АуылБасты жаңалықтар

Шілдедегі шаруалар

Биыл ырғыздық шаруалар қысқы мал азығын жинауға ерте кірісті. Соның арқасында бүгінге дейін шаруашылықтар 50 мың тоннаға жуық шөп дайындаған. Қазір шөп шабу науқаны қызу жүріп жатыр.    

Ортақ мәселе малшының жоқтығы

Аудандық  кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Есет Молыбаевтың айтуынша, биыл аудан бойынша қысқа 41 000 ірі қара, 102 500 қой-ешкі, 12 900 жылқы, 1080 түйе түседі деп жоспарланып отыр.

— Бүгінде аудандағы шаруалар қысқы мал азығын жинау үшін күндіз-түні еңбектеніп жатыр. Биыл аудан бойынша 197 800 тонна мал азығын дайындауға тапсырма берілген. 1 шілдеге дейін осы көлемнің 49 338 тоннасы немесе 24,9 пайызы дайындалды. Дайындалған шөптің 17 811 тоннасы тасып алынды. Оның ішінде тасылған шөптің 9 262 тоннасы мал қыстақтарына, 8 549 тоннасы тұрғындардың ауласына түсірілді. Биыл мал азығын дайындауға 45 ауылшаруашылық құрылымы қатысып отыр, — дейді Е.Молыбаев.

Аудандағы «Мансұр» шаруа қожалығы — қазір қысқы мал азығын дайындап жатқан шаруашылықтың бірі. Өкінішке қарай, шаруашылықтың өз шабындық жері жоқ екен.

Шаруашылық басшысы Ғанибет Жұбаниязов қазір туысымен бірлесіп, аудан аумағында шөп шауып жатқанын айтады.

— Өз қожалығымызда шабындық жер жоқ. Сондықтан туысыммен бірлесіп, қысқа мал азығын дайындап жатырмыз. Өзімізде қажетті техникалар — екі трактор, косилка, шөп жинайтын пресс бар. Биыл шығымы жақсы. Шаруашылықтар бар мүмкіндікті пайдаланып, шөп жинап алса жақсы болар еді. Тұрғындар да қыста еш қиналмайтын болады. Былтыр шөптің шығымы аз болып, бірқатар қиындық көрген қожалықтар болды. Өткен жылы бір бума шөптің бағасы 5-6 мың теңге болды. Биыл да осы баға сақталуы керек,  — дейді ол.

Оның айтуынша, бүгінде қожалықта 4 адам жұмыс істейді. Шаруашылықтың базында су да, жарық та бар.

Былтыр шаруа «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы 6 пайызбен 7 жылға 7 млн теңге несие алып, мал шаруашылығын дамытуға күш салған. Қазір қожалықта 60-70 бас сиыр, 80 жылқы бар. Алдағы уақытта шаруа қожылығының басшысы ет бағытындағы ірі қара санын көбейтуді жоспарлап отыр.

— Қазір аудандағы шаруаларға ортақ мәселе — малшының жоқтығы. Ешкім мал бағып, еңбектенгісі келмейді. Малшы іздеп жатырмыз. Отбасымен келіп, жұмыс істейтіндер болса, нұр үстіне нұр болар еді. Ай сайын жалақысын төлейміз. Малшы болмаған соң, қазір базға отбасымызбен қатынап шаруашылық жұмысын жүргізіп келеміз, — дейді   Ғанибет Жұбаниязов.

Биыл ауданда жылқы малына 20 мың, сиырға 30 мың теңгеден субсидия берілді. Басқа шаруашылықтар сияқты «Мансұр» шаруа қожалығы да субсидия алған. Алдағы уақытта шаруашылық мал басын көбейтсе, мемлекет тарапынан биылғыдан да зор қолдау көретініне сенімді.

— Субсидия біздің біраз шығынымызды жапты. Мемлекет тарапынан мал басына жыл сайын субсидия төленіп тұрса, төрт түлікті түлетіп жатқандарға үлкен қолдау болар еді, — дейді шаруа.

Асылжанның қожалығы

Аудандағы «Шах-наз» шаруа қожалығы ірі қара және қой өсірумен айналысады. 2015 жылы құрылған қожалық алғаш рет «Даму» қоры арқылы 6 млн теңге несие алған.

Қожалық басшысы Асылжан Қырымгерей шаруашылықты кеңейту үшін «Ырғыз» КС» ЖШС-нан 2019 жылы 20 млн теңге, өткен жылы 18,5 млн теңге несие алыпты. Бүгінде қожалықта 400 ірі қара, 500 қой бар. Сондай-ақ шаруа шөп шабуға, мал тасуға қажетті он шақты техника да сатып алған.

Қожалығымыз Қалыбай ауылының маңындағы Қызылқұдық деген жерде орналасқан. 3500 гектар жеріміз бар. Жыл сайын малымызға өзіміз шөп шауып аламыз. Қазір шөп шабу науқаны қызып жатыр. Биыл шөптің шығымы жақсы, — дейді қожалық басшысы.

Асылжанның айтуынша, бүгінде шаруашылықтағы басты мәселе — жарықтың жоқтығы. Соның салдарынан қожалық сүт өнімдерін өндіре алмай отыр. Сондай-ақ мал бордақылау алаңын ашу үшін де электр желісін жүргізу керек.

Біз қожалықта сүт өнімдерін өндіргіміз келеді. Алайда базда жарық жоқ. Қожалығымыз Ақтөбе қаласынан 300 шақырым қашықтықта орналасқан. Қалаға өнімдерімізді жеткізу үшін көп уақыт керек, жаз айларында сүт өнімдері ашып кетеді. Жалпы шаруашылық жайы жаман емес, жыл сайын мемлекеттен малға да, техникаға да, шөпке де субсидия аламыз. Қазір шаруашылықты дамыту үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз,  — дейді ол.

Асылжан Қырымгерейдің қожалықтан басқа Ырғыз ауылында азық-түлік дүкені де бар. Мұнда азық-түліктің түр-түрі сатылады. Кәсіпкер көкөніс, жеміс-жидекті Түркістан облысынан, ұнды Қостанайдан, басқа өнімдерді Ақтөбеден тасиды. Дүкендегі азық-түліктің бағасы басқаларға қарағанда 5-10 пайызға арзан.

Болашақта жол бойынан кемпинг салуды жоспарлап отырмын. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін сататын дүкен ашқым келеді. Шаруашылықты дамытып, ірі қара санын көбейтсем дейін. Әзірге барлық жұмысты отбасымызбен жұмылып жасап жатырмыз. Қазір мал бағып, шаруа істегісі келетіндер аз, — дейді Асылжан.

Ауданда мал да бағып, дүкен де ашып, екі саланы қатар алып жүрген жас кәсіпкердің ісі  — ауыл жастарына үлгі.

Ырғызда кілем жуу орталығы ашылады

Ырғыз ауылының тұрғыны Кенжегүл Жұмырова былтырдан бастап кілем жуу ісін қолға алған. Жуырда жеке кәсіпкер кілем жуу орталығын ашпақ.

Кенжегүл Жұмырованың негізгі мамандығы — есепші. Алайда он жылға жуық бұл салада жұмыс жасамаған, үй шаруасында болыпты. 2019 жылы ол «Бизнес Бастау» арқылы оқу курсынан өткен. Өз жобасын ұсынып, 505 мың теңге грант ұтып алыпты. Осыдан кейін ол үйден жұмсақ жиһаздар мен автокөлік салондарын жууды қолға алған.

Үйде отыра бермей, жеке кәсіппен айналысуды жөн көрдім. Содан ұтып алған грантыма қажетті құралдар сатып алдым. Үйден жұмсақ жиһаздар жуып бастадым. Кейін осы кәсіпті кеңейтіп, дамытқым келді. Сөйтіп өткен жылы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жобасына қатысып, 3,5 миллион теңге грант жеңіп алдым.

Осы қаржыға кілем жууға арналған құрылғылар сатып алуға тапсырыс бердім. Атап айтсам, кілем жуатын арнайы щетка, «центрифуга» аталатын кілемді сығуға арналған аппарат, сондай-ақ жуылған кілемді кептіретін құрылғы. Бұл құрылғыларды алматылық  «Ордачай» жеке серіктестігі шығарады екен. Бағасы да қолжетімді, әрі отандық өнім, — дейді ол.

Кәсіпкер биыл күзге дейін өз ауласынан кілем жуу орталығын ашуды жоспарлап отыр. Қазір ауласындағы гаражды жөндеп, оған су, жылу құбырларын жүргізіп жатыр. Ал әзірге кілемдерді де, жұмсақ жиһаздарды да ауласында жуып, тұрғындарға үзіліссіз қызмет етіп келеді.

— Бізде кілемдерді, жиһаздарды жеткізу қызметі тегін. Ал кілемнің әр шаршы метрін жуу 400 теңгеден басталады. Кресло жуу 2000-2500, автокөліктің салонын жуу 6000 мың теңге тұрады.

Тұрғындар тарапынан осы күнге дейін ешқандай шағым болған жоқ. Қазіргі таңда Ырғыз ауданының Жаныс би, Шеңбертал, Құрылыс, Қалыбай ауылдарынан, Әйтеке би ауданының Аралтоғай, Ұлғайсын, Көрпе елді мекендерінен келіп, біздің қызметімізге жүгінетіндер көп. Кей жағдайда тапсырыс көп болса, жолдасым екеуміз сол ауылдарға барып та қызмет көрсетеміз, — дейді кәсіпкер.

Кенжегүл Жұмырованың жолдасы Жеңісбек мектепте тарих пәнінен сабақ береді. Жаз айларында ол кілемдерді, жиһаздарды жинауға, жеткізуге көмектеседі екен.

Алдағы уақытта орталық ашылған соң екі-үш адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз. Жаз айларында күйеуім, балаларым көмектеседі.  Қазір аудан орталығында кілем жуумен айналысатын бізден басқа екі кәсіпкерлік нысаны бар. Дегенмен болашақта орталық ашылған соң тұтынушылар саны көбейеді деп сенеміз, дейді Кенжегүл Жұмырова.

Оның айтуынша, екі-үш жылдан бері ауданда жаз айларында су мәселесі өзекті болып отыр. Соның салдарынан жыл сайын маусым айынан бастап аудан орталығында су түске дейін екі, түстен кейін екі сағат беріледі. Кәсіпкер су тапшылығы мәселесі біраз қиындық тудырып отырғанын айтады.

Су жинайтын бөшке, басқа да арнайы ыдыстарымыз бар. Соларға құйып аламыз. Дегенмен ағып тұрған мол суға не жетсін?! Қазір үзіліссіз еңбек етіп жатырмыз. Жақында сондай-ақ 3,5 миллион теңге несие алып, сол қаржыға кілем жууға қажетті арнайы ұнтақтар, қажетті құралдар сатып алдым. Жалпы қазір мемлекет тарапынан жеке кәсіп ашуға ниетті адамға көрсетілетін қолдау көп, — дейді ол.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button