Білім

Сабақ онлайн форматта бола ма?

  • Редакцияга хат                                                          Байланыс телефоны: 8-7132-55-11-11.

Сұрақ:

Жаңа оқу жылы да жақындап қалды. Тамыз басталысымен-ақ балаларымызға мектеп формасын, қажетті құралдарын алу дәстүрге айналды. Елімізде індет қайта бас көтеріп жатқаны белгілі. Айтайын дегенім, жаңа оқу жылында балаларымыз мектепке бара ма? Оқу процесі қандай форматта өтеді?

Күләш ҚАЛДЫЖАНОВА,
Ақтөбе қаласы.

РЕДАКЦИЯДАН:

Бұл сауалға облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова жауап берді:

Қазір өңірімізде эпидемиологиялық жағдай қалыпты. Сол себепті негізсіз дүрлігуге болмайды. 

Елімізде эпидемиологиялық жағдай күрделі болып жатса, бұл кездегі жұмыс процесі қалай реттелетінін, оқу форматы қалай болатынын арнайы комиссия, яғни Қазақстан Республикасы аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия шешім қабылдайды. Ахуалға байланысты облыстың бас санитарлық дәрігер Қаулы шығарады.  

Күні кеше Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов осы сұраққа байланысты өз пікірін білдірген болатын: «Қашықтан оқыту болмайды деп үміттенемін. Арасында болатын шектеулерге байланысты қашықтан оқытуға үзілді-кесілді қарсымын және бұл дәстүрлі оқытумен тең келмейді деп есептеймін. 

Былтыр аурушаңдықтың жоғарылағанына қарамастан мектептерде инфекция өршімегенін көрдік.

Мектепте оқыған балалар қашықтан оқитындарға қарағанда әлдеқайда аз ауырады. Өйткені мектепте тәртіп пен дисциплина көбірек.

Мектептер ең соңында жабылып, бірінші болып ашылуы керек. Ал базар мен дүкендер ашық болып, мектеп жабылса, бұл дұрыс емес».

Еліміздің бас мұғалімінің ой-пікірін біз де қолдаймыз.

2022-2023 оқу жылы 1 қыркүйекте басталады. Облыстағы 420 мектепте 172 мың  бала білім алады. Қазіргі уақытта мектептерде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button