырылып келді.

Ғарышкерді ең алғаш көрген адамдар — орманшының әйелі Анна Акимовна Тахтарова мен немересі Рита. Көп ұзамай жақын маңдағы әскери бөлім қызметкерлері де жетті. Олардың бір тобы аппаратты күзетуге қалды да, екініші тобы Гагаринді әскери бөлімге алып кетті. Гагарин осы жерден әуе күзеті дивизиясының командиріне жеделхат жолдады: «Әскери-әуе күштері Бас қолбасшысына жеткізуіңізді өтінемін: тапсырманы орындадым, белгіленген аумаққа қондым, өзімді жайлы сезінемін, денемнің жарақат алған, сынған жері жоқ. Гагарин».

Отряд. Орталық

Ю.Гагарин 1961 жылы 25 қаңтарда ғарышкер қызметіне бекітілді және «Әскери-әуе күштері ғарышкері» санатын алды.

23 мамыр 1961 жыл — аға нұсқаушы-ғарышкер, 1-ші отрядтың командирі.

16 қаңтар 1963 жыл — ғарышкерлер отрядының командирі.

20 желтоқсан 1963 жыл — Ғарышкерлер даярлау орталығы бастығының орынбасары және ғарышқа ұшу даярлығы бөлімінің бастығы.

20 наурыз 1964 жыл — 3-ші бөлімнің бастығы, Ғарышкерлер даярлау орталығы бастығының орынбасары.

14 наурыз 1964 жыл — Ғарышкерлер даярлау орталығы бастығының ғарышқа ұшуға даярлау жөніндегі орынбасары.

Кинохроника

Құпиялылықты сақтау мақсатында, сондай-ақ ғарыш сапары сәтсіз аяқталған жағдайда мақтанарлық та ештеңе болмайтыны себепті, Ю.А.Гагариннің ғарышқа ұшар алдындағы әлемге белгілі кадрлары кейін, кинохроника үшін арнайы түсірілді. Расына келгенде, бұл да кинохроника, ұшар алдындағы жағдай сол күйі қайталанды, Гагариннің өзі бәрін сол күйі қайталап шықты.

Бұлай болуының тағы бір себебі, құпиялық режимі қатаң сақталғандықтан, фотоаппараттары мен кинокамералары, бинокльдері бар адамдар старт комплексінен 6 шақырымнан беріге жақын жіберілмеген болатын.

Алғашқы ғарышкердің әскери шендері

Курсант (қараша, 1955 жыл).

Курсант-сержант (22 ақпан 1956 жыл).

Лейтенант (5 қараша 1957 жыл).

Аға лейтенант (6 қараша 1959 жыл).

Майор (12 сәуір 1961 жыл) мерзімінен бұрын, кезектен тыс.

Подполковник (12 маусым 1962 жыл), мерзімінен бұрын.

Полковник (6 қараша 1963 жыл) мерзімінен бұрын.

Құрмет

Гагарин ғарыштан оралған соң 30 мемлекеттің топырағын басты. Кездесулердің көп болғаны соншалықты, кей тәуліктерде жұрт алдына 18-20 рет шығуына тура келді.

Ғарышкерге Чехословакия Социалистік Республикасының Социалистік Еңбек Ері (1961 жылдың 29 сәуірі), Болгар Халық Республикасының Социалистік Еңбек Ері (1961 жылдың 24 мамыры), Вьетнам Демократиялық Республикасының Еңбек Ері (1962 жылдың 28 сәуірі) атақтары берілді.

Кеудесіне көптеген ордендер тағылды: Григорий Димитров (Болгария), ІІ дәрежелі Жұлдыз (Индонезия), І дәрежелі «Грюнвальд кресі» (Польша), «Плайя-Хирон» орденінің алғашқы иегері (Куба), «Әуені зерттеу саласындағы табыстары үшін» (Бразилия), Брилиантты бірінші дәрежелі Ту (Венгрия), «Ніл інжу-маржаны»  (Біріккен Араб Республикасы), Карл Маркс (Герман Демократиялық Республикасы), Африка Жұлдызының Үлкен лентасы (Либерия) т.б. Сондай-ақ Австрия, Италия, Швеция,Франция, т.б. мемлекеттер түрлі алтын медальдармен марапаттады. КСРО-ны былай қойғанда, Болгария, Грекия, Кипр, Франция, Чехословакия, т.б. елдердің ірі қалаларының Құрметті азаматы атанды. Ал Египетте ғарышкерге Каир мен Александрия қалалары қақпаларының алтын кілті тапсырылды…

Қысқартып болса да, бұл тізімді ұсынып отырған себебіміз, кейін ешбір ғарышкер мұндай зор құрметке бөленген жоқ.

Қаза

Юрий Гагарин 1968 жылы 27 наурызда ұшқыш-сынаушы, полк командирі, Кеңес Одағының Батыры В.С.Серегинмен бірге УТИ МиГ-15 ұшағымен әуе жаттығуы кезінде апатқа ұшырады. Ұшақ Владимир облысы Киржач ауданының Новоселово деревнясының маңайына құлады. Апаттың нақты себебі әлі анықталған жоқ

Отбасы

Әкесі Алексей Иванович Гагарин (1902-1973) — колхозшы, ұста, Ұлы Отан соғысына қатысушы, мүгедек.

Анасы Анна Тимофеевна Гагарина (20.12.1903-12.06.1984) — колхозшы.

Ағасы Валентин Алексеевич Гагарин (1924-09.04.2006) — Ұлы Отан соғысына қатысушы, тұтқынға түсіп, қашып шыққан, мүгедек, соғыстан соң ұста болған.

Інісі Борис Алексеевич Гагарин (1936-1975) — Гжатск радиолампа зауытында жұмыс істеген.

Апасы Зоя Алексеевна Бруевич (Гагарина), 1927 жылы туған, Ұлы Отан соғысына қатысушы, тұтқынға түсіп, қашып шыққан, соғыстан соң Гжатск ауруханасында медбике болған.

Зайыбы Валентина Ивановна Гагарина (Горячева), 1935 жылы 15 желтоқсанда туған, Орынбор медицина училищесін бітірген, зейнеткер.

Қызы Елена Юрьевна Гагарина, 1959 жылы 10 сәуірде дүниеге келген, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірген, 2001 жылдан бері Федералдық «Мемлекеттік «Московский Кремль» тарихи-мәдени музей-қорығы» мемлекеттік мекемесінің бас директоры.

Қызы Галина Юрьевна Гагарина, 1961 жылы 7 наурызда дүниеге келген, Плеханов атындағы Мемлекеттік академияның оқытушысы.

БАҚ материалдары бойынша әзірлеген Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button