Басты жаңалықтарМәселе

Тұқымға тәуелділіктен қашан құтыламыз?

«Біздің елде егін шығымдылығы әлемдік деңгейден әлдеқайда артта. Импорттық тұқымға тәуелділік жоғары. Тәжірибелік шаруашылықтар негізінде бастапқы өндірісті дамыту, агроғылымды жан-жақты ынталандыру қажет».
                                                                                                         Қасым-Жомарт Тоқаев,
                                                                         Қазақстан Республикасының Президенті.

Мемлекет басшысы үкіметтің кеңейтілген отырысында өзекті мәселелерді ашық айтқан болатын. Ел экономикасын көтеруде салғырттық танытқан немесе нәтижесіз жұмыстарға жол берген  министрлерді бір «сілкіп» алды. Соның бірі Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты біраз сын-ескертпелер айтылып, жағдайды дұрыстауға уақыт берді.

Президенттің бұлай қатаңдық танытуы тегіннен тегін емес. Қазіргі азық-түлік бағасының тұрақсыздығы мемлекет басшысын қатты алаңдатып отыр.
Бүгінгі күні тұқымды сырттан сатып алуға мәжбүрміз. Мамандардың сөзіне сенсек тұқымға деген тәуелділік 70 пайызға жетіпті.  Қазір жоғары элиталы тұқымды өсіріп, сақтаудан гөрі шетелден дайынды сатып алуға көштік. Бірақ бұл тәуекел деп тас жұтумен бірдей. Тұқымның қоры өзімізде жасақталуы тиіс. Екі жыл бұрын әлемдік індет шекараны тарс жапты. Тұқымды сырттан сатып алуды үйренгенімізбен биыл болып жатқан көрші мемлекеттердегі соғыстың салқыны етек-жеңімізді жинау керектігін ескерткендей. Өйтпегенде ше… Сырттан әкелінген тұқым сыртқа кеткен ақша. Импорттық тауарлар ішкі нарыққа тәуелді емес. Сондықтан да жергілікті шаруалар тұқымды қымбатқа сатып алады екен. Ал облысымыздағы Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы өңірді түгел қамти алмайды. Себебі қаржылай қолдау жоқ.

 

Тәжірибе стансасы қалай тозды?

Кезінде облыс түгілі республикаға аты шығып, қай жағынан да гүрілдеп тұрған Ақтөбе ауылшаруашылығы тәжірибе стансасы өзгелер алға жүрсе, керісінше артқа кетіп отырған. 1998 жылдан бастап іргесі сөгіле бастаған тәжірибе стансада қазір «аша тұяқ» қалмаған. Тек жоғары сұрыпты арпа, бидай тұқымын сақтаумен ғана айналысып келеді. Тұқым түрлерін шығарып, ғылыми-тәжірибе жасап өндіріске енгізетін орталық бірнеше жылдан бері қараусыз қалған. Материалдық-техникалық базасы ескіріп, кадрлары «қартайып» кеткен.
Бүгінгі күні Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығына қарайды. Бұрын Ғылым және білім министрлігіне бағынды, кейін Ауыл шаруашылығы министрлігіне өтті. Алайда ештеңе өзгерген жоқ. Тәжірибеде ғылым мәселелері жарты жолда қалды. Тәжірибе стансалары халықаралық гранттарға қатыса алмайды, өйткені ғылыми бағытта жұмыс істеуге арналған тәжірибе стансаның құқықтық мәртебесі сай келмейді.
Жыл сайын бөлінетін қаражат мардымсыз.  Ал облыс оған өздігінен қаражат бөле алмайды. Қазіргі таңда тәжірибе станса Жәңгірхан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің сенімгерлік басқаруында. Қаражаттың тапшылығынан бірді екі ете алмай жүрген тәжірибе орталығына жас мамандар да жоламайды екен. Облыста өгейдің халін кешкен тәжірибе стансасының бас ғимараты кеңес заманын еске түсіреді.   1958 жылы салынған екі қабатты ғимарат содан бері жөндеу көрмеген. Шатыры түгіл, есік-терезелері де толық жаңармаған. Ал оған дәл қарама-қарсы бетте жаңа мәдениет үйі тұр. Екі ғимарат екі заманның көрінісі іспетті. Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасының кезінде аты шыққаны сонша, ауылға Кеңес Нокиннің есімі берілсе де осы кезге дейін тұрғындар «Опытный» деп атайды.
Тәжірибе стансасында жоғары білімді де білікті мамандар жұмыс жасады. Облыстағы асыл тұқымды саналатын Мұғалжар жылқысы да осы станса ғалымдарының (С.С Рзабаев, Т.С. Рзабаев) жемісі болатын. Қазір қаражаттың тапшылығынан маман даярлау өзекті мәселе болып тұр. Тіпті тәжірибе стансасының қызметкерлері 6 айдан бері жалақыларын толық ала алмаған. Бүгінде орталықта 61 жұмысшы бар.
Тәжірибе стансасы жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мұрат Қалмағамбетовтың айтуынша, жоғары білікті маман – агроном, бас инженер қажет.
Бұрын тәжірибе стансасы 2011 жылға дейін жоғары сұрыпты тұқымды көбейткені үшін мемлекеттен дотация алып отырған. Сол жылдан бастап дотация беру тоқтатылды. Оның үстіне үкіметке, басқа да мекемелерге қомақты қарызы бар. Бір сөзбен айтқанда «өз қотырын өзі әрең қасып отырған» тәжірибе стансасы қаржылай көмекке мұқтаж. Барлық жұмысшылардың жалпы үлесінен – жастар небәрі 5-ақ пайызды құрайды. Қызметкерлердің жалақысы да мардымсыз.
Бұл жерге жастарды әкелу үшін бірінші оларға әлеуметтік көмек жасалуы керек. Ауыл шаруашылығы саласында іскер жігіттер, білікті мамандар бар. Бірақ олар көлеңкеде қалып жатыр. Ғалымдар да жеке шаруашылықтарға қызмет етеді. Әрине, мемлекет тарапынан қаржылай қолдау, мәртебе берілмегенсін оларды да түсінуге болады. Мен тәжірибе стансасына ақпан айында келдім. Бұл жердің жүгі жеңіл еместігін сезіндім. Алдымен жұмысшылардың жалақысын шешу керек болды. Қазір біртіндеп жағдай түзеліп келеді. Орталықтың материалдық-техникалық базасын нығайту керек. Шетелдік озат тәжірибелерді енгізіп, өндірісті күшейту басты жоспарымыз. Алайда бәріне қаражат қолбайлау болып отыр, — дейді «Ақтөбе облыстық  ауылшаруашылық тәжірибе стансасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  бас директоры М.Қалмағамбетов.
Оның айтуынша, мұнда жылдық шығынды жауып, жұмысшылардың жалақысын айырғаннан басқа ешқандай жаңашылдық жоқ.
Ғылыммен, өндіріспен айналысуға тағы қаражат керек.

 

Үміт бар ма?

Тәжірибе стансасында асыл тұқымды дақылдардың сапалық қасиетін сақтап қалу үшін 4 жыл керек. Ал ғылыми жұмыстарға 5 жыл уақыт кетеді. Олар өз учаскелерінде тәжірибе жүргізеді. Сол үшін сақтандыру қорына үкімет тарапынан ақша берілетін. Қазір оның бірі де жоқ. Шаруашылықтың ақсап тұрған жері де осы. Бірақ соған қарамастан  облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы қанша тұқымның бар екенін, оларды сақтау, көбейту жөнінде жұмыстарды талап етеді.
Қазіргі таңда тәжірибе стансасының алдында шешімін күткен 4 мәселе тұр.
Ең бірінші өндірістік науқанға қалай дайындалады? Қаражат көзі қалай табылады? Одан кейін мамандар мәселесі. Тұқым себілетін егіс алқабының жағдайы мәселенің алғашы үштігіне кіріп отыр. Ал осы жұмыстарды жүргізу үшін ауыл шаруашылығы техникаларымен толық қамтылуы тиіс.
Тәжірибе стансасына қарасты жерлер жеткілікті болғанымен құнарлылығы ойдағыдай емес. Жердің бонитеті 27 баллды құрайды. Көбі тасты, құмды болып келеді екен. Шаруашылықтың жерін Мәртөк, Әйтеке би, Қарғалы аудандарымен салыстыруға келмейді. Аталмыш аудандарда жердің  балл бонитеті 50-80 аралығында. Демек тұқым мен астықтың өнімі жерге де байланысты. Бүгінгі күні тәжірибе стансасы мақсары егуді ұлғайтып келеді. Өйткені мақсары құрғақшылыққа төзімді.  Биыл 640 гектар жерге мақсары, 460 гектар жерге судан шөбі және 200 гектар жерге тары егілген.


Тарихқа көз жүгіртсек, Қазақстанда тұқымдық астық мәселесі болмаған. Шаруа қожалықтарын  ауылшаруашылық дақылдарының аудандастырылған сорттарымен қамтамасыз ету мақсатында оригинатор мәртебесіне ие тәжірибе стансалары құрылды. Селекционерлер  жаңа сорттарын шаруашылықтарға сату үшін элиталық шаруашылықтарға ұсына алады. Бірақ соңғы жылдары Ресеймен шектесетін ірі тұқым шаруашылықтары астықты сырттан сатып алғанды ​​жөн санайды.
Тұқым өсіру процесі тоғыз жылға созылатынын ескерсек, шығынды жабу үшін тұқымды тауарлық астықтан 2-3 есе қымбат бағаға сату керек. Тәжірибе стансалары тұқымды  тауарлық астықтың бағасымен беруге мәжбүр. Осыдан соң олар зор шығынға ұшырайды. Тұқым шаруашылығы көлеңкелі нарыққа өтті. Тұқымдар шетелден әкелінеді. Бізге бұл процесте ашықтық қажет. Мұндай тәсілдің қауіптілігі қандай? Астық партиясының сапасы дұрыс болмауы мүмкін, содан кейін диқандар зардап шегеді, өнім төмен болады.
Жаңа сорттарды өндіруге қаражаттық қолдау немесе мемлекет тарапынан дотация бөлінсе тәжірибе стансасының ісі алға басады. Қазір стансада лайықты ауыл шаруашылығы техникалары жоқ.
Ең бастысы,  біз кадрларды жоғалта бастадық.
Қазір тәжірибе стансасында төрт бөлімнің екеуі ғана бар, тұрақты қаржыландыру жоқ. Біз жаңа сорттар жасап шығардық. Бірақ жағдай жоғарыдағыдай.
Ел өз өнімін өндірмесе, азық-түлік қауіпсіздігінен айырылатыны бұрыннан белгілі. Кенет шекаралар жабылып, бізбен сауда жасаудан бас тартты делік. Бұл жағдайда не істеу керек? Біздің Ақтөбенің астығы қашанда өзінің сапасымен танымал, оның құрамында ақуыз көп, глютені жоғары, — дейді «Элит-агро» қоғамдық қорының директоры Марина Цыганкова.

Енді жоғарыдағы Президенттің сөзіне қайта оралайық. Алда ауылшаруашылық тәжірибе стансасын жақсы жаңалықтар күтіп тұр. Олай дейтініміз, Мемлекет басшысының  тапсырмасымен 2023-2028 жылдарға арналған тұқым шаруашылығы бағдарламасын әзірлеу қолға алынып жатыр екен. Онда бірегей тұқымды егуге және жинауға арналған техника, ауыл шаруашылығы техникасы, зертханалық жабдықтар, суармалы жерлерді 500 гектарға дейін көбейтуді жоспарлау, қоймаларды жаңарту және ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлерінің базалық жалақысын көтеру қамтылмақ. Бұл іске асқан жағдайда тәжірибе стансаларының екінші тынысы ашылады деген сөз.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button