Басты жаңалықтарТарих

Абат-Байтақ — туған өлкенің басты ескерткіші

Қобда ауданының Талдысай ауылынан оңтүстікке қарай, үлкен жолдың қарсы бетіндегі Бесқопа жазығында тұрған Абат-Байтақ қорымы — облыс аумағындағы ең көне әрі халқымыздың сәулет және тас қашау өнерінің ғажап туындылары сақталып қалған, сирек кездесетін, бірегей ескерткіштердің бірі.
Мамандар Абат-Байтақты жай ғана көне қорым емес, халықтық сәулет және тас қашау өнерінің мемориалдық музей-кешені атауына лайық санайды.

 

Бірқатар өлкетанушылардың айтуынша, Ұлы дала көшпелілері үшін бұл — сармат дәуірінен бері келе жатқан киелі қорым, яғни мұнда сол дәуірге тән қорғандар да бар. Ал мұнда сақталып қалған көне кесенені зерттеушілер ХІV-ХV ғасырларға жатқызады. Бұл қорым — осы өлкені зерттеушілер назарына ерте іліккен ескерткіштердің бірі. Орынбордың ең бірінші губернаторы Иван Неплюевтің оң қолы болған патша шенеунігі Петр Рычковтың 1762 жылы шыққан «Орынбор губерниясының топографиясы» еңбегінде бұл қорымды қазақтардың «Астана» деп атайтыны, онда белгілі адамдардың жерленгені, солардың бірін Байтақ деп атайтыны жөнінде дерек қалдырған. ХХ ғасыр басында Абат-Байтақ мавзолейінің графикалық фиксациясы Ж. Кастаньенің «Қырғыз (Қазақ) даласы мен Орынбор өлкесінің көне ескерткіштері» атты еңбегінде жарыққа шыққан. ХХ ғасырдың ортасында сәулетші, КСРО құрылыс және архитектура академиясының корреспондент-мүшесі Малбағар Меңдіқұлов Абат-Байтақ мавзолейіне салыстырмалы-типологиялық талдау әзірлеген. Ал 80-жылдардың басында мұнда Серік Әжіғали жетекшілік еткен экспедиция кешенді зерттеулерді бастады.
Бұл қорымдағы басты ескерткіш — о бастағы биіктігі 16 метр шамасындағы, жоғарыда айтқанымыздай, ХІV-ХV ғасырларға тән көрнекті кесене. Профессор Серік Әжіғалиев кесенені жобалануы жағынан порталды-күмбезді құрылысқа жатқызады. Мұндай кесенелер қазақ даласының басқа аймақтарында да кездеседі. Кесененің күмбезі, қалыңдығы — үш, биіктігі 5 метр болатын порталы біраз қирағанымен, ХХІ ғасыр басына 14,5 метр биіктікте, біршама сақталған қалпында жетті.
Кесенеде кім жерленгені әлі күнге дейін нақты айтылмайды. Кеңестік заманда қазақтың хандары, билеуші әулеттері туралы деректер қатты бұрмаланып, оларды барынша айтпау, жоққа шығару үрдісі орныққаны белгілі. Сондықтан ол кезеңде мұнда Асан Қайғының баласы Абат батыр жерленген деген нұсқа көбірек алға тартылды.
Алайда 2000-жылдардың басында зерттеушілер мавзолей билеуші әулеттің өкіліне арнап тұрғызылған болса керек деген болжамды алға тартты. 2004 жылы жүргізілген қазба жұмыстарының барысында да мұнда төре тұқымы жерленген деген пікір айтылды. Ол қазақ хандарының бірі ме немесе әрірек Алтын Орда дәуіріндегі тұлға ма? Мысалы, бұл кесенеде Жошы ханның баласы, әйгілі Бату ханның бауыры Байтақ жерленген деген нұсқа бар. Болашақта генетика, цитология институттарымен бірлескен жоба әзірлеп, кесенеде жерленген сүйектердің зерттелуі керектігі қазір мамандар тарапынан ұсыныс ретінде айтылып жүр. Біз де бұл ұсыныстың қолдау табуын қалаймыз.
2004-2006 жылдары жүзеге асырылған мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында кесенеге қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Оның құрылысына пайдаланылған тастың құрамы зерттеліп, реставрация жұмыстары барысында сол құрам бойынша тас әзірленіп, қолданылған. Барлық зерттеулердің қорытындысы бойынша 2006 жылы «Абат-Байтақ: қазақ даласының інжу-маржаны» атты жинақ шығарылды.
Қорымдағы тағы бір ерекше ескерткіш — Қыз әулие мазары. Бұл — ежелден құлшылық орыны. Оның қашан тұрғызылғаны, кімнің жерленгені белгісіз. Сол жерге жақын жатқан көне құлпытастардың бірін келушілер Қыз әулие мазарының қасына тікейтіп кеткен. Кейіннен оқыған мамандар оның ер адамға қойылған құлпытас екенін анықтады, яғни басқа зираттан әкелінген болса керек. Бұл кесенені консервациялау жоспарланып отыр.
Жалпы, қорымның қорғауға алынған аймағы 19 га болады, 2013 жылы мұнда шырақшы үйі салынды. 2021 жылы шырақшы үйі мен мавзолейге дейінгі аралыққа тас жол төселді. Сондай-ақ, өткен жылы шырақшы үйі қайта жөнделіп, электр жарығы, су кіргізілді. Ал мавзолейге есік-терезе орнатылды.

Абат-Байтақ қорымындағы ғажап құлпытастар да — ерекше құнды қазына. Халқымыз мыңға жылға жуық уақыт араб қаріптерін пайдаланып келіп, ал өткен ғасырда екі рет әліпби өзгерткені белгілі. Соның салдарынан ХХ ғасыр соңында елсізде мүлгіген бұл қорымдағы көне құлпытастарды оқитын да ұрпақ қалмаған еді. Мұнда кімдердің жатқаны да мүлде ұмытылған…
Алайда кейінгі жылдары мұнда бірқатар араб тілі мамандары болды. 2019 жылы Алматыдағы Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтынан да арнайы мамандар келді. Мұндағы әр құлпытасты тізімдеп алып, олардың мәтіндерін оқыды.
Қазір қорымда ХVІІІ ғасыр мен ХХ ғасырдың басы аралығына жататын 200-ге жуық құлпытас бары анықталып отыр. Негізінен, табын, кете руларының адамдары, соның ішінде өз заманының белгілі тұлғалары да кезігеді. Мысалы, осыдан 200 жыл бұрынғы Жоламан Тіленшіұлының көтерілісіне қатысқан Жаналы Игібайұлы, сондай-ақ Асау батырдың баласы Уәзірдің құлпытастары табылған. Олардан басқа құлпытастағы деректе қажы, мырза, бай деп көрсетілген тұлғалар бар: Бекіш қажы Мұңайтпасұлы (1909 ж.), Мұңайтпас баласы Шекмұхамед мырза (1871 ж.), Аралбай баласы Тотай бай (1850 ж.), т.б. Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері Б.Дүйсенов құлпытастарда шеберлердің де аты-жөні кезігетінін айтқан еді.
Бұл құлпытастар тек дерек көзі ретінде ғана емес, тас қашау өнерінің туындысы ретінде де — өте құнды ескерткіштер. Ең айрықша, өрнекті құлпытастардың бір бөлігін реставрациялау да жоспарланған.
Облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және зерттеу орталығының директоры Фархат Досмұратовтан білгеніміздей, бүгінгі күні Мәдениет және спорт министрлігіне қорымға жаңа статус беруді, яғни халықтық сәулет және тас қашау өнерінің мемориалдық музей-кешені ретінде бекітуді сұрап, ұсыныс жіберілген. Ұсыныс қолдау тапқан жағдайда, жаңа статус Абат-Байтақ қорымын зерттеу, қорғау, сақтау және насихаттау бағытындағы жұмыстарға серпін бермек.
Зерттеушілерді осы орайда тағы екі мәселе толғандырып отырғанын айта кеткіміз келеді: біріншісі — осы қорымдағы бүгінге дейін оқылған эпитафиялық мәтіндердің жинақталып, жарыққа шығуы. Көптеген түркі елдерінде, сондай-ақ өз еліміздің кейбір өңірлерінде де көне қорымдар, құлпытастар оқылып, том-том кітапқа айналып, көпшілікке, ғылыми ортаға ұсынылды. Қазақтың ескі қорымдарындағы әр құлпытастың жазуы тарихымыздың бір-бір парағы сынды екенін ескерсек, әрине, бұл жоба халқымыздың тарихын қалыңдата түсетін аса құнды еңбек болар еді. Оны асыға күтушілер де көп. Бүгінге дейін мұндағы құлпытастардағы деректерді профессор Серік Әжіғали, филология ғылымдарының кандидаты Серікбай Қосан, ескерткіштанушы Нұрлан Құлбай, араб тілінің маманы Бағдар Дүйсенов, т.б. оқыды.
Екіншіден, кешен аумағындағы әр дәуірге жататын ескерткіштермен қатар, оның айналасында ортағасырлық қала орыны бар екені де айтылады. Әрине, бұл үлкен зерттеулер, соның ішінде қазба жұмыстары арқылы ғана анықталмақ. Батыс өңір көшпелі халықтардың, яғни ата-бабалардың, негізінен, жазғы жайлауы болғандықтан, мұнда ортағасырлық қалалардың, қоныстардың аз болғаны белгілі. Сондықтан қала орыны табылып жатса, ол үлкен жаңалық болатыны сөзсіз.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button