Пікір

Нақты нәтижелерге қол жеткізу

  • Ұсыныс, пікір, талқылау 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел дамуының өзекті мәселелері көтерілді. Соның ішінде қазақстандық тауарлардың сауда орындарына кедергісіз шығарылуын қамтамасыз ету — өте маңызды мәселе. Президент қазіргі күрделі ахуалда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тоқтала отырып, сала жұмысын жандандырып, инвестиция тартуына жол ашу үшін шаруа қожалықтарына ірі сауда желілерімен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік жасауды тапсырды.

Сонымен қатар өнімге қосылатын баға нақты белгіленуге тиіс. Ал арадағы делдалдар саны азаюы керек. Президент ол үшін ең алдымен жедел түрде тиісті заңнамалық шаралар қабылдаудың маңыздылығын айтып, Үкіметке «Атамекен» палатасымен бірлесіп «Қазақстанда жасалған» (Made in KZ) жалпыұлттық жобаны бастау үшін ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Әрине, бұл жаңа жоба деп айтуға келмес, бірақ қазіргі геосаяси жағдайда қайта серпіліс беру қажеттігін туындатып отыр.

Кеңейтілген отырыста көтерілген келесі мәселе экономиканы әртараптандыру саясатының өңірлерде баяу жүзеге асырылуына байланысты болды. Мемлекет басшысы жұрттың бәріне мұнай-газ саласынан жұмыс тауып беру мүмкін емес екенін, мұны ашық айту керектігін еске салды. Сондай-ақ халық санының артуына орай тұрақты жұмыс орындарының ашылуы керек екенін, бірақ Маңғыстау облысында осы мәселе ескерілмегенін айтты. Жөнсіз жүргізілген көші-қон саясатының кесірінен өңірде күрделі ахуал қалыптасқан. Тұрғындар саны көбейген, бірақ әлеуметтік инфрақұрылым салынбаған, жұмыс орындары ашылмаған. Соның салдарынан тұрғындардың тұрмыс сапасы төмендеп кеткен.

Жаңаөзендегі кен орындары сарқылып бара жатыр, соңғы 15 жылда осы өңірде мұнай өндіру 30 пайызға азайыпты. Жұмысшылар саны 50 пайызға, еңбекақы төлеу қоры 10 есеге артқан.

Президент Үкіметке ішкі экономикалық ресурстарды жұмылдыратын жаңа тәсілдер әзірлеуді жүктей отырып, халықты өзге аймақтарға көшіру бағдарламасын түбегейлі қайта қарауды тапсырды.

Бұл отырыста сындарлы да өзекті мәселелерге баса көңіл бөлу арқылы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық қазақстандықтың, әсіресе өңір тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту және өмір сүру сапасын арттыруға жете көңіл бөліне беретінін білдірді. Қазақстанда реформалар «реформа жүргізілуде» деген атақ үшін емес, жұрт «көзбен көріп, қолымен ұстай алатын» нақты нәтижелерге қол жеткізуге тиіс екені айтылып келеді. Демек, Жаңа Қазақстанның ұстанымы да осындай болмақ.

Нұрлыхан ХАСЕНОВ,
саясаттанушы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button