Мәдениет

«Атамекен-Асылым» — жеңімпаз енді олар Түркия еліне барады

  • Фестиваль

Ақтөбе қалалық мәдениет үйінің «Атамекен-Асылым» халықтық ансамблі Алматы қаласында өткен «Өмірлері өнермен өрнектелген» атты халықаралық фестивальдің бас жүлдесін жеңіп алды. Жеңімпаз ансамбль қазан айында Түркия елінің Анталия қаласында өтетін халықаралық байқауға қатысуға мүмкіндік беретін жолдамаға ие болды.

Сүйінші хабарды бізге осы ансамбльдің көркемдік жетекшісі Қарагөз Сағынова хабарлады.

— Байқауға Қазақстанның әр өңірінен келген өнер ұжымдары қатысты. Біздер 12 адам болып бардық. Төрт дауыста халық әні «Қалқатайдың дауысын», үш дауыста Шәмші Қалдаяқовтың «Ақсұңқарым» әнін орындадық. Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған Досым Сүлеевтің «Алматы түні» әнін көрермен ерекше қабылдады. Осылайша біздің ансамбль бас жүлдені жеңіп алды. Сонымен бірге әрқайсымызға «Ұлт абыройы» төсбелгісі табысталды. Жалпы түрлі жанр бойынша осы байқауда 6 бас жүлдеге, 4 бірінші орынға біздің ұжым ие болды, — дейді Қарагөз Сағынова.

Кеше Алматы пойызынан түскен өнер ұжымын қалалық мәдениет үйінің қызметкерлері күтіп алды. Біз де теміржол вокзалы маңында жеңімпаздармен әңгімелестік. Ансамбль мүшелерінің кейбірі жеке дауыста ән айтып, әр өңірден келген ән орындаушылар арасында топ жарды. Кенжебай Ережепов бас жүлде, ал Қабақ Науанов пен Бекболат Шаймановтар бірінші орынға ие болды.

— Мен негізі теміржолшымын. Тепловоз шаруашылығынан зейнетке шықтым. Сыр елінде, Аралда туғанмын. Еңбек жолымның көп бөлігі, саналы ғұмырым Маңғыстау, Атырау облыстарында өтті. Ақтөбеге көшіп келгеніме көп бола қойған жоқ. Аздап «әу» дейтініміз бар, домбыра тартамыз. Өнердің арқасында осы ансамбльге қосылып, ән айтып, ел көріп жүрген жайымыз бар. Көркемдік жетекшіміз Қарагөз Сағынованың жетекшілігімен, концертмейстер-баяншы Тұрлан Бүркішев інімнің сүйемелдеуімен концерттерге күні бұрын дайындаламыз, — дейді Кенжебай Ережепов.

Осы фестивальдың қолөнер жанры бойынша ансамбль мүшесі Мария Елданова жеңімпаз атанды. Ол көрме-байқауға тоқылған маусымдық киімдер — спорттық үлгідегі сәндік костюмдер, әжелер бас киімін ұсыныпты.

Ансамбль мүшелерінің бірі Жанар Жұбатқанова фестивальда киген көздің жауын алатын ұлттық киімдері көпшіліктің көңілінен шыққанын, қалалық әкімдіктің қолдауымен, «Қазхром» кәсіпорны демеушілігімен тіктіргендерін айтты.

— Осындай байқауға қатысуымызға жағдай жасап, сенім білдіріп, қолдаған қалалық әкімдікке, қала әкімінің орынбасары Айбек Көпеновке және қалалық мәдениет үйі басшыларына ұжым атынан алғыс айтамын. Алдағы уақытта да біздің ұжымды қолдайды деп сенеміз. Біздің жеңісіміз — елдің мерейі, — дейді Жанар Жұбатқанова.

Байқаудан көтеріңкі көңіл күймен оралған ансамбль мүшелері енді Түркияда өтетін халықаралық байқауға дайындыққа кіріседі.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button